» » Сыр цементі: биылғы меже - 500 мың тонна

Сыр цементі: биылғы меже - 500 мың тонна



Өткен жылдың мәресінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен «Индустрияландырудың екенші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпірі барысында Сыр өңірінен қуаттылығы жоғары тампонажды цемент зауыты іске қосылды. Қысқа мерзімде бой көтерген зауыттың тыныс-тіршілігімен танысу үшін біз оңтүстіктегі ауданға арнайылап сапарлап бардық.
Тампонажды цемент әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Бұл баршамызға белгілі. Әсіресе, ол уран өндірісі мен мұнай-газ саласына қажет компонент саналады. Міне, экспорттық әлеуеті жоғары өнім қысқа мерзімде салынып, қолданысқа берілген Сыр өңіріндегі зауытта өндіріле бас­тады.
Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында Шиелі ауданында индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында 3 жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – кенттегі индустриялық аймақтан бой көтерген Шиелі тампонажды цемент зауыты. Жобаны қазақстандық  «DANAKE корпорациясы» мен қытайлық цемент компаниясы бірігіп қолға алды. «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС зауыты жобасының жалпы құны – 64 млрд теңге. Айтулы жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асты. Жобаның бас мердігері – «Чайна Триумф Интернэшнл» әлемдегі үздік 50 халықаралық көшбасшы компаниялардың бірі.
Біздегі біріккен кәсіпорын жылына 1 млн тонна өнім шығармақ. Осы өнімнің 300 мың тоннасы күнделікті тұрмыста қолданып жүрген  портланд цемент болса, қалған 700 мың тоннасы тампонажды цемент. Мамандар Шиелі зауытының өнімі тампонажды цементке деген елдегі сұранысты толық жабады деп отыр. Қазіргі таңда елімізде цемент өндіретін 11 кәсіпорын бар. Солардың біреуі ғана осындай өнім шығарады. Демек, стратегиялық сала өндірісіне қажетті сапалы өнімге деген сұраныс жоғары болады.
Қолданысқа берілген бір жарым айдың ішінде цемент өндіру ісінде негізгі компонент болып табылатын клинкердің 10 мың тоннасын шығарыпты. Енді оған арнайы қоспалар қосылады. Кәсіпорынға қажетті шикізаттың басым бөлігі жергілікті жерден алынады. Сыр өңірі жерасты байлығына кенде емес. Құм мен щебень карьерлері зауыттан 22 шақырым жерде орналасқан.
Сырдың цементі алдағы наурыз-сәуір айларынан бастап нарыққа шығарыла бастайды. Мұндағы жұмысшылардың 80-85 проценті жергілікті мамандар. Қазір мұнда 260 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт басшысының орынбасары Алмас Сұраншиев биылғы жылы 500 мың тонна өнім шығару жоспарланып отырғанын жеткізді. 
– Біз жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту мақсатында 100 адамды арнайы оқытып, Қытай еліндегі зауытта тә­жіри­бе жинақтаудан өткіздік. Бұған қоса, инвесторлар Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі­нің базасында жергі­лікті жастардан 100 маман даярлауда, – деді ол.
Жоғарыда атап өткеніміздей, шығарылатын өнім атом өнеркәсібі мен газ-мұнай саласында және құрылыста кеңінен қолданылады. Қазіргі күні өнімді сату бойынша Қызылорда және Түркістан облыстарынан өзге елдің батысындағы 3 облыспен меморандум жасалған. Өнімнің экспортқа бағытталатынын ескерген маркетологтар Сырдың цементін шетелдік нарыққа шығару бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Өзбекстан және Түркия мемлекетінің іскерлерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Дайын өнімнің 70 проценті ішкі нарықты қамтыса, қалған бөлігі ТМД елдері мен Қытайға экспортталады.
Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы бұл аудан үшін ғана емес, аймақ үшін үлкен инвестициялық жоба екенін атап өтті. Айтуынша, нысанның құрылысы кезінде барлығы 1200 адам жұмыспен қамтылған. Оның 800-і жергілікті жердің азаматтары болса, қалғаны ҚХР-дан келген мамандар.
Шикізат қоры мен жаңа технологиялардың мүмкіндігі баға мен сапаға тікелей әсер ететіні мәлім. Өнімге қажетті шикізаттың 98 проценті оң­түстіктегі ауданның кен орын­дарында бар. Бұл – құм, доломит, әк тасы және уақталған қиыршық тас. Тек цементке қажетті қоспалар ғана сырттан тасымалданады.
 Жобаға мемлекеттік қолдау шаралары ретінде индустрия­лды аймақтың жанынан 50 гектар жер телімі табысталған. Зауыт құрылысының аумағы – 46 гектар. Ал 4 гектар жерге жұмысшылар мен қызмет­керлерге арналған жатақхана, асхана және басқа да әлеуметтік құрылыстар салынған.
Кәсіпорынға жұмысқа орналасқан шиелілік жастың бірі – Раджу Өмірбеков. Ол құрылыс салу кезінде техникалық қауіпсіздік бөлімінде еңбек еткен. Ал, құрылыс жұмыстары біткен соң цемент зауытының өндірістік бөліміне қабылданыпты. «Кен орындарынан жеткізілген шикізат алдымен қабылдау бункеріне түсіріледі. Автоматты лента арқылы ұнтақтау бөліміне жеткізіліп, әк тас­ты қондырғы арқылы майда ұнтаққа айналдырамыз. Ол 7 тонналық сыйымдылықтағы ыдысқа жиналады. Сонан соң 50 және 20 мың тонналық бункерге жіберіледі. Мұндағы пешке лента арқылы жеткізілген шикізат 1450 градус ыстық температурада өртеліп, салқындату мұнарасына жіберіледі. Клинкер, яғни цементтің негізгі құрамы дайын боламын дегенше осындай күрделі процес­терден өтеді. Кейін оған маркасына сәйкес түрлі қоспалар қосылады. Цемент 50 келі және 1 тонналық болып қапталады», – дейді жас маман.
Зауыттағы өндіріс кезінде бөлінетін көмірқышқыл газы арнайы сүзгіден өтіп, тазартылады. Жаңа кәсіпорынның жаңа техгология бойынша жұмыс істейтінін айтқан жөн. Мұнда Елбасы Жолдауында айтылған цифрландыру жүзеге асырылуда. Ақпанның 1-і күні зауыттың жұмыс барысымен танысқан халық қалаулылары да кәсіпорынның ел экономикасына қосар үлесі зор болатынына сенім білдірді.

Дәуіржан Елубаев.
Шиелі ауданы.
05 ақпан 2019 ж. 180 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (9537)

06 тамыз 2019 ж.

№60 (9536)

03 тамыз 2019 ж.

№59 (9535)

30 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031