ҚАЗАҚ ШЕКАРАСЫН АЛАШ АРЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАДЫ?

Биыл Алаш партиясы мен Алаш Орданың құрылғанына 100 жыл толып отыр. 1917 жылы Ресейдегі қазан төңкерісінен кейін көздері ашық, көкіректері ояу, саяси ортада жүріп ұлттың келешегіне қам жеген Әлихан Бөкейханов бастаған Алаштың арыстары тәуелсіз қазақ мемлекетін құруға белсене кірісті. Лениннің «бұрынғы Патшалық Ресей империясының бұғауында болған халық, өз алдарына жеке мемлекет болуларына және автономиялық Рес­публика болып Кеңестер Одағының құрамында қалуға, кейіннен Одақтан шығуларына да құқылы» деген идеясын қазақ зиялылары 1917-1920 жылдары орталықпен ымырашылдық негізінде Алаш үкіметін құруға күш салды. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Х.Ғаббасов, Жүсіпбек Аймауытовтар болды. Алаш партиясы атынан үкімет басшылығына Ә.Бөкейханов және Ә.Ермеков үміткер болды.  Кезінде жариялануға тыйым салынған Сұл­танмахмұт Торайғыровтың «Алаш»­­ де­­­­ген поэмасында Алаш партия­сына және оның көсемдеріне оның ішінде Ә.Ермековке жан-жақты сипаттама берген. Алаш орда үкіметіне Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков басшылық жасады. «Алаш» партиясының өкілдері Сібір және Түркістан автономиясы Қазақ-Қырғыз автономиясы, милиция, ұлттық кеңес, оқу-ағарту ісі, қазынашылық, сот, ауыл әкімдігі сияқты мәселелерді көтерген. Ал, «Алаш Орда» үкіметі Совнаркоммен байланыс орнатып, келіссөздер жүргізген. «Абай» журналының редакторы Жүсіпбек Аймауытов келіссөзді жариялаған.

«Қуаныш құтты болсын! Журналымыз басылып қойылғаннан кейін мынандай қуанышты хабар алып, теңдікке, билікке сусаған алаштың ауылынан қуантқалы журналдың тысына осы хабарды асығып басып отырмыз. 20 март (ескіше) Мәскеудегі Совет өкіметінің басшысы Ленин мен Народный Комиссар Сталиннен Ә.Бөкейханов пен Х.Габбасовтың атына телеграмма келді. «Әр халықтың өз билігін өзіне береміз» деп шешкен закон жарлығымыз әлі сол қалпында. Айтқанымыз – айтқан. Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпы қазақ съезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз. Жалғыз-ақ Совет өкіметін таныңыздар. Енді біздің билік береміз деген сөзімізді іске асыру керек. Ол жердегі тұрған әкімшілікпен бірігіп съезд шақырып автономияны жария қылу жолында болатын комиссия жасаңыздар. Қазақ қамқорлары тезінен комиссиясын жасап, автономиясын жария қылуға асығар деп білеміз. Ендігі бір ниет, бір тілектегі адамдармен ауылдасып, байлаған сөздеріңді білдіріңіз» — деп Ленин, Сталин қол қойған. Қазақ Автономиялық Республикасы 1920 жылы қазан айында жарияланды. Оның алдында қазақ жерінің шет-шегін тұңғыш рет белгілеу үшін Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов Ленинге, бірде Сталинге кіре жүріп, 1920 жылдың 24 тамыз күні Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясын бекіттірген. Осы туралы Әлімхан Әбеуұлы Ермеков өз естелігінде былай деп жазған: «Мәскеудегі бір ай жұмыс мерзімімде Кирвоенревком мүшелерімен үнемі байланыс жасастым. Автономиялық Республика құрлымымен оның шекарасын белгілеу туралы комитеттен нұсқаулар алдым. В.И.Лениннің басшылығымен өткен отырыста Қазақстанның орналасуы туралы баяндама жасадым. Маған дейін түрік республикасының орналасуы туралы Туркомиссия мүшесі Сафаров ақпарат берді. Ол жер мәселесі жөніндегі реформаны жүзеге асыруды талап етті…».

1920 жылдың тамызы қазақ халқы үшін шын мәніндегі тарихи ай болды. Осы айдың 17 жұлдызында В.И.Лениннің төрағалығымен өткен Совнарком жиынында бірінші рет Автономиялық қырғыз Совет Республикасы туралы шешім жобасы қаралды.

24 тамызда В.И.Ленин Ав­то­но­миялық Қырғыз ССР туралы құжатқа қол қойды. 1920 жылдың 26 тамызы күні Қырғыз (Қазақ) Автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөніндегі Декрет дүниеге келді.

Бұл айтуға жеңіл болғанмен, қылышынан қан тамған большевик комиссарларына қазақ жерінің шекарасы мен көлемін мойындату Алаш азаматтарына оңай болмаған. Алаш азаматтары Кремльдегі жан беріп, жан алысқан ұзақ тартыстан соң большевик қызыл комиссарлардың көзін түпкі мақсаттарына жеткізгеннен кейін оларды мойындатып, қызыл  пролетариат көсемі қабылданған қаулыға қол қойған. Бұл ежелден тәуелсіз ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысты алқалы мәжілісте болашақта құрылатын қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді.

Тартыс «Қазақ Автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәселеге келгенде қатты ушыққаны белгілі. Бірақ, Алаш арыстары алға қойған мақсатына жеткен. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков сынды ұлт жанашырлары қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шыққан. Сол кезде небары 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында қазақ жерінің шекарасы жайында батыл баяндама жасаған. Ол баяндамасында тарихи деректері мен ата-бабаларының мекені, ықылым замаманнан иелік еткен ата қоныстары Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Каспий аймағы, Самарқанд, Ферғана облысы мен Губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді сұраған. Осы көрсеткен жердің 81 пайызын жан саны 5,5 млн болатын қазақтар пайдаланған. Бұл сол аймақтарда тұратын тұрғындардың 54 пайызы болған. Әлімхан Ермековке замандастарының естелігінде айтылғандай, қазақ халқының ұлт болып қалу жолындағы тағдырының  шешілуі мен шекарасының белгілеуде Совнарком мәжілісінде және Лениннің алдында баяндама жасау Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш арыстарының ортақ сенімі болған. Ол Томскідегі Тау-кен институтын алтын белгімен бітірген қазақтың алғашқы тау-кен инженері, ұлтымыздан шыққан алғашқы математик, профессор, орыс, ағылшын, неміс, француз және шығыс халықтарының тілін жетік меңгерген тұлға. Әлімхан Ермековтың ел, жер тарихын білуі арқасында Ор (ОРСК), Челябь, Қорған-Құланды даласы, Алтай өлкесі, Ташкент қаласы, Шыршық аудандары ерте заманнан-ақ қазақ жері екендігін дәлелдеп, қазақ автономиясына берілуді талап еткен. Тіпті, Ташкент жұртына Төле бидің билік айтқаны, Самарқандта Жалаңтөс баһадүрдің әмір болғаны да сөз болған дейді. Қызу айтыс тартыстан кейін, мәжілісте отырғандар Әлімхан Ермековтің айтқандарына толықтай болмасада қосылатындықтарын білдірген. Бірақ, мұны жеңіс деуге ертерек болған. Өйткені, ендігі кезекте Автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек болған. 1920 жылы 12 тамыз күні Лениннің төрағалығымен өткен мәжілісте Әлімхан Ермеков барын салған. Өйткені ол иісі қазақтың тағдыры шешілетін кез – дәл осы тұс екенін жандүниесімен сезінген және жағдайды жетік білетіндігін һәм шешендігі арқасында Ленинді иландыра білген. Өзінің естелігінде Әлімхан Ермеков «…мәжілісте орнымнан ұшып тұрып, сөз алып, ойымды жеткізумен болдым» деп жазған. Тіпті мәжілісте бетпе-бет келіп, көзбе-көз айтысқаннан кейін Алаш арыстары қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де қазақ еліне қайтарған. Қызыл комиссарлардың қолдауына ие болған Сібір ревкомы 1922 жылға дейін Солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысқан. Олар Қостанай және Челябь облыстарын өз иеліктерінде алып қалуға барын салған. Үлкен айтыс тартыстан кейін Қостанай Қазақстанға Челябь, Сібір ревкомына тиесілі болып шешілген. Әлімхан Әбеуұлы кейін Қазақстанның Алтай шекарасымен Корестеловск даласымен шекара бөлісуде Семей және Ақмола облыстарын Қазақстан құрамына енгізуге қатысқан. Сол жылдың 3 ақпанында Барнауылда КИРЦИК мүшесі Ғ.Тоқжановпен барып айтыс-тартысқа қатысып, нақты тарихи деректермен дәлелдеп, бұл аймақтың қазақ жері екендігін дәлелдеп, Алтай өлкесінің 18 елді мекенін Семей облысының құрамына алып берген. Ә.Ермеков қазақ жерін біртұтас республика құрамына қайта енгізуде маңызды рөл атқарған. Ол халқының патриоты, білгірі. Көршілес елдермен арадағы тартыстан туындаған түсініспеушіліктерде жол таба білетін халық дипломаты болған адам. Қазақ Республикасының территориясын заңдастыруда Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш алыптары қазақ жерінің әр пұшпағына дейін анықтап, ондағы тұрғындармен олардың күн көрісіне дейін нақтылап үлкен «айқасқа» дайындалған. Әлихан Бөкейхановтың кеңесімен бұл тарихи миссияға дайындық және оны баяндау Әлімхан Ермековке жүктеліп, сенім артылған. Ол бұл сенімді ақтап шыққан. Әлімхан Ермеков өз естеліктерінде мемлекетіміздің мүддесі үшін болып жатқан мәжілістерде Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермековтың Лениннің тікелей ықпалында болғандығын келтірген. Тіпті, қызыл комиссарлармен айтыс-тартыста Ахмет Байтұрсынов «Лениннің нұсқауын орындайсыңдар ма, жоқ па?» деген жағдайға да барған. Осындай айтыс-тартысқа толы саяси күрестің нәтижесінде Қазақ Автономиясын құру және оның территориясын белгілеу туралы жұмыс ушығып бара жатқанын сезген Ленин 12,14,18,19 тамыздағы комиссия отырыстарын өзі басқарған. 24 тамызда Ленин «Қаулы дайын, Әлімхан Ермековтың қайта баяндама жасағаны дұрыс, осы бойынша заңдастыру керек» деп шешім шығарады. Осы шешім қабылданып шыққаннан кейінгі сәтті Әлімхан Ермеков өзінің естелігінде былайша жазған: «Өзімнің табысыма масаттанып риза болып шықтым. Ол кезде бар жоғы 29 жаста едім. Біздің делегация да қолымды алып жатты. Қарасам, Бөкейханов жоқ екен. Бәріміз дәлізге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы 15-тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттан кейін ол кісі де шықты. Әлихан Ленинге бекітілген шекараға тездетіп қол қоюға өтініш етіпті. Ленин орындауға уәде беріпті». Сонымен Совнаркомның жалпы отырысында бекітілген территорияны Қазақ Автономиясының территориясы деген шешімге қол қойылып, 26 тамыз күні баспасөзде жарияланған.

Міне, содан бастап бүгінгі Қазақстанның территориясы қа­лып­тасты. Біз тәуелсіз мемлекетпіз, тәуелсіз мемлекеттің шекарасы­ Алаш арыстарының табанды күресі арқасында бекітілді. Өкінішке орай, кешегі кеңестік тоталитарлық әкімшілдік-әміршілдік заманда нақ­тырақ айтқанда, алып империяны Хрущев басқарып тұрған волентеризм саясаты кезінде жеріміздің 15 пайызынан айырылып қалдық. Сонда да болса жер көлемі жағынан дүние жүзінде 9-шы орын алатын қуатты да, жері қазба байлыққа бай елміз. Барға қанағат тұтатын халықпыз. Елбасының салихалы саясатының арқасында қазақ елінің шекарасы нақтыланып, кешегі бабаларымыз бен Алаш арыстары қорғап қалған жеріміз бүгінде халқымыздың игілігіне айналды.

 

Рысбай КӘРІМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Көрудің саны: 161  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру