» » Қарыздан қалай құтыламыз?

Қарыздан қалай құтыламыз?


Қазақ дүние-мүлікті ұрпағының болашағы үшін жинапты. "Түстік өмірің болса, кештік мал жина" деп өсиет қалдырған кешегі бабаларымыз отбасының, әулетінің тұрмыс тапшылығын көрмей, жоқшылықтың тауқыметін тартпай, жайлы өмір сүргенін қалапты. Демек, халқымыз отбасын жоспарлауды ешкімнен үйренбеген. Ал шашпалық, ысырапшылдық, даңғойлық секілді жаман әдеттер біздің бойымызда беріде, кешегі ит басына іркіт төгілген коммунизм заманында қалыптасқан сияқты. Ал қазақтың қонақжай көңілінің жөні бөлек, оны ысырапшылдыққа, отбасылық шығынға жатқызуға болмайды.
Бүгінде он адамның тоғызы мойнына қарыз арқалап жүр. Әйтеуір бір құтылармын деп қамсыз жүре беретін көрші-қолаң, ағайын туыстың арасындағы майда-шүйде ақша емес, өте жоғары суммадағы мемлекетке берешегі. Анығырақ айтқанда, банктерден алған несиелері. Қазір біздің арқамызға тіршіліктің тақымы батып, сәл қинала қалсақ қарыз алатын болдық. Бұрынғыдай емес, қазір банктер несие беру үшін көп уақытыңды ұстамайды, құжат рәсімдеу де оңай. Төлқұжатыңды бересің және бірнеше жерге қолыңды қоясың, бітті. Сәлден соң қолыңдағы бума-бума ақшаның буымен көңілің шалықтап үйіңе қайтасың. Мейрамханаға дүркіретіп тойыңды жасайсың, ұлыңды үйлендіріп, қызыңды ұзатасың, құдаңды шақырасың немесе үйіңді күрделі жөндеуден өткізесің, астыңа көлік аласың. Бірақ сол көңіліңді шалықтатқан рахат сезім бір ай өтпей-ақ қасіретке айналады. Банктен жоғары пайызбен алған ақшаңды "жарылқағыш" иелеріне үстемесімен қайтаруға тура келеді. Оған бірінің жағдайы келеді, бірінің жағдайы көтермейді. Несие алатын адам қаражаттан қысылғанда алдағы қиындықты ойламайды, оны берген банк те ескертпейді. Сонымен бірнеше жыл сол банктің "тұтқынына" айналасың. Арада келісім-шартың бар, заң бар, ешқайда қашып құтыла алмайсың. Тек қарызыңды толық өтегенде ғана банк басыңа "бостандық" береді. Айлық жалақыңның белгілі бір мөлшерін, тіпті кейде барлығын бірнеше жыл бойы несие жабуға жұмсайсың. Ал сенің отбасың бар, балаларыңды біреу киіндіріп, аузына ас салмайды. Оған күнделікті тұрмыс қажеттілігін қосыңыз! Міне, осындай тұрмыстық мәселелердің барлығы қордаланып келіп отбасыңа залалын тигізеді. Маңдай термен тапқан табысыңды тұрмысыңа жарата алмаған соң жүректі уайым басып, жүйкең де жұқара бастайды. Оның салдары ерлі-зайыптылардың арасында түсініспеушілік туындатып, ол кикілжіңге ұласады. Мұның ақыры кей жағдайда отбасының ойрандалуына әкеліп соғады. Бұрынғы бабаларымыз осындай жағдайлардың алдын алып, ұрпағыма деп мал жинапты. Үйленген балаларын қара шаңырақтан бөлек отауға шығарып, өзіне тиесілі еншісін беріпті. Жат жұрттық дегенімен ұзатылған қыз баланың да әкесінің жиған дүние-мүлкінен өзіне тиесілі бөлігі болыпты.
Қазір заман басқа, заң басқа. Ендеше, жаңа заман талабына лайықты өмір сүруіміз керек. Оған қазір мүмкіндік те мол. Жоғарыда айтқан халқымыздың ұрпағына жасаған қамқорлығын осы заманға сай жетілдірудің арқасында қазіргі қазақ қоғамында "отбасы бюджетін қалыптастыру" деген түсінік пайда болды. Тіпті бұл бүгінде тұрақты сөз тіркесіне, тілдік терминге айналып кетті. Сонымен отбасы бюджетін қалай жоспарлаймыз, үнемдейміз, толықтырамыз? Несиенің құрығынан қалай құтыламыз? Ол үшін ең алдымен Абай айтқан "еріншек, бекер мал шашпақ" әдеттен арылуға тиіспіз. Өйткені ысырапшылдықта береке болмайтынын түсінетін уақыт келді.
Мәселен, бұл тұрғыда ұлттық банк мынадай кеңес береді: Ақша жинақтай бастаудың бір ережесі – несие карталарынан арылу және қарыз алмауға тырысу. Тапқан ақшаңызға ғана сеніңіз. Несие картасындағы ақшаны қолдану жақсы әрі жеңіл. Алайда оны қайтару керек екенін ұмытпаңыз. Ең алдымен пайыздық мөлшерлемесі ең жоғары несиені жабыңыз, оған бәрінен де көп ақша кетеді. Несие мақсатқа жетуге көмектесуі мүмкін, бірақ сіз сол ақшаны өзіңіз де жинақтай аласыз және заем үшін банкке артық төлем жасамайсыз. Табыстың 10 пайызын сақтап қойыңыз. Ақшаны табыстың кез келген деңгейімен жинақтауға болады. Ақшаны сақтап қою арқылы қарызсыз, несиесіз көлемді затқа қол жеткізуге болады. Егер жалақының соңғы тиынына дейін есептеліп қойған болса, жоспарда жоқ табыстан сақтаныңыз: туған күнге берілген ақшалай сыйлықтан немесе сыйақыдан. Ақша қолға түсе салысымен дүкенге немесе коммуналдық қызметті төлеуге бармас бұрын 10 пайызын сақтап қойыңыз.
"Отбасылық бюджетті жоспарлау қаржы дағдарысынан қорғайды, әсіресе валюта бағамы тұрақсыз болғанда, азық-түлік қымбаттап, жұмыс беруші жалақыны кешіктіргенде. Жарты жылдан кейін алғашқы нәтижені көруге болады. Ақша жинақтауды үйренесіз және қарыз алмай-ақ салмақты дүниеге қол жеткізе аласыз. Әр қадам сайын сіздің ақшаға деген қарым-қатынасыңыз өзгереді", – дейді сала мамандары.
Ал, қаржыгерлер тұлғаның табысты болуы тікелей өзіне байланысты екенін айтады, яғни басты мәселе − жоспарда. Осы орайда жас отбасылар үшін бюджетті қалай жоспарлау керек деген сауалдың жауабын айта кетуді жөн көрдік. Қаржыгерлер ақшаға байланысты қиындықтарды шешудің оңай әрі тиімді жолдары жайында мынадай кеңес береді:
1.Қаржыға қатысты істі неге бастағаныңыз әрдайым есіңізде болсын. Мұны біреу айтқаннан немесе осылай істеу қажет деп орындамаңыз. Өзіңіз үшін себебін түсініп алыңыз. Мысалы, «табысым шығынымнан артық болуын қалаймын» немесе «шығынымды 10 пайызға дейін қысқартуым қажет». 2. Нақты қол жеткізуге болатын мақсат қоя біліңіз. Мысалы, «жөндеу жұмыстарына 150 мың тенге жинақтауым қажет». 3. Отбасы бюджеті сенімді болу үшін нақты кірісітер мен шығындарды есептеңіз. 4. Жинақ шотын ашып, ақша жинақтай бастаңыз. Ең оңтайлысы, қолма-қол ақша алу мүмкіндігі жоқ депозитпен қолданыңыз. Резервтік қорды қалыптастыра беріңіз. 5. Өз-өзіңізге «Супермен боламын» деп уәде бермеңіз. Отбасылық бюджетті бір айда қалпына келтіремін деп қиялға беріліп кетпеңіз. Ақырын ғана бастап, әрекет етіңіз. 6. Мүмкіндігінше өзгелердің қолдауына ие болыңыз немесе бюджетті ойластыруды досыңмен, құрбыңмен бастаңыз. 7. Бюджетті қайта қарауға қорықпаңыз. Оңтайлы жол іздестіріңіз. 8. Қолжетімді мақсат қоя біліңіз. Әр бастама үлкен іске әкелетінін ұмытпаңыз.
Иә, бір сөзбен айтқанда, ақша жұмсауда аса үнемшілдік пен ыждағаттылық керек екен. Яғни ұлттық банк те, қаржыгерлер де тиыннан теңге құралатынын естен шығармауды меңзеп отыр. Ендеше, жиған артық қорыңыз болмаса, несиеге тәуекел етуді тоқтату керек. Өйткені жоғырыда айтқанымыздай, уақытында өтелмеген қарыз тек жеке адамның жүрегін ауыртып, жүйкесін жұқартып қана қоймайды, бүтін бір отбасының бірлігіне сызат түсіреді.

Қуат Адис
23 қараша 2019 ж. 325 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9572)

07 желтоқсан 2019 ж.

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

№94 (9570)

30 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 485

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 472

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031