Біздің мақаң

Оның жаратылыс болмысы өзгелерден бөлек, алғаш көрген адамға оның сөзі мен іс-әрекеті түсініксіз болып көрінуі бек мүмкін. Оны өз ортасынан ерекшелеп тұратын да осы «қызық» жаратылысы. Ол кісінің жаратылысқа, өмірге, айналадағы болып жатқан түрлі құбылыстарға деген көзқарасы мүлдем басқа. Жоқ, дүние танымы таяз емес, керісінше, өте терең. Күнделікті болып жататын, біз мән бере бермейтін нәрседен ол кісі түпкі мән іздейді, соның астарына үңіледі. Мүмкін содан да оны көпшілік түсіне бермейді.
Мен ең алғаш бұл ағаммен 1990 жылы таныстым. Ол кезде мен Аққыр ауылындағы №188 орта мектепте директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қызмет істеймін. Мамыр айы болатын, оқу жылының соңы. Мектеп директоры орынбасарларының семинар-кеңесіне аудандық білім бөліміне келдім. Аудандық білім бөлімінің ғимараты ол кезде М.Шәменов көшесі мен А.Иманов көшесінің қиылысындағы ұзын барақ үйде орналасқан еді. Сағат 10-да басталған жиналысымыз түске дейін созылды. Жиналыстан соң төртпақ келген аққұбаша, жүзі жылы жігіт ағасы менімен бірге шықты. Таныстық, білістік. Бұл – ұстаз-педагог, аймағымызға белгілі спортшы, бапкер, ақын, қолөнер шебері сегіз қырлы, бір сырлы Мақсат Қарақұлов еді. Ол кезде Мақаң Таң ауылындағы №118 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары еді.
Кейін мен қызмет бабымен аудан орталығына түбегейлі қоныс аудардым. Білім, мәдениет саласында қызмет еттім. Бір салада болғасын Мақаңмен қойын-қолтық араласып кеттік. Үлкен шараларды, спорттық ойындарды бірге өткізіп жүрдік. Алғаш танысқанда-ақ, ол кісінің сөзінен, жалпы болмысынан мен бір ерекшелік байқағанмын. Міне, жақын араласа бастағанда мен Мақаңды басқа қырынан да тани бастадым. Бірде жігіттерден Мақаңның өзіне қырық күн аштық жариялағанын естідім.
– Оу, онысы несі, ол кімге наразылығы? – деймін мен әдетте аштық жариялау деген біреуге наразылық, талап ету үшін қолданылатын саяси күрестің бір әдісі екені ойыма түсіп.
– Ой, жоқ, Тұреке, ешкімге де наразы емес, ешкімге қояр талабы да жоқ, — дейді жігіттер күліп.
– Олай болса енді қырық күн ашыққаны несі? — деймін мен таңданып.
– Тұреке, менің ойымша, Мақаң қазір адам ағзасының мүмкіндіктерін зерттеп жүр, адамның қандай қиындықтарға төзетінін дәлелдеп көрмекші-ау, — деді аудандық спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Ержанов.
– Ее, олай болса дұрыс, мұнысы қызық тәжірибе екен,-дедім.
…Осыдан бірталай уақыт бұрын Мақаңмен аудан әкімдігінде бір жиналыста кездесіп қалдық. Жүдеу, жүдегенде де сылынып, сыптай болған. Амандасып, хал-жағдай сұрасып жатырмыз.
– Мақа, денсаулығыңыз жақсы ма, тіпті жүдеп кетіпсіз ғой, — деймін мен оның жүзіне таңырқай қарап.
Көп әңгімелесуге уақыт болмады, жиналыс басталуға таяу еді.
– Тұреке, ашығудың ғажайып күшін сезіндім, кейін әңгімелесерміз, — деді ол күліп, жиналысқа кіріп бара жатып.
Осы уақыттан бастап бүкіл болмысымен ерекшелініп тұратын, іс-әрекеті де әдеттегідей емес, тіпті оның күнделікті тіршілігінің өзі басқаларға тосындау көрінетін осы бір ғажап адамға деген қызығушылығым арта берді. Ол үнемі асығыс жүретін, уақыты есептеулі. «Тұреке, адамның өмірі деген бір жылт еткен сәуле ғана. Алайда, сонысына қарамай бізге Алла Тағала тамаша мүмкіндік берген ғой, тек соның қадірін білмейміз. Босқа өткен уақыттың обалы болады»,-дейді. Сондықтан да ол әрбір сәтті тиімді пайдаланып қалуға тырысатын болса керек, әйтеуір, бірде жарысқа бара жатады, бірде келе жатады. Енді бірде жаттығу залына асығып бара жатқанын көремін, балалардың ортасында жүреді. Бір телефон шалғанымда «Алматыда жүрмін, әрі қарай Астанаға кетемін» деді. Екінші мәрте хабарласқанымда ауылда екен, «үйге келсейші, мен үйдемін» деді.
Мақаң жуырда ғана жаңа үйге кірген екен. Ауласы кең, есіктің алдына киіз үй тігіп қойыпты. Туырлықтың етегін белдеуге түріп қойған, шыбын-шіркей кірмес үшін шүберек тор ұстаған…
Мақан 1958 жылы мамыр айының жиырмасыншы жұлдызында Жалағаш қыстағында дүниеге келген Мақаңның балалық шағы өзінің замандастарынан ешқандай айырмашылығы болған жоқ. Әкесі Жүніс Ұлы Отан соғысына қатысып, елге келгеннен кейін мал шаруашылығында еңбек етті, бақташы болды. Марқұм әкесі еңбекқор еді. Анасы Сарша он алты құрсақ көтереді. Сол он алты құрсақтың оны шақалақ шағында шетінеп, алтауы қалады. Жүніс ақсақал мен Сарша анамыз балаларын қатарынан кем қылмай өсіру үшін күні-түні еңбек етіп, алтауын да оқытып, ел қатарына қосты, өмірлері жеткенінше құтты жеріне қондырды. Қазірде Жүніс ақсақалдың бауырынан өрген алты бала – үлкен бір-бір әулетке айналды. Үлкендері – Махмұт Орал техникумын бітіріп, мұғалім болды. Ақсәулесі диханшылықпен айналысты, батыр ана. Жансәуле медициналық училищені бітіріп, дәрігер болды. Қалдаш пен Рысты ұстаздық жолда жүріп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосты. Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздіктері. Үйдің кенжесі осы Мақаң еді.
Мақаң жеті жасында, 1965 жылы анасынан айырылса, 1967 жылы он жасқа толғанда әкесі қайтыс болды. Балалар үлкен ағасы Махмұттың тәрбиесінде қалды. Махмұт ата-анасының аманатына адалдық танытты. Десе де, әке мен ананың орнын ешкім де баса алмайтыны белгілі, барлығы да өз жағдайларын өзі жасап, ерте есейді. Мақаңның бала кезінде әкесі: «Бір істі өзіңе ұнағанша істе, ол басқаларға да ұнайды», «Ашу үстінде айтатын сөзіңді ертеңге қалдыр», «Адам өзіне өзі жау», «Адамның бірінші жауы – жалқаулық, жалқаулықтың атасы – ұйқы» деп отырады екен, сол өсиеттері есінде қалыпты. Данышпан әке оны текке айтпаты. Әкенің сол өсиеті бүгінде Мақаңның өмірлік ұстанымына айналыпты.
Мақаң бірінші сыныпты №34 орта мектепте бас­таса, 1967 жылы отбасы жұмыс бабымен Таң сов­хозына қоныс аударып, оныншы сыныпты осы ауылдан бітірді. 1975 жылы мектепті жақсы бағамен бітіргенмен, оқуға барудың сәті түспейді. Ол кезде мектепте механизация сабағы өтіп, балалар трактор, комбайн жүргізуге куәлік алып шығады. Сол куәлігімен совхозда комбайншы болды. «Ал, Мақсат, азамат болды деген міне, осы! Сенің де еңбек майданында сыналатын кезің келді, іске сәт!».- деді совхоздың бас инженері Сұлтанбек Алдабергенов бұны комбайн штурвалына отырғызып жатып. Сол жылы жаздай егін жинау науқанында үлкен ағалары, кәнігі комбайншылармен тізе қоса еңбек етті. Күзгі сабантойда жиын-терімнің қорытындысымен өзінің де марапатталғаны есінде.
Желтоқсан айында Қызылорда қаласындағы ДОСААФ-қа келіп, алты ай шоферлік курста оқып, жүргізуші куәлігін алды. Ауылға келген соң совхоз директоры Молдаш Мусаев мұны кадр бөліміне қызметке орналастырды. Бірақ, бұл жерде ұзақ істемеді. Дегенмен, қағаз жазуды үйренді, бұйрықтың қалай жазылатынын білді. Бұл жұмысты үш ай істеп, қараша айында әскерге кетті.
Әскерде Балтық бойындағы Калининград қаласында болды. Бұл ежелгі Кенигсберг, Шығыс Пруссияның қаласы. 1976-1978 жылдар аралығында әскери қызметін өтеді. Бұның бөлімінде латыштар мен беларусьтар көп болды. Бұлар түскен әскери бөлім әуе шабуылынан қорғанысты жүзеге асыратын еді. Екі жыл бойы шағын қашықтыққа ататын зымырандармен жұмыс істеуді үйренді. Әскердегі достардың орны бөлек қой. Өзімен қатар бір кереуетте жатқан рязандық Александр Широков мықты спортшы, балуан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері еді. Сол кездегі мықты футболшылардың бірі Шавломен бірге СССР құрама командасында бірге ойнаған Александр достыққа адал жігіт болатын.
– Макс, қазақ даласын көру арманым еді, мені Қазақстанға қонаққа шақырасың ба?-дейтін…
Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, 1978 жылы желтоқсанда елге оралады. Кеңестік қоғамның тәртібі бойынша әскерден келгесін бос жатуға болмайды, жұмысқа шығу керек. ПМК-17 деген құрылыс мекемесіне жұмысқа кірді. Осындағы комсомол жастар бригадасының құрамында монтаждаушы болды. Осы жылы күзде Қарағандыға оқуға кетті. Әке орнына әке болған Махмұт ағасы бұның алысқа кеткенін қаламай, жоғары оқу орнына жол сілтеді.
Сөйтіп Қарағанды мемлекеттік университетінің биология факультетіне құжаттарын тапсырып, бағын сынап көрмек болды. Бірақ оның сәті түспеді, құжаттары дұрыс болмады. Оныншы сыныпты бітіргендігі жөніндегі аттестатта мектептің мөрі дұрыс басылмай қалыпты. Мөрдегі орта мектептің нөмірі көрінбей қалған. Құжат қабылдап отырған орыс қызы «Аттестатыңыздың мөрі дұрыс түспеген, қабылдай алмаймын»,- деп құжаттарын қайтарып берді. Қызға мән-жайды түсіндіріп көріп еді, болмады. Қабылдау комиссиясының төрағасына барды, одан да ештеңе шықпады. «Болса болар, болмаса менің шапанымды шешіп алып қалмас» деп тура ректордың өзіне кірді. Университет ректоры Евней Букетов бұның аттестатын қолына алып қарап:
– Қарағым, сенің аттестатыңдағы бағаларың жақсы екен, мынадай аттестатпен біздің университетке түсесің. Бірақ, мына мәселені дұрыстау керек. Расында мектептің мөрі дұрыс басылмаған. Сенің қайдан, қай мектептен келіп тұрғаныңды біз білмейміз ғой. Мектептің нөмірі түспей қалған. Енді мен қызметкерлеріме заңсыздыққа барып, дұрыс емес құжатты қабылда деп қалай айтамын. Әлі жассың, айналайын, сен мына құжатыңды дұрыстап, келесі жылы кел, сен оқуға түсесің, — деді.
Енді не істеу керек, оқуға түсе алмай қалдым деп ауылға қайтып бара ма?! Жоқ, осы жақтан бір жұмыс тауып, бір жыл жұмыс істейін, сосын арасында барып, аттестатымды дұрыстап, келесі жылы осы оқуға тапсырамын. Қалай болғанда Қарағандыдан кетпеу керек, деп ойлады ол. Бір күні жергілікті газеттердің бірін қарап отырса «Орталық Қазақстан» газетіне корректор керек» деген хабарландыруды көріп қалды. Жазу-сызудан хабары бар болған соң ең болмаса корректор болуға жарайтын шығармын, осы газетке барып көрейін, дейді. Сөйтіп редакцияда 5-6 бала жеке тыңдаудан өтіп, Мақаң қабылданатын болды. Алайда, редакция қызметкері мұның аттестатын көрді де «мөр дұрыс басылмаған» деп қайтарып береді. Құжатын қайтарып жатып:
– Егер он күн ішінде аттестатыңның мөрін дұрыстап басып келсең, біз сені күтеміз, — деді.
Амал жоқ, ауылға қайтуға тура келді. Бірақ, ауылға қайтқанда он күн ішінде бұл жұмыстарды үлгере ала ма? Неде болса ауылға барғасын көреді. Ақша таусылған, вокзалда түнеп жүрді. Ауылдан алып шыққан ақшасы әзір таусылмайтын-ақ еді, қара басып, ұрлатып алды. ПМК-17-де жұмыс істеген кезде айлық жалақысын босқа жұмсамай жинап, үш жүз сомға толтырған. Ол кезде үш жүз сом деген көп ақша. Сол үш жүз сомның елу сомын қалтасына салып, қалған екі жүз елу сомды жинақ кассасында қалдырған. Бір жақсысы паспорты мен еңбек кітапшасы вокзалда сақтау камерасында тұрған. Ал, қалтасында жүрген комсомол, кәсіподақ билеттері мен жинақ кітапшасын және қырық сомдай ақшасын дым қалдырмай сыпырып кеткен. Енді қалтасында көк тиын ақша жоқ, жинақ кассасындағы екі жүз елу сомды алайын десе жинақ кітапшасы жоқ, ол-дағы әккі ұрының қолында кеткен. Зығырданы қайнап, өзі бет-жүзін көрмеген әлгі ұрыны жеті атасынан бермен қарай сықпыртып боқтағаны бар. «Атаңа нәлет-ай, ақшамды алса алсын, құжаттарымды қалдырып кетпей ме ең болмаса!»,- дейді ішінен бұрқан-талқан болып, қырық сом ақшасы мен құжаттары бәрі бір қолдорбаның ішінде екенін ескермей. Ауылдан ұзап шықпаған бала енді шын қиналайын деді. Ақшасы болмағасын пәтерден шығарып жіберді, баратын туысқан жоқ. Вокзалда түнеп жүрді.
Бір күні вокзалда отырса бір жігіттер келді. Қызметкер емес, нобайы жұмысшылар сияқты. Қарапайым киінген, жас шамасы да өзі құралпы. Қасына келіп, бұған барлай қарап:
– Жігітім, көп ақша тапқың келе ме?-деп сұрады.
– Иә, — деді бұл.
– Онда бізбен бірге жүр, — деді әлгі жігіттер.
Бұл соңынан ерді. Сөйтіп вокзалда вагон түсірді. Өйтіп те ақша табуға болады екен. Бір айдай осы жігіттермен бірге вагон түсіріп, біраз ақша тапты. Жігіттермен бір әңгіменің ретінде автокомбинат деген мекемеге барып шофер болып жұмыс істеуге болатынын білді. Бір күні қала шетіндегі №3 автокомбинатқа келді. Директоры орыс ұлтының өкілі екен, мұның түр-тұлғасына қарап:
– Шофер етіп бірден ала алмаймын, алдымен слесарь қылып алайын жұмысқа, — деді.
– Жарайды, бірақ мені екінші ауысымға қойсаңыз, мен оқығым келеді, күндіз сабаққа барсам деп едім…
– Жарайды, — деп директор келісе кетті.
Сөйтіп автокомбинатта екі айдай слесарь болып істеді. Желтоқсан айында университеттің дайындық курсына оқуға түсті. Дайындық курсына жиырма тоғыз адам қабылданған. Бірақ университеттің химия-биология факультетіне осы жиырма тоғыздың тоғызы ғана түсті. Сөйтіп университеттің бірінші курсына қабылданып еді.
Қайран дәурен, бес жылдық студенттік өмір де зулап өте шықты. Бұлар оқыған биология факультетінде екі ғылым докторы, он жеті ғылым кандидаты болды. Өздеріне куратор болған Майра Кустафина бетіңе тіке айтатын ер азамат сияқты кісі еді. Биология ғылымының кандидаты Ортай Әбдірахманов факультет деканы ақжарқын кісі болды. Ойлап отырса сол кезде бұларға мықты мұғалімдер сабақ берген екен. Николай Артемович Калинин, Анастасья Кравицкая, Ханзада Әубәкірова, Жұмағазы Жұмажанов, Тельман Нұрымұлы, Светлана Сәрсенова, Надежда Савченко, Хайрулла Бекішұлы бәрі де өзіндік болмысымен ерекшеленетін нағыз ғұлама ұстаздар еді-ау.
Студенттік достарын ойлағанда өзімен бірге бір бөлмеде жатқан жігіттер есіне түседі. Семейден Есқалиев Айбар, Көкшетаудан Хасенов Атымтай, Қарағандының Атбасарынан Витали Чуйкин болса, Қызылордадан бұл қосылып, төртеуі бір бөлмеде жатты. Айбар топта староста болды. Бұл жігіттердің айырмашылығы екі-үш жас болмаса, жастары да шамалас. Бұлардың тобы өте белсенді топ болды, білгірлер көп еді. Осы топтан алтауы университетті қызыл дипломмен бітірді. Осының ішінде өзімен бір бөлмеде жатқан Айбар мен Атымтай да бар.
Мақаңның спортпен айналысуы да осы университет қабырғасында жүргенде басталған-ды. Алдымен бокс секциясына барды. Бірақ тренер қабылдамады. Ол кезде бокста жиырма үш жаста спорт шеберінің нормасын орындау керек еді. Орындай алмаса бокста ұстамайтын.
«Жігітім сенің жасың жиырма бірде екенсің, енді екі жылда сен спорт шеберінің нормасын орындай алмайсың, кетіп қаласың. Одан бізге не пайда, онанда сен жеңіл атлетикаға бар», — деді бұған.
Сонымен жеңіл атлетика, футбол сияқты спорттың түрлерімен айналысты. Факультеттің, университеттің, намысын қорғайтын белсенді спортшы болды…
Оқу бітіргесін Теміртауға келді. Басында кафедра меңгерушісі ректорға мұны дене тәрбиесі кафедрасына қалдыруға ұсыныс берген-ді. Бірақ, бұл ұсынысқа биология деканы қарсы болды, «Бұл биология және химия пәнінің мұғалімі яғни, өз саласына барып жұмыс істеу керек»,- деді ол. Сөйтіп оқу бөлімі Теміртауға жолдама берді. Университеттің оқу бөліміндегі шашын дөңгеленте қиған сары қыздан дипломын, аттестатын алып тұрып жолдамасын сұраған.
– Ағай, сіздің жолдамаңыз Теміртау қалалық оқу бөлімінде. Біз бір апта бұрын жібергенбіз, енді өзіңіз бара бересіз, — деді.
Теміртау қалалық білім бөлімі университетті жаңа бітірген жас маманды №26 орта мектепке химия, биология пәнінің мұғалімі етіп жіберді.
Мектеп директоры орта жастағы орыс әйел орнынан тұрып қарсы алып, өзін Надежда Стеколникова деп таныстырды. Бұған орындықты нұсқап, өзі орындығына жайғасып, бұның бетіне барлай қарап:
– Университет басшыларының айтуынша мықты спортшы көрінесіз. Спортпен айналысуды одан әрі жалғастырасыз ба? — деп сұрады.
– Иә, спортпен айналысқаным рас, бірақ бұл жерде спортпен түбегейлі айналысамын деп айта алмаймын.
– Дұрыс айтасыз, бірыңғай спорттың соңында кетсеңіз сабағыңыз қалады жайына. Сондықтан алдын-ала ескерткенім, бұл мәселе жадыңызда болсын.
Бұл мектепте 1985 жылдың тамызынан желтоқсан айына дейін істеді. Желтоқсан айында Қарағандыға кешкі мектепке ауысты. Бұл мектепте 1987 жылға дейін қызмет жасады.
Сол жылы РСУ деген құрылыс мекемесіне жұмысқа ауысты. Әр іске бір жағдай себеп болады екен. Университеттің екінші курсында жүргенде Қарқаралыдағы спортшылардың жаттығу лагеріне барған. Спортшы қыздар мен жігіттер қарасы отыз қырық адам сол жерде алдағы өтетін жарысқа дайындалып жатты. Бір күні сырттағы жаттығуларын аяқтап, жататын корпусқа келгенде айқай-шудың үстінен шықты. Сөйтсе осы маңдағы «Қарағайлы» деген жердегі түрмеден босанып шыққан төрт жігіт, араққа сылқия тойып алып, тынығып жатқан қыздарға тиісіп жатыр екен. Дереу сол жерде әлгі бұзықтармен бейбіт түрде сөйлесіп, қазір бұл жерден кетуін, әйтпесе істің насырға шабатынын айтып, қайтарды.
Сол жолы осы лагерьде демалып жатқан Қайрат деген жігітпен танысып еді. Қайрат жөндеу-құрылыс мекемесінің прорабы екен. Содан бері Қайратпен араласып, дос болып кетті. Вагонмен құрылыс материалдары келіп, оны түсіретін қол күші керек болғанда Қайрат бұған телефон шалатын. Бұл үш-төрт жігітті ұйымдастырып, барып, түсіріп беретін. Әрине, ақысына. Мысалы бір вагонды түсіру жетпіс бес сом. Төрт жігіт жетпіс бес сомды бөліп алады. Ол заманда бұл дегеніңіз жарты құрсақ студентке біраз нәпақа. Тіпті жазғы каникулдарда ауылға қайтпайтын. Жаздай осы мекемеде жұмыс істейді, ақша табады. Өзіне қажетті заттарын, қыстық киімдерін алады. Ауылдағыларға салмақ салмайын дегені. Сөйтіп бұл құрылыс мекемесінде бір жыл жұмыс істеді.
1988 жылы ауылға келді. Ағасы Махмұт, «Мақсатжан, әкем, елге қызмет жасаңдар, ел үшін қызмет етсеңдер бөтен болмайсыңдар деп отырушы еді. Елге қайтсайшы, бұл жақтан да жұмыс табылар»,- деп бұның ауылға келгенін қалады. Алдымен Таң совхозындағы №118 орта мектепте әскери жетекші болды. Мектеп директоры ол кезде Сәбит Раманқұлов. 1992 жылы Аққолқадағы №236 негізгі мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып барды. 1993 жылы Таң ауылындағы №118 орта мектепке оқу ісінің меңгерушісі болып қайтып келді. 1996 жылы №202 орта мектепке директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып келді. Бұл кезде бұл мектепте Ғалия Базарбаева мектеп директоры еді. 1998 жылы оқу ісінің меңгерушісі болып спорт мектебіне келді.
2003 жылы сәуір айы еді. Аудан әкімі Нұрлыбек Жолдасбаев шақырды дегесін әкімдікке келді.
– Мақсат, тәжірибең бар, спортшысың, аудандық спорт бөліміне өзің келсең қайтеді, — деді аманды-саулықтан соң аудан басшысы.
– Сіз сенім білдірсеңіз, барайын, қызметіміз ел үшін ғой, — деді.
Сөйтіп 2003-2004 жылдары ауданның спорт бөлімін басқарды. Бірақ бұл бөлім басшысы болу дегенің соншалықты жақсы жұмыс емес екен. Жиналысы көп, ойға-қырға шабыс. Өзінің сүйікті, негізгі кәсібі спорттан, бапкерліктен қол үзе бастады. Оның үстіне «…ағайын бар болсаң көре алмайды» дегендей… Әрі ойлап, бері ойлап, қолды бір-ақ сілтеп, бір күні шешімге келді. Арызын жазды да, жұмысын тапсырды. Аудан әкімі «Мұның қалай?»,- деді. «Осылай шештім, өзімнің сүйікті кәсібіммен айналысайын»,- деді бұл. Әкім Қаракеткен, Жаңаталап ауылдарындағы мектепке директор болып баруды ұсынды. Бірақ, бастық болуға мүлде құмартпады. Тыныш, таза өз жұмысымен, өзінің сүйікті спортымен айналысуды қалады.
Сөйтіп 2006 жылы спорт бөліміне бас маман болып жұмысқа ауысты. Мұнда да бөлім бастығы Нұрлан інісі «Мақа, бізге келсеңізші, бастық болмай-ақ қойыңыз, жастарды тәрбиелейтін адам керек»,- дегесін жөн сөзге тоқтады. Өйтпегенде ше, жастарды тәрбиелеу, ауыл спортшыларын сонау биіктерге жетелеу, демеу өзінің негізгі мақсаты емес пе?! Осы уақыттан бастап Мақаңда бір минут бос уақыт деген болмады. Жұрт уақытты өткізе алмай қиналып, зеріксе, Мақаң әрбір сәтін есептеп, бір қолын екі ете алмай, уақытын жеткізе алмай аласұратын.
Спортта жеке өз басының да бапкер ретінде де жетістіктері жетерлік. Жеңіл атлетикада Қарағанды өзіндік орны бар қала. Бұл қаладан Еуропа чемпиондары Владимир Муравьев(екі дүркін олимпиада чемпионы), Василий Савин, Валентина Герасимовалар шыққан.
1982-1988 жылдары Калининград, Москва, Ленинград қалаларына Қарағанды қаласының атынан бірнеше мәрте осындай жарыстарға барып жүрді. Қайран жастық-ай, десейші! Калининград пен Мос­квада 42 шақырымдық марафонға қатысса, Ленинградта 21 шақырымдық жартылай марафон жолын қиналмай-ақ жүгіріп өтіп еді-ау! Бұл жүгірістерге сол кездегі жеңіл атлетикадан Еуропа чемпиондары Пензин, Лаптев қатысып еді. Әсіресе, Ленинградтағы 21 шақырымдық Дүниежүзілік «Әлем эстафетасы» деп аталатын халықаралық жартылай марафон есінде қалды. Бұл жарысқа арнайы шақырумен барды. Бұл эстафетаны миллиардер Гершлер дүниежүзінің он бес қаласында ұйымдастырып, бұған он мыңнан аса адам қатысты. Осы жансебіл сайыста қырғыз спортшысы Сәтімқұл Жұманазаров екінші орын алды. Осы жарыста жүзінші болып келген желаяққа дейін ұпай есептелді. Ал, Мақаң осы он мыңның ішінде мәре сызығына тоқсан жетінші болып келді!
Шәкірттернің жетістіктерін тізе берсең ол бір әңгіменің көлеміне сыймайды. Соңғы он жылда аудан спортшылары республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрсе бұл шаруаларда Мақаңның бапкер ретінде өзіндік қомақты үлесі бар.
Жаңаталап ауылынан шыққан Еркін Әбжамилов бес мыңнан он мың метрге дейін жүгіруден ересектер арасында екі дүркін Қазақстан чемпионы, Қазақстан кубогының иегері. Бұл жігітті 2012 жылы Бұқарбай ауылындағы бір жарыста көріп қалды. Бір қырым артық еті жоқ, тарамыс денелі сары балаға барлай, зерделей қарап тұрып, «Мына жігітті тәрбиелесе бірдеңе шығады екен» деп ойлады. Сөйлесіп, аудан орталығына шақырды. Үш жыл өзінің үйіне жатқызды. Қатаң талап қойды. Күн режімін белгілеп берді. Ертемен сағат алтыда тұру, мезгілімен тамақтану, жаттығудан қалмау, күнде он бес-жиырма шақырым жүгіру. Үш жыл бойы күн сайынғы тынымсыз еңбек, жаттығулар өз жемісін берді. Сөйтіп чемпион қылып шығарды.
1994 жылы туған Жасөспірімдер арасында екі мәрте, жастар арасында жеңіл атлетикалық көп сайыстан екі мәрте Қазақстанның қысқы чемпионаттың күміс жүлдегері Қараманова Гаухар. Қолданбалы өрт сөндіру спортының спорт шебері. 2017 жылы шілдеде Мос­квада көпсайыстан өткен жарыста жүлделі үшінші орынды жеңіп алып, әлем чемпионатына жолдама алды.
Сонымен бірге 1997 жылы туған Бұқарбай ауылынан Іскендіров Нұржан найза лақтыру спортынан жасөспірімдер арасында төрт дүркін Қазақстан чемпионы. Бүкіл қазақстандық оқушылар спартакиадасының чемпионы және 1998 жылы туған Аққұм ауылынан Әуесбай Ғаламат. Найза лақтырудан жастар мен жасөспірімдер арасында республика чемпионатының бірнеше дүркін күміс, қола жүлдегері. Президенттік көпсайыстан Қазақстан чемпионы да Мақаңның үйінде жатып тәрбиеленіп, спорттағы үздік жетістіктеріне қол жеткізді.
Көбекова Роза, Қалдыбекұлы Алтынбек, Шакирова Нағима Республикалық ауыл-село спортшыларының бірінші «Ақбидай» спартакиадасының күміс жүлдегері. Міне, бұлардың барлығы да Мақаңның дайындаған шәкірттері. Аты аталмай қалған шәкірттері қаншама…
Қолы қалт еткенде көңіл пернесіндегі сырлы сезімдерін қағазға түсіріп қоятын. Онысы бірталай дүние болыпты. 2000 жылдардың басында қолжазбасын жинақтап, Алматыға Темірше Сарыбаев ағасына барды. Ол кезде Темірше ағамыз «Балдырған» журналында істейтін. 12 баспатабаққа жуықтайтын өлеңдерін бір қарап шығып, «Дайын дүние ғой, баспаға берсейші»,- деді. Бірақ қандай шаруа болса да қаржыға тірелетіні белгілі, ақшасы аздау болып, ауылға қайтып келді. Ойы қажетті қаржының басын құрап, келесі жазда келіп баспаға беру еді. Әрі үстінен кем-кетігі болса тағы бір қарап шықпақшы.
Ауылға келіп, әлгі қолжазба салынған қолдорбасын кіреберіске, терезенің алдына қоя салсын. Нақ сол кезде белгілі композитор Рахым Досмановтың өтінішімен бір жаңа әнінің сөзін жазбақшы болып жүрген. Алматыдан келгесін екі-үш күннен кейін Рахым інісі келді. Кіреберістегі терезенің алдында тұрған қолжазбаны қарап отырып:
– Мақа, мына қолжазбаларыңды ықтияттап, бір жерге алып қойсаңшы, қолды болып кетер, — деп ескертті.
– Ой, Рахым, мені бір ұлы ақын деймісің, менің өлеңдерім кімге қажет бола қояр дейсің. Сосын алып қоярмын, — деп мән бермеді.
Сол қолжазба ақыры қолды болып кетті. Біреу алды ма әлде балалар ойнап сыртқа апарып тастады ма, әйтеуір таба алмады. Өткен іске өкінгенмен пайда жоқ, «Қап, әттеген-ай!»,- дегеннен өзге ештеңе айтпады. Қазір өлең өлкесіне соғуға уақыты да болмай кетті. Арасында ойға келген оралымды шумақтарды көк дәптерге түсіріп қояды.
Мақаңның тағы бір ерекшелігі жұрт отыз күн ораза ұстаса, бұл ағамыз нәр сызбастан қырық күн бойы ашығады.
– Мақа, сонда қырық күн бойы қалай шыдайсыз, бір күн тамақ ішпесек қарнымыз шұрылдап, әлсірейміз, ең болмаса су ішетін шығарсыз?- деймін мен қызығушылық танытып.
– Әрине, су ішпей бола ма, адам аштыққа шыдайды, бірақ шөл мен ұйқыға шыдамайды, — дейді Мақаң. – Таңертең, кешке екі мезгіл ғана су ішемін.
– Ал, енді Мақа, өзіңізді осыншама қинап, қырық күн ашығуыңызға не себеп болды, жұрт секілді сәресіңізді ішіп, кешке ауызашарға барып, оразаңызды ұстап жүре бермейсіз бе?
– Мені қиналып жүр деп кім айтты саған?-деп бір күліп алды. – Мен қиналмаймын, керісінше, сол ашығып жүрген кезде керемет күйге түсемін. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын.
– Мақа, неге нақ қырық күнді таңдадыңыз, неге қырық бір иә болмаса отыз тоғыз күн емес, сосын жалпы осы ашығу деген қайдан ойыңызға келді?
Байсалды күлді.
– Бәрін білгің келеді-ау, ә?!
– Әрине.
– Онда тыңда. Қарағандыда университетте оқып жүргенде Фединикс желаяқтар клубы дейтін спорттық бірлестік құрғанбыз. «КЛБ Фединикс» (Клуб любителей бега) Клуб құрамында жүз жиырмадан аса адам болды. Клубтың негізгі міндеті жүгіру арқылы адам денсаулығын нығайту, науқастарды емдеу, былайынша айтқанда, қазіргі салауатты өмір салтын қалыптастыру. Осы клуб құрылғаннан кейін үш жыл өткен соң Қарағандыда бүкілодақтық семинар ұйымдастырдық. Бұл семинарға сол кездегі одақтың жиырма тоғыз қаласынан он мыңдай адам келді. Оның ішінде Москва, Ленинград, Минск сияқты үлкен қалалардан да спортшылар келді. Семинар жоғары дәрежеде өтті, біздің клуб ВДНХ-ның Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мақаң 1984-1985 жылдары Мәскеу ғылыми-зерттеу институтында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген жылы адам ағзасының мүмкіндіктерін зерттеп жатқан Жапон ғалымдарының лекциясын тындайды. Олар адам ағзасын түрлі науқастардан ашығу арқылы да емдеуге болатынын ғылыми тұрғыда жүйелі түрде түсіндіреді. Нақты қырық-қырық екі күнді адам ағзасын ашықтырудың нормалы дәрежесі екенін айтады. Мақаң қазірде ашығу кездерінде осы қағидаларды басшылыққа алады.
– Кейін елге келдік, жұмыс істедік. 2000 жылдары менің қатарларымнан бірнешеуі о дүниелік болды. Әсіресе досым Тұрсынбек Тұрлашевтың аяқ астынан кетіп қалуы маған қатты батты. Марқұм тамаша жігіт еді. Зерттеп қарап отырсам, осылар бәрі де артық салмақтан, жүректен, қан қысымының жоғарылығынан кетіпті. Бұл кезде біз енді қырықтан енді асқан кезіміз. Денсаулық сыр бере бастаған. Қан қысымының жоғарылығы, артық салмақ деген менде де бар еді. Өстіп жүргенде мен де науқастанып құладым ғой, кәдімгі инсульт. Оң қол, оң аяқ істемей қалды. Кәдуілгі мүгедек болдым да қалдым. Мұндай жағдайды Құдай ешкімнің басына бермесін. Өзің ештеңе істей алмайсың, күнің біреуге қарап қалады. Ауруханада бір аптадай жаттым, дәрігер сүйеніп жүретін арба берді, «осы арбамен жүресің»,- дейді. Мен «жоқ, арбаңның қажеті жоқ, өзім жүремін»,- деймін. Бір аптадан кейін жұмысқа шықтым. Жұмыстағылар мені көргенде таңдана қарасты.
Сөйтсем, кейін білдім, жұмыстағыларға дәрігерлер «Бұл кісі енді жұмысқа жарамайды, жұмыс істей алмайды»,- деген көрінеді. Бірақ құлан-таза айығып кеткенім жоқ. Аяғымды дұрыс баса алмаймын, оң қолыммен дұрыс жаза алмаймын. Сақал-мұртты жібердім, өйткені қырына алмадым. Қашанғы балаларға қырғызып отырамын. Осы кезде ғой, ауылда «Мақсат вахабист болып кетіпті» деген әңгіме шығып жүргені. Міне, осы кезде баяғы жапон ғалымының айтқандары есіме түсті. Мен «Қалай болғанда да бұрынғы сау қалпыма түсуім керек, денсаулықты түзеуім керек!» деген мақсат қойдым. Күрес басталды. Әрине, ішкі жан-дүниемдегі күрес. «Мен жақсы боламын, қолым да, аяғым да іске қосылады. Мен ауырмауым керек! Мен отбасыма, балаларыма керекпін!» дегенді күн сайын іштей бірнеше мәрте, мезгіл-мезгіл қайталаймын. Мен науқастан құлағанда тілден айырылып қалмағаныма, мүлде жатып қалмағаныма Аллаға мың мәртебе шүкіршілік қыламын, тәубе деймін. Сөйтіп 2015 жылы ораза сәуір айында болды-ау деймін, мен де ораза тұттым. Ораза болғанда менің оразам – қырық күн ашығу. Жұрт отыз күн ораза ұстап, таңертең сәресі ішіп, кешке ауызашар жасап жатса мен таңертең бір литр су, кешке бір литр сумен шектелемін. Осы оразадан кейін біршама жақсардым. Осындай қырық күндік оразаны мен үш-төрт жыл бойы қайталадым.
Ал, енді бұл ашығудың ерекшелігі болады. Әрине, кәдімгі отыз күндік ораза да жақсы, дегенмен бұл ораза кезінде адам екі мезгіл тамақтанады. Сондықтан асқазан толықтай тазара қоймайды, әйтеуір асқазанға бірдеңе түсіп тұрады. Дегенмен адам жеңілденеді. Ал, мына қырық күн бойы ашығу дегеніңіз асқазанда мүлде ештеңе қалмайды. Тіпті асқазандағы иммундық микрофлора да жойылып кетеді. Міне, осы кезде адам ағзасы өзін-өзі жей бастайды. Яғни, денедегі артық майды жейді. Тұла бойыңдағы бүкіл кір-қоқыстан арыласың және санаң да жаңарады. Бұл аштықтан кейін сенің өмірге деген көзқарасың да өзгеріп кетеді. Міне, көрдіңіз бе аштықтың ғажайып күшін. Бірақ мұны өзі басынан өткізбеген адам сезіне алмайды.
– Сонда өмірге көзқарас қалай өзгереді, адам қандай күйде болады?
– Енді оны қалай айтуға болады, мысалы айталық, бір жолдасың келіп отыр, саған әңгіме айтып отыр. Айтқан әңгімесінің бәрі шыли өтірік, сені өтірік мақтап отыр, көлгірсіп отыр. Сен оны біліп отырсың. Егер былайынша күндері осындай жағдай болса сен мұны көтермейсің. «Ей, бауырым, сен не сандалып отырсың, мені бала деп отырмысың?!»,- деп әлгіні қуып шығасың. Ал, ашығу кезінде бұлай жасамайсың, он күн аштықтан кейін сен мүлде басқа адамсың, сенде дүниеге басқаша көзқарас пайда болады. Мұндайда әлгі адамға кешіріммен қарайсың, кешіресің. «Пенде ғой, қайтсін» дейсің де қоясың. Оның әлгі қылығына кеңшілік жасайсың. Сенде кеңдік, кешірімшілдік, адамдарға деген сүйіспеншілік пайда болады. Тіпті, сен өзіңді аяқтан шалып жүрген дұшпандарыңа да кешіріммен қарайсың. Мұқағалиды оқығанда бұрын түсінбегеніңді білесің. Сол аштықта жүріп Мұқағалиды оқысаң қобыздың сарынын естисің. Ал, былайынша күндері оқысаң мұны сезінбеуің мүмкін.
Екінші бір мәселе, мен осы ашығу жайында жазылған ғалым дәрігерлердің кітаптарын көп оқимын. Адам ашыққан кезде денедегі ескі аурулардың симптомы қайталанады екен. Яғғни, белгілері қайталанады, осыны адамдар «ауру» деп қабылдайды. Ашығып, ауруымызды шығарып алдық деп ойлайды. Ал, бұл ауру емес, тек аурудың симптомы ғана. Мысалы мен ашығып жүргенде бір күні сол қолым ауырып, бір сәт жансызданып қалды. Ойланып отырсам жастау кезімде осы қолым ауырып, емделгенім есіме түсті.
Мен осындай ашығуды бірнеше мәрте жасадым, қазір көріп отырсың, Құдайға шүкір, жақсымын. Аяқ та, қол да қалыпқа келді. Ақыл-есім дұрыс, жұмысымды істеп жүрмін. Бірінші – Құдай, екінші – Сенім, үшінші – Күрес.
– Мақа, сосын мұздай су құйынатыныңыз да бар-ау осы?!.
– Ооо, ол дегенің бүкіл жүйке талшықтарын оятады. Адам денесінде қаншама жүйке талшықтары бар, жас келген сайын адам денесіндегі сол жүйке талшықтары өле бастайды. Ал, оны қалыпты ұстап тұру үшін денені мұздай сумен тітіркендіріп тұру қажет…
Иә, айта берсе Мақаңның осындай ерекшеліктері көп. Сарайда тұрған әдемі құранды ер мен көздің жау­ын алатын ат әбзелдерін көрдім.
– Өзім істедім, — деді менің таңданыспен қойған сұрағыма.
Басымды шайқадым. Мақаң сегіз қырлы, бір сырлы жігіт, жеті емес, жетпіс өнердің иесі. Оның спортшылығын, ақындығын айтпағанда осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық қол өнер шеберлері байқауынан Гран приді женіп алған. Ұсталығы да бар, домбыра, қобыз және басқа да ұлттық саз аспаптарын жасайды. Сонымен қатар, 2000 жылы облыстық фотосуретшілер байқауынан бас жүлдені жеңіп алса, 2004 жылы облыстық «Наурыз шапағаты» байқауында сазгерлер номинациясы бойынша лауреат атанды. Мақаңның аудандық музейдің құрылуына да қосқан үлесі зор. Сондай-ақ, белгілі өлкетанушы ғалым Ахмет Тілеулиевпен бірге музейге жәдігерлер жинау мақсатында Қарақұм елді мекенінде зерттеу жұмыстарын жүргізген.
– Өзіңіз үнемі жұмыста, жарыста жүресіз, қай уақытта үлгересіз?
– Бізде уақыт көп, Тұрақ, «уақытым жоқ» деген әншейін бос сөз. Уақытты тек жоспарлап пайдалана білу керек, — деді.
Рас-ау, бізде уақыт көп. Тек сол уақытты орынды пайдалана алмаймыз. Біздің қаншама уақытымыз текке өліп жатыр. Ал, Мақаң осы уақыт деген төрешімен санасады, есептеседі. Сөйтіп бәріне үлгереді.
Қалың мұқабалы дәптерді алдыма тастады. Баспаға дайындаған дүниесі екен. «Жеңіл атлетикадан жастар мен жасөспірімдерді тәрбиелеудің әдістемесі», дайын қолжазба, денешынықтыру пәні мұғалімдеріне арналған әдістемелік құрал. Мұның сыртында отбасы тіршілігі, балалардың тәрбиесі дегендей. Үлкені Жандос өзінің жолын қуған спортшы. «Наркескен» спорт клубында әдіскер. Кіші ұлдары Ерлан мен Нұрлан Астанада шетелдік компанияда қызмет істеп жатыр. Жұбайы Ләззат №202 орта мектепте математика пәнінен дәріс береді. Білім беру ісінің үздігі. Кейде шай үстінде әзіл-шынды араластырып, «Ойпырым-ай, ертең мені жоқтайтын бір қыз болмады-ау!»,- дейтіні бар. Ондайда ер мінезді сабырлы жеңгеміз «Отағасы, уайымдамаңыз, үш ұлыңыз аман болса, осы үйге үш қыз келеді»,- деп көңілін марқайтып қояды. Қарбалас жұмыстың арасында уақыт тауып, жаңа үй салып кірді. Сегіз қырлы, бір сырлы Мақсат ағамыздың ендігі тілегі – елдің тыныштығы, алаңдайтыны – жастар тәрбиесі, мақсаты – аудан спортын биіктерге сүйреу. Алдағы сайыстарда тағы да чемпиондар шығарсам деген ойы бар.
Тұрақ АДИСҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Көрудің саны: 174  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру