Мәдениет министрі латын әліпбиінің жаңа нұсқасына қатысты пікір білдірді

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа латын графикасына арналған қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартының жобасы таныстырылды. Ал бүгін Үкімет отырысынан кейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталмыш әліпбиге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Кеше ғалымдар айтты. Бұл соңғы нұсқа емес. Ыңғайсыз дүниелер болса, оның бәрі ескеріледі. Мысалы, осыған дейінгі жобадағы «w» әрпі бойынша көп ұсыныстар болған. Ол түзетілді. Енді тағы да жобалар, ұсыныстар болса, барлығы талқыланады», — деді министр журналистерге.

Сонымен қатар ведомство басшысы латын әліпбиінің жаңа жобасын көпшіліктің көңілінен шыққанын алға тартты.

«Елбасыға да, ғалымдарға да, басқа жауапты азаматтарға да қазіргі ұсынылған жоба өте қолайлы. Бірақ халықтан нақты ұсыныстар келіп жатса, жобаға тағы да өзгерістер енгізіледі», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, латын әліпбиін енгізу және пайдалану бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленетін болады.

 

Baq.kz 
Көрудің саны: 68  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру