МӘДЕНИЕТТЕГІ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНЕ ЖЫРАУДЫҢ АТЫ БЕРІЛСЕ…

Өзі ауылда қалса да, атағы алты алашты аралап кеткен ақынжырау Әбділда Жүргенбаевтың Сыр бойында ғана емес, қазақ өнерінің аспанында­ да өз замандас­тарынан шоқтығы биік тұр.

Әбділда Жүргенбаев 1914 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, бұрынғы Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы колхозда (қазіргі Мырзабай ахун ауылы) дүние есігін ашқан. Әкесі Жүргенбай шаруа кісі болыпты. Жасынан ауыл арасындағы жиын-тойларда қолына домбырасын алып, ән-жыр айтып, ел көңілін сергітіп жүрген Әбділданың ойын-сауықтарда өзі құралпы қыз-жігіттерге жанынан суырып салып айтқан қағытпа қалжың өлеңдері жұрт жадында жатталып қалып, ел арасына тез тарап кетіп отырған. Сырдың бойы жыраулардан кенде емес. Қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ерекшеліктерін, әдебиеті мен мәдениетін, жалпы рухани мұрасын көлемді эпостық жырлары арқылы бүгінге жеткізген Нұртуған, Ерімбет, Базар, Тұрмағанбет, Оңғар, Ешнияз, Тасберген, Шегебай, Жиенбай, Рүстембек, Омар сынды сүлейлердің сүрлеуіне түсіп, жыраулық дәстүрді жалғап, жыршылық өнерді жаңғыртқан Әбділда ақынның қазақ өнеріне сіңірген еңбегін кейінгі ұрпақ білуге тиіс…

Жылтылдаған тұманың көзін ашқанда ғана мөлдір бұлақтар арна салады. Әбділданы жыршылық өнерге баулыған алғашқы ұстазы Орынбай жырау. Заманынан сөз оздырған сүлей – Орынбай Қарынбайұлының өзі даңғайыр жырау Даңмұрынның інісі әрі шәкірті. Орынбай шаппа-шап өлеңнің хас шебері, өте тапқыр, табан астында суырып салып айта беретін болған. Бірде төрт бес аттылы кісі келе жатады. Орынбай насыбай атқалы ыңғайланып, шақшасын ердің басына қаққанда қолынан түсіріп алады. Шақша үзеңгідегі құрым етіктің басына соғылып, қайта көтерілгенде иесі оны жерге түсірмей аса ептілікпен еңкейіп қағып алады. Оны көрген қасындағы жолдастары «Ореке, осыған бір шумақ өлең шығарыңыз», — деп қолқалайды. Сонда Орынбай еш іркілместен:

Шақшаның жерге қарай тап бергені,

Құдайдың бұл да болса бақ бергені.

Қолым мен аяғыма разымын,

Бірі қағып, біреуі ап бергені! — деп бір атым бұйра насыбайды ерініне тастап алып, жүре береді. Осындай ұстаздың алдын көрген шәкірттің осал болуға қақысы бар ма?! Әбділда ақынның да тақырып таңдамай, табан астынан тауып айтқан өлеңдері ел аузында жүр.

Адам бойындағы Алла берген талант текке кетпейді. Түп тамырын құнарлы топырақтан тартқан Әбділда ақын 1938-1948 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы Нартай Бекежановтың концерттік-эстрадалық бригадасында болып, Жалағаш, Қармақшы, Тереңөзек аудандарында автоклуб меңгерушісі, «Қызыл отау» мәдени-үгіт бригадасының меңгерушісі секілді қызметтерді абыроймен атқарады. Талай мәрте республикалық, облыстық айтыстарға қатысып, жүлдегер де атанады. Сыр бойынан шыққан Нартай, Мұзарап, Жаңаберген, Иса, Қуаныш, Тұрымбет, Байназар, Манап, Әлібек, Күндебай, Жалғасбай секілді қазақ өнерінің ірі өкілдерімен үзеңгілес болған ол өзінің табиғи дарын иесі екенін жүрген ортасына мойындатады. Әбділданың ақындығы мен жыраулығынан бөлек, сазгерлік өнерінің бар екенін жұртшылық біле бермеуі мүмкін. Оның әр жылдары жазған «Гүлім-ай», «Толғау», «Көрме», «Желдірме», «Еңбекшілерге арнау», «Біздің ән», «Күрішші қыз», «Тойбастар», «Ініме» деген әндері ертеректе ел арасына кеңінен таралып, жиын-тойларда орындалған. Сондай-ақ, Әбділда Жүргенбаев халық ауыз әдебиетін жинақтаушы, фольклоршы ретінде де танылды. Ол ел аралап жүріп «Байбатша», «Атымтай жомарт», «Шәкірат», «Көрғұлы» дастандарының түрлі нұсқаларын Қазақстан Ғылым академиясының кітапхана қорына тапсырып, қазақ руханиятының жандануына көл-көсір үлес қосты. Ақынның ақ алмастай жарқылдаған рухты өлеңдері баспасөз беттерінде жиі жарияланып, соғыстан кейінгі халықтың езілген еңсесін көтерді, намысын қайрады, бірлікке шақырды. Көптеген туындылары әр жылдары жарық көрген «Пернедегі термелер», «Айтыс», «Ленин деп жырлайды» атты жинақтарға енді. Өз орындауында 23 халық әні нотаға түсіріліп, бірнеше термелері грампластинкаға жазылды. Жыраудың орындауында 10 сағаттық магнит таспасына жазылған материалдары қазірде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі өнер-жыр» мамандығының фонетикалық қорында сақталған. Жыраудың орындаушылық өнері аталған факультет студенттерінің дәрісіне пайдаланылып келеді.

Әбділда Жүргенбаев толық сауат ашпаған. Алайда, оның жазба өлеңдері мен айтыстағы төкпе шумақтарынан ойы терең, өресі жүйрік, сезімтал ақын болғаны аңғарылады. Айтыс барысында қарсыласын бірде жеңіл қағыта отырып, ал, бірде оның ішкі жан дүниесін сыртқа шығару үшін дәріптеп, дәрежесін көтере жырлаған. Оның ақиқаттан айнымайтын, ел ішіндегі кемшіліктерді айналып өтпейтін, ұлт мүддесін жеке басының мүддесінен биік қоймайтын ақындық ұстанымы кесек тұлғасын биіктетіп, адамгершілік болмысын да даралап тұрғаны мәлім. Бірақ, бір өкініштісі, ақынның сауаты болмаған соң оның көп айтыстары қағазға не таспаға түспей, жойылып кеткен. Сыр бойының сайыпқыраны Әбділда Жүргенбаев ХХ ғасырдың бел ортасына таяу Жамбыл Жабаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық айтыс­та Жетісудың жүйрігі Кенен Әзірбаевпен сөз сайысына түсіп, жеңіп кетуі де оның айтыс өнеріне жайдан-жай келмегенінің айғағы. Сонымен бірге ол Нұрпейіс, Шашубай, Нартай сынды азулы айтыс ақындарының өзімен сөз қағыстырып, олармен иық теңестіріп жүрген. Ал, Рахмет Мәзқожаев, Құлжабай Төлеуов, Манап Көкенов, Үмбетәлі Кәрібаев секілді дүлдүлдермен жасаған айтыстары әр жылдары жарық көрген жинақтарға енген.

Ауыл шаруашылығының көрнекті ұй­ым­дастырушысы Нұрылдаев Мақсұт ағамыз Әбділда Жүргенбаевпен етене араласып, өнер иесінің талантына тәнті болған замандастарының бірі. Осы Мақсұт ағамыздың мына бір әңгімесі Әбділдадай түпсіз жырау, арналы ақынның түбінен тегін болмағанын дәлелдей түседі. «Әбділда қамшы салдырмас хас жүйріктің нағыз өзі еді. Бірде одан: «Өлең сізге неше жасыңызда қонды?»,- деп сұрадым. Сонда жырау: «Оған отызыншы жылғы ашаршылық нәубеті себеп болды. Сол кезде бір туысым осы күнгі Мырзабай ахун мешітінің орнында болған шағын серіктестікті басқарды. Қарным ашқанда сол кісінің үйінен атала-жармақ ішіп қайтатын едім. Бірде барсам, үйінде адам жоқ екен. Олар келгенше жата тұрайын деп үйдің көлеңкесіне қисайдым. Көзім ілініп кетіпті. Түсімде шикі бидай болса да жейін деп, сол үйдің сандығын ашсам, іші толған қағаз екен. Сол қағаздарды қарпып жей бердім, жей бердім. Ояна келсем түсім екен. Міне, сол кезден бастап  өлеңді жаттап та, ойдан шығарып та айта беретін болдым. Бұл маған Алланың берген нығметінің бірі шығар», — деді. Ал, Әбділдадай дарабоздың артында қалған мұрасын жинап жүрген республикаға белгілі айтыскер ақын, жырау Айдос Рахметов: «Әбділда Жүргенбаев аса дарынды адам болған. Оның бойындағы ақындық, жыраулық, сазгерлік өнерге тұтастай қарауға болмайды, әр қайсысы бөлек-бөлек зерттеуді қажет етеді. Әбділда әкеміз кешегі кеңес дәуріндегі қызыл саясатқа және соны жүзеге асырушы әсіребелсенділерге өзінің нағыз ақынға тән қызуқанды мінезімен ұнамай қалып, үлкен сахналарға шыға алмаған. Бірақ, ол кісінің артына қалдырған шығармалары бүгінде мәдени мұрамыздың бір бұрышын бүтіндеп тұр және зерттеулер барысында олардың ұрпақ тәрбиесіндегі мәні  артып отыр», — дейді.

Алқалы топта Сыр бойы сүлейлерінің термелері мен қазақтың қисса-дастандарын орындағанда тыңдаушысын жалықтырмай, таңды таңға ұрып жырлайтын жырау, айтыста алдаспандай жарқылдаған суырып салма ақын, қазақ ауыз әдебиетін жинаушы, Жұмабай Шаяхметов, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбілда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Асқар Тоқмағанбетов, Мардан Байділдаев және тағы да басқа белгілі тұлғалар мойындаған, ең бастысы халқынан лайықты бағасын алып, елінің қошеметіне бөленген, атақты Рүстембек жыраудың теңеуімен айтсақ «самородный» дауыс иесі Әбділда Жүргенбаев 1985 жылы сәуір айында 71 жасында дүниеден өтті.

Жалағаш топырағында туып және осы ауданда жүріп-ақ қазақ өнерінің дамуына қалтықсыз қызмет қылып, ұлт мұрасын түгендеуге өлшеусіз үлес қосқан Әбділда Жүргенбаевтың есімі ел есінен ұмытылмауы тиіс және оның жауапкершілігі біздің және келер ұрпақтың мойнында тұр.

Айтарымызды тақырып бойынша тарқатсақ, қазіргі күні Мәдениет ауылында мәдениет үйінің кірпіші қаланып жатыр. Осы өнер ордасын Әбілда жыраудың атымен атасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті, бұл жыр жампозына көрсетер құрметіміздің үлгісі ғана емес, келер ұрпаққа өшпес өнеге болары сөзсіз.

Қуат АXЕТОВ.

Көрудің саны: 56  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру