Қазақ әліпбиін құрастырушылар Назарбаевқа қазақстандықтардың «W» әрпіне қарсы екенін айтты

Жаңа латын әліпбиін құрастырушылар жаңа жобада неліктен диаграф пен «W» әрпінен бас тартқандарын түсіндіріп берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Қоғамдық пікір жайлы айтатын болсақ, пікір қалдырушылардың 85-90 пайызы және мамандардың барлығы дерлік «W» әрпіне қарсы болды. Президентпен өткен кездесуде бұл туралы айтылды. Министр де адамдардың 90 пайызының бұған қарсы болғанын айтып өтті. Мұнда қоғамдық пікірді ескердік», — деді Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі барысында.

Сондай-ақ, ол жаңа жобада қоғамның пікірі назарға алынып, диаграф жүйесінің апострофтарға ауыстырылғанын айтты. «Біз бір дыбыс — бір әріп етіп жазуды үйренгенбіз. Екі әріп пен бір дыбыс қоғам үшін жат, үйреншікті емес болды. Сондықтан басым бөлігі қарсы болды. Әліпбидің құрастырудың негізі үш әдісі бар — умлаут жүйесі, апостроф арқылы және диграф арқылы. Диаграф жүйесі болмайтын болды, сондықтан апострофқа көштік», — деді Ербол Тілешов.

Еске сала кетейік, осыған дейін Назарбаевқа жаңа латын әліпбиі көрсетілген болатын. «Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді», — деген еді Президент.

tengrinews.kz

Көрудің саны: 10  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру