» » “АНАСЫН БАЛА, БАЛАСЫН АНА ЖОҚТАМАСЫН МӘҢГІЛІК”

“АНАСЫН БАЛА, БАЛАСЫН АНА ЖОҚТАМАСЫН МӘҢГІЛІК”

Биыл 27 наурызда аудан территориясында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшыраған болатын. Сол күні Ақтаудан Шымкентке бет алған тікұшақ бортындағы 13 адамның барлығы қаза тапты. Марқұм болғандардың 12-сі Ақтаудағы 30153 әскери бөлімінде қызмет еткен. Бейбіт күнде опат болған 13 оғланның қазасы жұрттың қабырғасын қайыстырды. Олардың артында баласын жоқтаған ата-аналары, тірегім деп еңіреген жарлары, әкетайлап жанарынан жас төккен балалары қалды.
Өткен сенбіде әуе апатынан қаза тапқандарға ескерткіш тақта орнатылды. Оның ашылу салтанатына ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев пен облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов және әскерилер мен қаза болған жауынгерлердің туыстары, достары, аудан жұртшылығы қатысты.
Ескерткіштің ашылуында сөз сөйлеген ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қаза тапқан 13 жауынгерді әскери антқа адал болған патриот екенін айтты.
– Біз оқу жауынгерлік тапсырмаларды орындай отырып, бейбіт уақытта мезгілсіз өмірден озған Отанымыздың ұлдарына ескерткіш орнатудамыз. Жігіттеріміз «соңғы ұрыстарын» қабылдады және әскери ант пен жауынгерлік бауырластыққа адалдықтарын дәлелдеді. Бұл сарбаздардың ғұмырлары қысқа болса да, өздерінің парыздарына адал болып, мағыналы өмір сүрді. Біз олармен мақтанамыз және олардың ата-аналарына осындай ұлдарды өсіргені үшін алғыс айтамыз. Қаза болған қызметкерлердің отбасыларына алдағы уақытта да жан-жақты көмек көрсетіледі. Әрине, бұл олардың қайғысын жеңілдетпейді, бірақ біз қолдан келген көмегімізді аямаймыз, – деді Қорғаныс министрі.
Шараға қатысқан облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қаза болған азаматтардың есімі ел есінде сақталатынын атап өтті.
– Бейбіт заманда 13 сарбаздың қаза болуы – барлығымыз үшін ауыр қайғы. Қаза тапқан азаматтардың отбасына қайғырып, көңіл айтамыз. Олардың есімдерін халық жадында мәңгі сақтауы үшін қаза тапқандардың құрметіне ескерткіш орнатылуда, – деді аймақ басшысы.
Қаза болғандардың жақындарының атынан лейтенант Аслан Айтбаевтың әкесі Болашақ Айтбаев сөз сөйлеп, баладан айырылу ата-анаға оңай еместігін, олардың әрқайсысы бір-бір үйдің тірегі болғандарын жеткізді.
Шараға қатысушылар әуе апатынан опат болғандарды үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осы сәтте жақындарынан айырылғандар құлы­нымдап, жаным деп жылап, әкетайлап жанар­ларынан жас төкті. Олармен бірге ескерткіштің ашылуына келген көпшілік жүрегі езіле, қабырғасы қайыса жылады. Жұртшылық “Құдайым, енді мұндай жағдай болмасыншы, анасын бала, баласын ана жоқтамасыншы” деп тарқады.
Ескерткіштің ашылуы рәсімінен кейін құрбан болғандардың рухына бағышталып, ас берілді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күш­те­рінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ми-8 ті­кұ­шағының апаты кезінде қаза тап­қан әс­кери қызметшілердің қызметтік боры­шын адал атқарғаны және ерлігі мен жан­қияр­лығы үшін "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдарымен марапатталған болатын.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

30 шілде 2019 ж. 183 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (9571)

04 желтоқсан 2019 ж.

№94 (9570)

30 қараша 2019 ж.

№93 (9569)

26 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 472

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 462

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031