Мьянма басшысы Аун Сан Су Чжи. Кім ол? Қаһарман, әлде залым?

Мьянманың Ракхайн аймағында рохинджа мұсылмандарының қырылуына байланысты әлемдік қауымдастық назары аталған елдің басшысы Аун Сан Су Чжиге ауды. Ол адам құқықтары мен саяси бостандық үшін ұзақ күресіп, жетістікке жеткен адам ретінде халықаралық деңгейде аса сыйлы тұлға. Алайда, бейбіт күресі үшін әлемдегі ең беделді сыйлықты иеленген саясаткер басқарып отырған елде қарапайым халықтың қырғынға ұшырауы ашу-ыза туғызды. Қазір Аун Сан Су Чжиге ондай құрметке лайық па еді, әлде ол билікке келген соң өзгерді ме деген сұрақтар қойылып жатыр. Baq.kz тілшісі Су Чжидің өмірі мен саяси карьерасына шолу жасаған еді.

Генерал қызы

Аун Сан Су Чжи 1945 жылдың 21 маусым күні британдық Бирманың астанасы Рангун қаласында дүниеге келді. Су Чжидің әкесі генерал Аун Сан – Бирма қарулы күштерінің негізін қалаушы. Мьянма (ол кезде елдің аты – Бирма) Британиядан тәуелсіздігін алған кезеңде елді басқарған, Мьянманың Халық Қаһарманы.

1947 жылдың 19 маусымда мемлекеттік төңкеріс кезінде қаза тапты. Әкесінен екі жасында айырылған Су Чжиді анасы Кхин Чжи тәрбиеледі. Ол да белгілі саясаткер еді.

Аун Сан Су Чжидің аты-жөніндегі алғашқы екі есім әкесінің, үшіншісі әжесінің, ал соңғысы анасының құрметіне қойылған. Су Чжидің екі ағасы болды. Олардың бірі кішкентай кезінде суға батып кетсе, екіншісі Сан-Диегоға көшіп АҚШ азаматтығын алған.

Оксфорд түлегі

1960 жылы анасы Кхин Чжи Мьянманың Үндістандағы елшісі болып тағайындалған соң Су Чжи оқуын Нью-Делиде жалғастырды. 1969 жылы Оксфордты аяқтап, саясаттану, философия және экономика бакалавр дәрежесін алды. Университеттен кейін Нью-Йоркте 3 жыл тұрып, БҰҰ-да жұмыс істеді. 1972 жылы ол шығыстанушы-тибетолог Михаэль Айриске тұрмысқа шықты. Александр және Ким есімді екі ұлы бар.

80-жылдары Су Чжи Жапония мен Үндістан ғылыми орталықтарында жұмыс істеді. Әкесі туралы биографиялық кітап жазды. Ол 1984 жылы «Азия көшбасшылары» сериясымен шықты. 1985 жылы Лондонда Су Чжидің жас оқырмандарға арналған Бирма, Непал, Бутан туралы кітаптары жарық көрді.

1988 жылы наурызда Су Чжи анасының ауыр халде жатқанын естіп Рангунға ұшып кетті. Осы жылы елде хунтаға қарсы (әскери топ) көтеріліс басталды. Су Чжи 1988 жылы 26 тамызда бірінші рет митингке шықты. Оның Мьяманы демократияландыру жолындағы күресі осылай басталды.

Саяси күресті бастауы

Мьянманы ұзақ уақыт басқарған генерал Не Вин 1988 жылы отставкаға кетіп, бүкіл ел аумағында халық демократия мен саяси өзгерістерді талап етіп ереуілдерге шықты. Сол жылдың 26 тамызында Су Чжи Янгондағы Шведагон ғибадатханасына жиналған жарты миллион адам алдында сөз сөйлеп, билікті демократиялық жолмен сайлауды талап етті.

Тарихқа «8888 көтерілісі» деген атпен енген толқулар әскерилер күшімен аяусыз басылды. 1988 жылы Махатма Ганди мен Мартин Лютер Кингтің «Күш қолданбай қарсыласу» идеясына сүйене отырып Су Чжи «Демократия үшін ұлттық лига» (ДҮҰЛ) атты саяси партиясын құрды. 1989 жылы билікке жаңадан келген әскерилер саясаткер оның танымалдығынан үрейленіп үйқамаққа алған соң, оған елден кетуді ұсынды. Алайда, Су Чжи ешқайда кетпейтінін мәлімдеді. Осы жылы Бирманың аты «Мьянма», ал астанасы Рангун «Янгон» болып өзгертілді.

Сайлаудағы жеңісі жеңіліске айналды

1990 жылы Мьянмада өткен парламент сайлауында Су Чжидің «Демократия үшін ұлттық лига» партиясы 59% дауыс жинап, парламенттегі мандаттар санының 82%-ын иеленді. Алайда, әскери хунта сайлау нәтижелерін жоққа шығарып, Аун Сан Су Чжиді үйқамақтан босатпай қойды.

Саясаткердің демократия жолында күресі мен еңбегі шетелде бағалана бастады. Сол жылы ол адам құқығы мен демократияландыру үшін күресте Еуропарламент тағайындаған Андрей Сахаров сыйлығын және профессор Торольфо Рафто атындағы сыйлықты иеленді. 1991 жылы күрестің бейбіт жолын таңдағаны үшін «Әлсіздіктің де керемет құдіреті болатынын көрсетті» деген формулировкамен Нобельдің Бейбітшілік сыйлығын алды. Марапаттау рәсімі желтоқсан айында Ослода өтті. Әскери билік алдағы уақытта саясатқа араласудан бас тартуға келісім беру арқылы Су Чжиге сыйлықты алып келуді ұсынды. Бірақ оппозиция басшысы бұл шартпен келіспей, сыйлықты оның ұлы алды. Нобель лауреатына берілетін қомақты сыйақыны Су Чжи Бирмадағы білім беру мен денсаулық сақтау саласын қолдау қорын құруға аударды. 1991 жылы желтоқсанда бірнеше елдде саясаткердің «Қорқыныштан арылу» (Freedom from Fear) атты кітабы жарық көрді.

Үйқамақта бостандыққа ұмтылу

Су Чжидің 15 жыл өмірі әртүрлі себептермен үй қамауында өтті. Оған шетелдіктермен, мүдделестерімен кездесуге тыйым салынды.

Халықаралық қауымдастық Су Чжи мен 2100-ге жуық саяси тұтқынды босатуды талап етумен болды.

1995 жылы 10 шілдеде ДҮҰЛ лидері бостандыққа шықты. 1990 жылдардың аяғында әскери билік Су Чжидің митинг ұйымдастыруына алаңдап, қайтадан үй қамауға алды.

1997 жылы Су Чжидің күйеуінен қатерлі ісік табылды. Билік оның елге келуіне рұқсат бермеді, Су Чжиге күйеуімен көрісу үшін Мьянмадан кетуді ұсынды. Қайтадан елге кіре алмаудан қауіптенген саясаткер, бұл ұсыныстан бас тартты. Михаэль Эйрис 1999 жылы 27 наурызда Лондонда көз жұмды.

2002 жылы БҰҰ жүргізген келіссөздер нәтижесінде Су Чжи қайтадан бостандыққа шықты. Янгоннан шығуға тыйым салынғанына қарамай, ДҮҰЛ лидері аймақтарды аралауға кетті. 2003 жылы 30 мамырда Мьянманың солтүстігінде жүрген Су Чжидің кортежіне әскерилер шабуыл жасады. Тағы бір шабуылда оппозицияның 70-ке жуық жақтасы қаза тапты. Қалғандарын Су Чжимен бірге үй қамауға алды.

Батыс елдері Мьянмада саяси бостандықты қайтаруды талап етіп, ел билігіне санкциялар салды.

2007 жылы 17 қазанда Канада парламенті Су Чжиді Канаданың құрметті азаматы деп таныды. Ол Нельсон Мандела, Далай Лама, Рауль Валленбергтен кейінгі тарихта осы атақты алған төртінші адам болды.

2008 жылы АҚШ сенаты Су Чжиді АҚШ Конгресінің алтын медалімен марапаттады. Бұдан соң үй қамау уақыты кезекті мәрте ұзартылды.

Бостандық

2009 жылдың 3 шілдесінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун демократиялық реформаларды іске асыру және оппозиционерлерді қамаудан босату жөнінде жергілікті билікпен келіссөз жүргізу үшін ресми сапармен келді. Әскерилер Пан Ги Мунды Су Чжимен кездестірмеді.

2010 жылы 7 қарашада 20 жылдан кейін Мьянмада алғаш рет парламенттік сайлау өтті. Оппозициялық партия оған қатыстырылмады.

Сайлау өте салып Су Чжи босатылды. Алайда оның саяси қызметі шектеліп отырды.

Қарашада ДҮҰЛ парламент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Кезекті сайлау 2012 жылдың сәуірінде өтті. Су Чжидің партиясы депутаттық мандаттың 43-ін жеңіп алды. 2 мамырда ол халық алдында ант беріп, Мьянма парламенті төменгі палатасының депутаты атанды.

2012 жылы Мьянмаға кезекті ресми іссапары кезінде Пан Ги Мун Мун Аун Сан Су Чжимен кездесіп, оны «Әлем үмітінің символы» деп атады.

«Әскерилер қалтасындағы» Нобель лауреаты

Бүгінде Су Чжи Мемлекеттік кеңесші қызметін атқарады. Іс жүзінде оны ел үкіметінің басшысы деп атайды. Алайда, оның билігі аса ауқымды емес, әскерилердің ықпалы елде әлі де күшті.

Аун Сан Су Чжи билікке келген соң халықаралық қауымдастық Мьянма өкіметі рохинджа проблемасына назар аударады деп үміттенді. Алайда, Ракхайн аймағындағы қанды оқиғалар кезінде ол көп уақыт үнсіз қалды. Осыған байланысты Аун Сан Су Чжиді «Әлем үмітінің символы» деп атауды тоқтату туралы ұсыныстар айтылды. Ал ISESCO ұйымы оны Нобель сыйлығынан айыруды талап етті.

Биыл сәуірде мьянмалық саясаткер ВВС телеарнасына сұхбат берді. Әңгіме кезінде рохинджа халқының ауыр жағдайы, оны Аун Сан Су Чжи басқаратын өкімет тарапынан қолдау мәселесі қозғалған. Саясаткердің өмірбаянын жазған Джастин Уинтли осы сұхбат кезінде Су Чжидің халықаралық қауымдастық пікіріне селт етпейтін адамға айналғанын көріп қайран қалғанын айтты. Аун Сан Су Чжи бүгінде «әскерилердің қалтасында» екен деді ол.

Аун Сан Су Чжидің әлем тарихындағы орнына оның рохинджаға қатысты саясаты айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Көрудің саны: 1 498  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру