» Екі жылдан соң қызметін бастайды

Екі жылдан соң қызметін бастайды

Жуырда аудан әкімдігінде облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында аудандық мекеме, бөлім басшылары, мемлекеттік қызметшілермен кездесті.
Кездесудің мақсатын түсіндірген аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамында айтылғандай еліміздің денсаулық сақтау саласының қызметі бүгінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі негізінде іске асырылып жатқанын жеткізді. Жалпы, МӘМС – бұл халық денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі екенін айтып, осы жүйенің тиімділігін кеңінен насихаттауға шақырды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының КЕАҚ-ның Қызылорда облысы бойынша бас сарапшысы, АНТ жетекшісі А.Рахимов МӘМС жүйесінің заңына енгізілген өзгерістерге тоқталды.
Елбасының биылғы Жолдауында «Адами капиталдың жаңғыру негізі» деп аталатын 7 міндетінің денсаулық саласы бойынша «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» тақырыбында МӘМС кезең-кезеңімен енгізілетіні айтылған. Халық денсаулығын жақсарту мақсатында енгізіліп отырған реформалардың барлығы сала жұмысында оң нәтижесін беріп келеді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» Заңы 2015 жылы 16 қарашада қабылданды. Осы Заң аясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» құрылды. 2017 жылдың маусым айында аталған қордың филиалдары еліміздің облыстарында ресми түрде ашылып, осы жылдың 1 шілдесінен МӘМС жүйесі бойынша тұрғындар жарна төлеуді бастады. Аударылған жарналар Ұлттық банкте сақталады және қордың ресми сайтында ашық көрсетілген.
Бұдан кейін А.Рахимов еліміздің әлеуметтік мәртебесінің мемлекеттік ақпараттық жүйелерде өзектендірілмеген белсенді емес халықтардың санағына байланысты. МӘМС жүйесіндегі көрсетілетін медициналық қызмет мерзімі екі жылға шегерілгенін айтты. Белсенді емес халық санатына – белгілі бір кәсіппен айналысатын және тіркелмеген есептілікте жоқ тұлғалар жатады. Сондықтан белсенді емес халықтың есебі қашан біржақты болғанша түсіндіру жұмыстары жүргізіле беретінін, МӘМС жүйесінің медициналық қызметі 2020 жылы басталатынын жеткізді. Заңда көрсетілген өзгерістерге байланысты әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мен аударымдардың түрлері және төлеу тәртібін түсіндіріп өтті. Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

С.БЕРТАЕВ.
---
12 маусым 2018 ж. 391 0