» » ТІЛСІЗ ЖАУДЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛМАЙЫҚ ДЕСЕҢІЗ...

ТІЛСІЗ ЖАУДЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛМАЙЫҚ ДЕСЕҢІЗ...



Жаз басталысымен суға кету жағдайының жиілеуі кімді болса да алаңдатпай қоймасы анық. Суға түсу маусымының басталғаны кеше ғана сияқты еді. Бірақ осы уақыт аралығында бірнеше тұрғын тілсіз жаудың құрбаны болды.

Көбіне төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары бұл деректерді қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамаумен байланыс­тырады. Мәселен, каналға суға түсу кезінде алдымен денені салқын суға үйретіп алған абзал. Ал жүзе білудің су айдынында маңызды рөл атқаратыны айтпаса да белгілі.
Осыдан екі жыл бұрынғы мәліметке сүйенсек, 2017 жылы Жалағаш ауданының өзінде 6 адам су айдындарында көз жұмды. Былтыр бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеді. Десе де адам шығыны болды. №202 мектептің бір оқушысы каналға суға түсу кезінде жан тәсілім етсе, жергілікті шаруашылықтардың біріндегі жасанды су қоймасында тағы бір бала көз жұмды. Мамандардың айтуынша, қоймадағы су салқын болғандықтан баланың тамыры тартылып қалған. Осындай қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамаудың соңы өкінішпен аяқталып жатады.
Алдыңғы жылы суға түсу кезінде адам шығыны көп болуына да себеп жоқ емес. Мәселен, Жалағашта сол уақытта рұқсат етілген арнайы су айдындары болған емес. Қазіргі таңда рұқсат етілген бір арнайы канал бар. Оның өзі кенттен 15 шақырымдай қашық. Ондай жерге ересектер көлік тауып барар. Ал оған шамасы жоқтар қайтпек? Жергілікті әкімдіктің жиналыстарында осындай су айдындарын ашатын кәсіпкерлер болса қолдау да болатыны айтылып жүр.
Әзірге іскер азаматтар бизнестің бұл түрін қолға алуға құлықсыз. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жасұлан Түйменовтің сөзінше, каналға суға түсуді жергілікті халық ерте бастап кетеді екен. Мамыр айының ортасында да каналға шомылатындар табылыпты. Мұндай уақытта салқын суға денені үйрету қиынға соғатын көрінеді. Бөлім басшысының бұл кеңесіне құлақ түрген жөн сияқты. Себебі осыған дейін салқын суға алдымен денені үйретіп алмаудың салдарынан да адам шығыны орын алған еді. Мұнан кейін мас күйінде каналға суға түсу қауіпті. Десе де тұрғындардың кейбірі мұны ескере бермейді. Ал ата-ананың қарауынсыз каналға суға шомылуға барған балалардың өмірі не болып жатқанын көзімізбен көріп жүрміз. Сондықтан осы мезгілде балаларды назардан тыс қалдырмаған абзал.
Қазір кентке жақын аумақта халыққа арнайы суға түсуге рұқсат етілген орын қажет. Бұл істі ебін тапса тек жергілікті кәсіпкерлер ғана жүзеге асыра алады. Осы ретте кез келген іскер азамат тек түсетін пайданы есептемей, халықтың алғысы үшін де тәуекелге баруы қажет сияқты. Болмаса, болмашы нәрседен адам шығынының артып жатқанын көріп жүрміз ғой. Мүмкін ол саған бір-екі жылда табыс әкелмес, кейін көптің көзі үйренгенде тұтынушыңның қатары қалыңдамасына кім кепіл. Біздікі тек ой салу, ал арғы жағы сіздерге байланысты.




Ерлан СОЗАҚБАЕВ
10 шілде 2019 ж. 166 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

№80 (9556)

12 қазан 2019 ж.

№79 (9555)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031