» » БАЙЫРҒЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ, БҮГІНГІ КӘСІПКЕР

БАЙЫРҒЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ, БҮГІНГІ КӘСІПКЕР


Бүгінгі күннің басты талабы – ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде мал шаруашылығын өркендету. Қадым заманнан тұрмыс-тіршілігі төрт түлікке тікелей тәуелді болып, табиғатпен біте-қайнасып келе жатқан халқымыз үшін мал шаруашылығы таңсық емес. Бір кездері төсін төрт түліктің тұяғы таптаған байтақ дала тоқырау топалаңы тиіп, қаңырап бос қалды. Егемендіктен кейін еліміз ес жиып, етек жинаған соң қаңырап қалған сол жазиралы алқап қайтадан түлей бастады. Құм қойнауынан отар-отар қой өрді, шөл кемесі келе-келе түйеге толды. Бір кездері суы тартылып, ақ сор болған көлдер жағасында бүгінде үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр жусап жатыр. Бұл – мемлекеттің ауыл шаруашылығын қаржылай қолдауының және жекелеген шаруалардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

Нарық қоғамына бейімделіп, отбасылық кәсіпті ерте қолға алғандардың бірі – Құсбековтер әулеті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халық жаппай ала дорба арқалап, базар жағалап кетті. Нақ сол кезеңде ауданда алғашқылардың бірі болып дүкен ашып, халыққа қызмет жасаған бұрынғы құрылысшы Болатбек Құсбеков бүгінде ауданға белгілі кәсіпкер.
Аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеу­­меттік нысандардың құрылы­сын­да­ қолтаңбасы қалған Болатбек­­ аға­мыздың есімі аудан жұртшы­лығына етене таныс. Ол 1977 жылы қала орталығындағы политехникумды бітіріп келген соң, аудан орта­лығындағы ПМК-5 құрылыс мекемесінде еңбек жолын бастады. Кейін өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында бірінші учаскеде прораб, механикаландырылған колоннаның учаске бастығына дейін көтерілді. Сол кезеңде 18 пәтерлік тұрғын үй, мәдениет үйі, Қаракеткен мен М.Шәменов ауылындағы мектеп, ауылдық клуб және тағы сол сияқты көптеген құрылыс жұмыстары қарқын алды. Осы салада елеулі еңбек еткен ол аудандағы сәулетті нысандардың бой көтеруіне атсалысып, абыройлы қызмет атқарды. Содан соң тоқсаныншы жылдары сауда сөрелерінде азық-түлік тапшылығы байқалған тұста ел экономикасын еселеуге кірісіп, жергілікті халықты ұнмен қамтамасыз етті. Сол кезеңдерде алғашқылардың бірі болып аудан орталығынан «Нұрдәулет» сауда орнын ашып, кәсіпкерлік бағытында халыққа қызмет көрсете бастады. Ал қазір атакәсіпті қолға алып, қорасын төрт түлікке толтырып отыр.
Кәсіпкер 2005 жылы өзінің жеке шаруа қожа­лығын ашып, аграрлық саланы қаржылай қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрді. Атакәсіпті дамытуды қолға алған шаруашылық иесі мал басын көбейтумен қатар, ет, сүт бағытында жұмыс жасап, экологиялық таза, жергілікті өнімді тұтынушыларына үлестіріп келеді. Мал асылданбай, өнім молаймайтынын білген ол 2011 жылы «Агронесие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы арқылы 7,9 млн теңге несие алып, қаржыны 2 бас асылтұқымды бұқа мен 48 бас аналық сиыр алуға жұмсады. Бүгінгі күнде мұндағы мал төлін қоспағанда аналық сиырдың саны 100-ден асады.
Кәсіпкер Мәдениет ауылының маңайынан мал өсіруге қолайлы 41 гектар жайылымдық жер алып, үй тұрғызып, қоражай салған. «Мал баққанға бітеді» демей ме?! Малдың құнарлы жем-шөбінен бастап, түрлі ауруларға қарсы екпелерінің уақытылы салынып тұруын, қоражайының санитарлық тазалығын, тіпті қоражай ішінің қалыпты температурасына дейін иесі қадағалап отыруы керек. Күтімсіз мал басы көбеймейді. Бұл тұрғыдан келгенде кәсіпкер ыждағатты. Таң азаннан тұрып малды сауу, өріске шығару, қорада қалатын төлдерін суарып, жемдеу, қора жайын тазалау секілді жұмыстарды Болатбек ағамыз бен баласы Нұрдәулет атқарады.
– Ата-бабамыздың тұрмысына тұтқа болған төрт түлік малдың тұяғы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тым азайып, мал шаруашылығы кенжелеп қалған болатын. Еліміз еңсесін тіктеген соң ел экономикасының әлеуетін күшейтіп, халықтың әлеуметтік жағдайын нығайту үшін аграрлық салаға көңіл бөлініп, кешенді шаралар қабылданды. Нәтижесінде көптеген бағдарламалар өмірге келді. Мен де «Сыбаға» бағдарламасынан сыбағасын алғандардың бірімін. Бүгінде шаруашылықтағы зеңгі баба түлігінің басы жүзден асып жығылды. Олардан жыл сайын 60-70 бас төл алынады. Жайылымдық жердегі үйге арнайы күн электр құрылғысы орнатылған. Шүкір, адал еңбектің арқасында жыл сайын төлге төл қосылып, малдың басы көбейіп келеді. Жылқы малы да бір үйірден асады. Жылқыны үйірінен іріктеп алып, бордақылаймыз. Сауыншылар 80-ге жуық сиырды сауып, одан шыққан сүтті мектеп, балабақша асханаларына, сауда дүкендеріне өткізеді. Тек мал шаруашылығымен ғана шектелмей, кәсібімізді одан әрі кеңейту бағытында кент орталығынан әлеуметтік нысан салдық, – дейді Болатбек Әубәкірұлы.
Иә, кәсіпкер сүт, айран, қатық, сүзбе, қаймақ, құрт, ірімшік секілді өнімдерді төмен бағамен аудан халқына ұсынып отыр. Бұл шаруа қожалығы мал азығы мен шөпті де өздері дайындайды. Жыл сайын 30 гектар жерге жоңышқа, 50 гектарға күріш егіп, оны жиын-терім науқанында ысырапсыз жинап алады.
Жоғарыда Болатбек ағамыздың шаруашылық жұмысын қолға алғанға дейін құрылыс саласында отыз жылға жуық еңбек еткенін айттық. Ал оның жары Қалдыгүл Төрешова жиырма жылдан астам уақыт білім саласында қызмет етті. Қазір кент ішіндегі «Нұрдәулет» сауда орталығының жұмысын жүргізуде.
Адал еңбекпен ел ықыласына бөленген Қалдыгүл апамыз Болатбек ағамыз екеуі өмірге 4 ұл әкеліп, бүгінде олардан немере сүйіп отыр. Балаларының барлығы да жоғары оқу орындарын бітірген. Тұңғыш ұлдары Серікбол – Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірсе, Берікбол – «Болашақ» университетін мұнай-газ мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал Нұрсұлтан болса Алматы қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінен экономист маман­ды­­ғын алып шықты. Қазір ол өңір экономикасын арттыру бағытында өз кәсібін жүргізіп келеді. Әкесінің көмекшісі, үйдің кенжесі Нұрдәулет – Қорқыт ата атындағы ҚМУ бітіріп, төрт түлікті асылдандыруға жұмыс жасауда. Береке дарып, құт қонған Кұсбековтер шаңырағындағы ұл-келіндері қазіргі таңда ата-анасының кәсібіне демеу болып, шаруашылық жұмыстарды жүргізуге қолғабыс етуде.
Жалпы үлкен өмірге қол ұстасып бірге қанат қаққан екі жанды көп жағдайда білім, мәдениет, денсаулық саласында жиі кездестіруіңіз мүмкін. Ал ерлі-зайыптылардың кәсіпкерлік саласында бір-бірін толықтырып жүруі сирек кездесетін құбылыс. Міне, осы саланы ұршықша иіріп әкеткен Болатбек Құсбеков пен жары Қалдыгүл Төрешова атакәсіпті дамыту бағытында тер төгіп, қазір адал еңбектің жемісін көруде.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ
10 тамыз 2019 ж. 544 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9573)

10 желтоқсан 2019 ж.

№96 (9572)

07 желтоқсан 2019 ж.

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 573

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 558

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031