ҚОЛДА БАРДА ҚАДІРІ ЖОҚ ҚОС НЫҒМЕТ

Хадисте адамдардың көбі қолда барда қадірін білмейтін, қадір-қасиетін айрылып қалған соң ғана түсінетін теңдесі жоқ қос нығмет жайлы айтылған. Олар денсаулық пен уақыт.

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, осынау баға жетпес қос нығметтің қадірін білмеушілік көбіне жастық шақта орын алатыны белгілі. Өйткені, адам ғұмырындағы денсаулықтың ең мықты кезі осы жастық шақ. Сол Алла берген денсаулықтың арқасында шаршап-шалдығуды білмейтін күш-қуаты тасыған жастардың аз уақытта көп істі тындыра алатын мүмкіндігі де бар. Оның үстіне жастар әбден аяқтанғанша үлкендердің қамқорлығында болатындықтан қол-аяқтарын байлайтын тіршіліктің күйбеңі мен сан түрлі жауапкершіліктерден де ада болады. Міне, сол себепті жастардың дені осынау қос нығметтің қадірін біле бермейді.

Шынтуайтында, аталмыш қос нығмет Алланың бізге берген асыл аманаты. Алайда, өкініштісі, адамдардың көбі ол екеуінің қадірін дер кезінде біле бермейді. Бүгінгі таңда, ұзаққа бармай-ақ айналамызға көз салсақ, кей адамдардың осынау асыл аманатқа қалай көпе-көрінеу қиянат жасап жатқанына еріксіз куә боламыз. Біреулер арақ-шарап, темекі және есірткі сынды харам нәрселерді өз қаражаттарына сатып алып, өз денсаулықтарын өздері құртып жатса, енді біреулер қысыр әңгіме, бос істің ауылынан ұзай алмай, одан қалса, телеарналардағы бірі бітсе, бірі басталатын сағыздай созылған түкке тұрғысыз телехикаяларды қызықтап, одан қалса арзан ойын-күлкіге салынып, тағы біреулер қылмысты болып, түрмеге түсіп, алтыннан да қымбат уақыттарын зая қылуда. Әсілі, қай адамды болмасын құрдымға батыратын аталмыш жаман қылықтар мен әдеттер көбіне-көп жастық шақта қалыптасады. Сөйтіп, ақыр соңында адамдардың көбі жас күнінде үйренген жаман әдеттердің шырмауынан шыға алмай тек жастық шағын ғана емес бүкіл ғұмырын зая қылады. Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осынау қос нығметтің қадірін дер кезінде түсініп, ғибрат алу үшін үмбетіне науқастардың көңілін сұрауды және қабірлерді зиярат етуді өсиет еткен. Осыған орай, Құранда уақыттың жалпы адам ғұмырының қаншалықты баға жетпес нығмет екенін білдіретін аяттар баршылық. Сондай аяттардың бірінде: «Әр үмбет (әр пенде) үшін белгіленген кесімді мерзім бар. Сол мерзім толып, ажалы жеткенде олар оны бір сәтке кейінге шегере де алмайды һәм бір сәтке тездете де алмайды»[2], – делінсе, енді бірінде: «Егер кәпірлердің біреуіне ажал жетсе, (ақиқатты көрген бойда жан ұшырып): «Уа, Раббым, мені дүиеге кері қайтара гөр! Игі істер істеп, зая болған ғұмырымның орнын толтырайын, – деп жалбарынады. Жоқ, ол мүмкін емес, бұл оның айтқан құр сөзі ғана, енді олардың артында қайта тірілетін күнге дейін өткел бермес бөгет (қабір әлемі) бар»[3], – делінген. Имам Шафиғидің: «Уақыт бейне бір жүзі лыпылдаған өткір қылыш секілді, егер оны дұрыс қолданбасаң, өзіңді кесіп түседі», – деген сөзі қандай керемет айтылған!

Еңкейген қарттардың қай-қайсысынан «Ең үлкен нығмет не?» деп сұрасаңыз, барлығының бірауыздан «қайран денсаулық пен уақыт» деп күрсінгенін көреміз. Адамның жасы ұлғайған сайын міндеті мен жауапкершілігі артып, денсаулығы сыр беретіні, сондай-ақ денсаулығы сыр берген сайын мойнындағы міндеттерін дәл бұрынғыдай толыққанды атқара алмасы ақиқат. Дегенмен, аталмыш нығметтердің қадірін ерте біліп жататындар да баршылық. Бұл дүние сынақ мекені болғандықтан адам баласы өмірінің әр кезеңінде әр түрлі жолдармен сыналады. Кейбіреулер жастайынан денсаулығынан айырылса, енді біреулер қамқоршысынан ерте айырылып, күйбең тіршілікке ерте араласуға мәжбүр болады. Міне, денсаулық пен уақыттың қадірін сондай жандардан сұрау керек! «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деген қанатты сөз мына бір хадиспен үндес: «Денсаулық дені сау адамдардың басындағы тәж секілді, оны тек науқастар ғана көре алады».

Иә, бойдан денсаулық кетсе, дүниедегі бар қызықтың да дәмі кететіні белгілі. Міне, сондықтан ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетіне денсаулықтың баға жетпес нығмет екенін білдіріп Аллаға: «Уа, Аллаһ, тәніме саулық бере гөр! Уа, Аллаһ, құлағыма саулық бере гөр! Уа, Аллаһ, көзіме саулық бере гөр!» және «уа, Аллаһ, бір Өзіңнен дүниеде және ақыретте есендік тілеймін, уа, Аллаһ, бір Өзіңнен дінім, дүниедегі тіршілігім, отбасым және мал-мүлкім үшін кешірім мен есендік тілеймін!» – деп, ертелі-кеш жалбарынатын болған. Осыған орай, бір
хадисте сахабалардың бірі: «Ең абзал дұға қандай?», − деп сұрағанда, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Алланан дүниеде және ақыретте кешірім мен есендік сұралған дұға», − деп жауап берген. Әлгі адам осы сұрағын үш рет қайталап сұраса да, ол дәл осы жауабынан танбаған һәм сөзінің соңында «дүниеде және ақыретте күнәларың кешіріліп, есендік берілсе, нағыз бақыт деген сол» − деген екен. Сондай-ақ басқа бір хадисте пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына: «Азан мен қамат арасында оқылған дұға кері қайтарылмайды», − дегенде, сахабалар: «Сол уақытта не деп дұға етейік?» − дегенде ол: «Алланан дүниеде және ақыретте есендік тілеңдер», − деп жауап берген екен. Ал уақытқа келсек, уақыт алтыннан да қымбат, яғни баға жетпес нығмет. Бар дүниені сатып алсақ та уақыт сатып ала алмасымыз анық. Хақ дін Исламда уақыт қасиетті ұғым. Өйткені, Хақ тағала Құранда бірнеше жерде уақытпен ант еткен. Ендеше, уақытты қастерлеп, тиімді әрі, орынды пайдалану әр мұсылманның міндеті.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ауырмай тұрып денсаулығыңның және жұмысбасты болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!»[4] деп, осынау теңдесі жоқ баға жетпес қос нығмет қолымызда тұрғанда Алла алдындағы міндеттерімізден бастап, отбасымыз, еліміз және отан алдындағы бар міндетімізді лайықты түрде атқаруды бізге өсиет еткен. Солай істесек, бір жағынан міндетімізді атқарып, бір жағынан Аллаға тиісінше шүкіршілік етеміз. Өйткені, дінде әр нығметтің шүкіршілігі сол нығметтің өзімен өтеледі деген қағида бар. Яғни, Алла тағала ғұмыр берсе, сол ғұмырды Алла жолында, игілік жолында өткізу, сондай-ақ денсаулық берсе, оған аманат ретінде қарап, оны тиісінше күту әрі денсаулықтың барында қолдан келгенше Алланың разылығына бөлейтін істер істеу сол ғұмыр мен денсаулықтың шүкіршілігі болып табылады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, адам баласы бейне бір суда жүріп судың қадірін білмейтін балық сияқты. Байғұс балық көзін ашқалы су ішінде жүргендіктен судың қадірін қайдан білсін! Ол судың қадірін күшті жел толқытып, жағалауға шығып қалғанда ғана біледі. Сол сияқты біз де Алланың бізге тегін берген тіршілікке судай қажет сансыз нығметтерінің ішінде жүзіп жүрміз десек болады…

[1] Ибн Аббас (р.а.) жеткізген. Бұхари, Риқақ 1; Тирмизи, Зүһд 1

[2] «Ағраф» сүресі, 24 аят
[3] «Муминун» сүресі, 99 аят
[4] Хаким, Мүстәдрак, 4/341; Ибн Әби Шәйбә, Мусаннаф, 7/77; Бәйхақи, Шуғабуль-иман, 7/263; Хильятуль-әулиә, 4/148

Асқар Болатбекұлы
muslim.kz
Көрудің саны: 55  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру