» » КӘСІП АШУҒА мол мүмкіндік бар

КӘСІП АШУҒА мол мүмкіндік бар

Биыл өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы». Мемлекет кәсіп бастайын дейтін азаматтарға тиімді мүмкіндіктер қарастырды. Бұл шағын несие алып, өз ісін өрістететін кәсіпкерлер қата­рын арттырады.
Осыған орай, жыл басында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы» әзірленді. Жол картасында жалпы бюджеті 32 млрд 86 млн теңгені құрайтын барлық негізгі бағдарламалар, оның ішінде өңірлік бағдарламалар қамтылды. Бұл қаражаттың 3 млрд теңгеден астамы «Стартап» жобаларға бағытталады.
Айталық, жол картасы кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға, оның ішінде ауылдық жерде шағын несиелер берудің география­сын кеңейтуді көздейді. Бұл бағытқа тек биылғы жылы облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаражат бөлініп, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына орналастырылды. Бүгіннің өзінде Өңірлік инвестициялық орталықпен жалпы құны 500 млн теңгеге микробизнес субъектілерінің 172 жобасы мақұлданды. Жалпы, бұл мақсатқа әртүрлі қаржы көздерінен қосымша тағы 2 млрд теңге қарастырылмақ. Мұнан бөлек, ағымдағы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында шағын несиелер беру үшін 1 млрд 900 млн теңге бөлу қарастырылған.
Айта кетейік, бағдарлама шеңберінде несиелендіру сәуір айынан бастап жүргізілмек. Жыл соңына дейін 500 шағын несие беру көзделіп отыр. Бағдарламаға жұмыссыз және нәтижелі жұмыспен қам­тылмаған азаматтар қамтылады. Биыл «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша 1600 адамды оқудан өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін грант беруге 200 млн теңге бөлінді. Іріктеу осы айда өткізілмек. Жыл соңына дейін бағдарлама шеңберінде кемінде 100 жобаны субсидиялау, 40 жобаны ішінара кепілдендіру және 70 жобаны грантпен қаржыландыру көзделіп отыр. Мұндай қолдауларды өңір тұрғындары да тиімді пай­даланып, өз кәсіптерін ашуға талпынып отыр.
Ауылда кәсіп көздерін ашуға көбірек көңіл бөлу қажет. Осы мақсатта ауылдық елді мекендерде кәсіпке ынталы азаматтарға мемлекеттік бағдарламалардың бағыт-бағдары кеңірек түсіндіріліп, кәсіпкерлікті дамыту қолға алынды. Биыл аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес әр елді мекенде жылыжай салу бастамасы қолға алынады. Айталық, өңірде жылдан жылға мал басы көбейіп, ет, сүт өнімдерінің де көлемі артып келеді.
Өткен жылы шағын және орта кәсіп­кер­лікті дамыту мақсатында мемлекеттік бағ­дарламалар аясында жалпы құны 1 млрд 408,4 млн теңгені құрайтын 174 жоба қаржыландырылды. Жыл қорытындысы бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 1131 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, бюджетке 103 млн теңге салық түскен. Бұл бағытта жұмыстар одан әрі жалғаса бермек.

Н.ҚАЗБЕКОВ.
10 сәуір 2018 ж. 470 0