» » Eл есіндегі еңбекші

Eл есіндегі еңбекші

Қызылорда облыстық архивіндегі құжаттарда «Еңбекші» колхозы 1928 жылы құрылды, – деп жазылған. Алайда онымен көршілес болған «Жаңаталап», «Мақпалкөл» колхоздары 1932 жылы құрылғаны анықталды. Бұдан шығатын қорытынды – «Еңбекші» 1928-1929 жыл­дарда серіктестік болған, кейін колхоз болған. Коммуна, серіктестіктен бас­талған «Еңбекші» 1932-1933 жылдары өз алдына колхоз болып, оның бастығы Ыбырай Қуаңбаев, орынбасары Райымбай Жабағиев, партия ұйымының хатшысы болып Есбол Қақышев сайланған. 50-60 үйді құраған «Еңбекші», «Бозарықпен» бірігіп, іріленеді. Бұл жылдарда колхоз бастығы болып Есбол Қақышев, орынба­сарлығына Сейітжан Сүлейменов сайла­нады.
Алғашқыда ферма болғаннан кейін мал шаруашылығына көңіл бөлі­не­ бастады. 1938 жылы «Еңбекші» кол­хозы Монғолиядан 20 түйе алдырып, түйе шаруашылығымен қатар, қой фер­мала­ры ұйымдаса бастады. Түйелерді Монғо­лиядан Онбай Сатанов, Жидебай Құлтуовтар әкеліп, түйекеш Есқұлбай Телібаев, Өмірбай Майлы­баев­ баққан. «Монғолдың қара бурасы атан­ған» түйе тұқымы өсіп-өнді.
«Еңбекші» колхозын 1932-1937 жылдары негізін салушы Ыбы­рай Қуаңбаев, 1937-1938 жылы Нұрман Торғаев, 1938-1941 жылы Сейітжан Сүлейменов, 1941-1943 жылы Тал­маш Жабағиева, Серік Жарқынбаев, 1944-1946 жылдары Әбсаттар Нұралиев, 1946-1947 жылы Әбжәлел Қожабаев, 1947-1949 жылдары Құрманбай Құлта­банов басқарды. 1950 жылғы Үкімет қаулысымен «Еңбекші» мен «Мақпалкөл» колхозы бірігіп, Ленин атындағы колхоз болып қайта құрылды.
Жалпы «Еңбекші» колхозы мүшелері болып Сарыбай руының адамдарымен бірге Құба мен Тойқожа руларының адам­дары кірген­дігін көреміз. Олар «Ақтікен», «Ақкөл», «Салықбай тамы», «Бозарық» маңына қоныстанған.
Көбі Қызылдың жиегінен көшіп, суға жақын жерлеріне келіп орналасып, қыста кепе салып жан сақтады. Ашаршылық пен қуғындауды да бастарынан өткізді. Су жағдайын жақсы білетін, ел ішінде «мұраб» атанған Құрманбай Құлтабанов 1932 жылы «Ақтікеннің» маңынан Мәде­ниет жармасынан саға алып «Бозарық» каналын қазып, елге су әкеледі. Бозарықтың бойына арпа, бидай егіп күн көрген. 1934 жылы «Бозарық» бойына Қаратамыр Бекбергеннің балалары, Тоқал Сарғасқалар мен Еспан бастаған Тойқожа әулеттері келіп орналасады.
Шынында да 1934-1937 жылдары ту­ған­­­дар­дың біразы өздерінің өмірбая­нында «Бозарықта» туғанбыз, – деп жа­за­ды.
1939 жылдың 21 қазанындағы архив­тік деректе Калинин ауылдық кеңесіне Мақпалкөл, Еңбекші, Жаңаталап ауыл­дары қарағаны, 1993 жылдың 21 қара­шасында Калинин ауылдық Кеңесі – Мақ­палкөл ауылдық Кеңесі болып өзгереді.
Қармақшы аудандық «Екпінді», «Қы­зылту» газеттерінде колхозы туралы аз-кем хабарлап беріп тұрған. 1937-1938 жылдың еңбек көрсеткіші бойын­ша Әміре Қараев мемлекетке 2206 сомның бағалы аң терісін өткізгені үшін 1939 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, құрмет грамотасымен наградталған.
1940-1941 жылдары Сыр еліндегі каналдарды қазу кеңінен өрістеген. «Еңбекші» колхозының кетпеншілері Ибраев, Құрмановтың есімдері облыстың «Құрмет тақтасына» жазылған. Колхозда 1940 жылы 60 саулықтан – 60 қозы алыпты.
Жалпы «Еңбекші» колхозы жайлы деректер өте аз кездеседі. Архивке құжаттары өткізілмеген. «Еңбекші» колхозы бастауыш партия ұйымының жиналысы 1941 жылдың 5 тамыз күні өтіп, оған 8 коммунист, 5 комсомол мүшелерімен бірге 14 кісі қатысқан жиналыстың прото­колы ғана қолыма түсті. «Красний горни орли» колхозы мүшелерінің “Сталиндік еңбек вахтасына тұрыңдар” деген үндеуін қолдауға арналыпты. Бұл жөнінде Медетов пен Сүлейменовтер түсінік берген. Осында үндеуді толық қолдап, міндеттемелерін 100% орындауға уәде берген. Сондықтан колхоз қорынан Отан қорғау қорына 120 центнер астық, 15 центнер ет, 80 келі сары май, 300 дана жұмыртқа беруге міндеттенген. Сонымен қатар бидайды ору, жинау, бастыруда, шөп шабу мен сүлем салуды жоспарлы мерзімде аяқтауға шешім қабылдаған. Түрлі апаттан, әсіресе өрттен қорғану үшін Желдербаев, Жабағиева, Қыпшақбаев, Құлтабанов, Жаңабаевтар дружинаға бекітіліп және үгіт коллективінің бастығы Қ.Құлтабановқа партия саясатын түсіндіруде қолға алу міндеттелген. Осы шешімге колхоз бастауыш партия ұйымының секретары қол қойыпты.
1941 жылы «Еңбекші» колхозы – 11 гектар бидай, 10 гектар бидай, 10 гектар арпа, 12 гектарға тары, 12 гектарға жүгері, 26 гектар жерге күріш, 12 гектарға картоп орналастыруды, әрбір аналық саулықтан 118-ден қозы алып, 3 келіден жүн алуды жоспарлаған. Бұл Жалағаш аудандық «Күрішшілер» газетінің 1941 жылғы 16 сәуір күнгі №6 санында жарияланған. 1942 жылы «Еңбекші» колхозы Отан қорғау қорына 50 келі жүн, 15 келі сарымай жіберген. Бұл істе Қуантаев, Торғаевтар белсенділік танытыпты. 1942 жылы «Еңбекші» колхозы Көштай Жарқынбаев басқарған екен. 1943 жылы 65 жастағы Шыныкүл Тілеуішова «Колхозшы танкты» жасау қорына 1500 сом өткізген.
1940 жылы Жалағаш ауданындағы 12 колхоздың бірі – «Еңбекшіге» 1936 жылы Тұрмағамбет ақын келіп қоныс­танған.
«Еңбекшіні» қолдан құрған Ильяс Шүйдебаев, Ыбырай Қуаңбаев, Құрманбай Құлтабановтардың есімдерін атауға болады. Атпа шығырмен су шығарып егін еккен. 1944-1946 жылдары Әбаттар Нұралиев 1947-1950 жылдары Қ.Құлтабанов басқарды. Әбділда Құрманайдың баласының атпа орны беріге дейін сақталыпты. Қарт колхозшы кезінде мұраб, колхоз басқарған Құрманбай Құлтабанов бір әңгімесінде: «Қазіргі Ленин атындағы колхоздың мүшелері «Ақтікен», “Жамантамдағы” кедейлер бірігіп колхоз болдық. 1928-1929 жылдарда «Мәдениет» атты канал қазылып, 100 шақырым жерден біздің кеусіп жатқан жерімізге келді» деген.
Жалпы «Еңбекшінің» негізі 1928 жыл емес 1931 жылдан басталады-ау шамасы. Бұрындары серіктестік болғанға ұқсайды.
Ақын Әбдікәрім Оңалбаевтың «Ленин жолы» газетіндегі (1948 жылғы) «Екі семья екі түрлі тәрбие» атты мақаласында Қ.Құлтабановтың отбасы жайлы оның «Еңбекші» колхозының басшысы ретіндегі тәрбиесімен басшы­лығы да қамтылып өткен.
Осы тұста колхоз жұмысына белсене араласқан озат әйелдерді де көреміз. Озаттар қатарында Ә.Қараев, Қ.Бітімбаев, Р.Оразалиев тағы басқалар еселі еңбек етіп «стахановшы» атанғандар.

Мақпалкөл колхозының (Ленин)
де­рек­­тік тарихынан бірер сөз

Жоғарыда айтып өткендей, «Мақ­палкөл» колхозы іргесіндегі «Мақпал­көлдің» атымен аталып, әуелде Коммуна, Серіктестік, 1932 жылдан колхоз болады. «Мақпалкөл» колхозы туралы архивте біраз деректер сақталған. Алғашқы бас­қарма төрағасы Мақпыр Дайрабаев бо­лыпты. 1932-1933 жылдардағы еккен егіндері­нен мол өнім ала алмапты.
1938 жылы колхоздың егіндері бітік болып, ел аузына нан тиіпті. Бидайдың әр гектарынан 15 центнерден дән алып, әрбір еңбек күнге 16 келіден астық береді. Осы жылы колхозға бір жарым тонналық жүк көлігі, «ХТЗ, ЧТЗ» маркалы тракторлар, кейінен астық бастыратын молотика алып, қол еңбегі біршама жеңілденді. 1938 жылы колхоз бастығы Әлхан Бекпенбетов Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен наградталған. Мақпалкөлден бірнеше адам Бүкілодақтық ауыл шаруа­шы­лығы көрмесіне қатысады. Бригадир Д.Ақтауов кендірден мол өнім алып, көрмеге қатысады.
1941 жылы колхозда 10,5 гектар бидай, 10,5 гектар арпа, 12 гектар тары, 12 гектар жүгері, 26 гектар күріш, картоп дақылдары егіліп, тиісті өнім алса, әр аналықтан 120-дан қой, 2,3 келіден жүн қырыққан.
1938-1939 жылдарда «Мақпалкөл» колхозын басқарған Шайқы Ерниязов колхозда егілген 183 гектар кендірден 12 центнерден өнім жинағаны үшін 1939 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне барған.
1940-1941 жылдарда колхозда 5 партия мүшесі, 6 кандидат, оннан астам комсомол мүшелері есепте тұрған. Сарыбаев, Ертаев, Жалмаханов, Жұмалиев, Нарбаев, Қауқаев, Бітімбаев­тар белсенді үгітшілер екен. Осы жылдарда «Мақпалкөл» мектебінде 1490 оқушы, 21-і үздік оқушы, олардың қатарында Қалқожаев, Дайрабаева, Әбуова, Жалмаханов тағы басқалар бар. Колхозда 268 жұмыс қолы, олардың 122-сі ер, 110-ы әйелдер болған. Күш-көлік ретінде 10 жылқы, 4 өгіз, 4 түйе, есектер пайдаланылған. Колхоз бастауыш ұйымын Елеуов, басқарма төрағасы Есқанов, ферма бастығы Д.Ақтауов екен.
1943 жылы колхоз бастығы Есіркеп Сүйенішов бас болып «Колхозшы танкісін» жасау қорына 100 пұт, 85 жастағы қарт колхозшы Дастанбаев 50 пут астық тапсырып, жоғары басшылықтан алғыс хат алған. Осы кездерде жеке адамдарда 48 түйе, 47 жылқы, 578 қой, 38 сиыр, 109 есек болыпты.
1943 жылы 200 гектар бидай, 25 гектар тары, 90 гектар жүгері, 50 гектар жерге үпілмәлік, 3 гектар картоп, 2 гектарға бақша орналастырып, оның басым көпшілігінен жоспардағы өнімді алған.
«Мақпалкөл» колхозының еңбек­керлері көршілес «Еңбекші», «Қызыл жұлдыз» колхозының еңбек­керлерімен социалистік жарысқа түскен. Колхоз бастауыш партия жиналысының бірінде колхоз жұмысынан шеттеп жүрген Балабатыр Раманқұлов пен Бәйбек Қоңқаевтың мәселелерін қараған. 1944 жылдың 18 қаңтарындағы партия жина­лысында бастауыш партия ұйы­мының секретары Т.Төлеуов баяндама жасап, алдағы міндеттерге тоқталған. Онда «Мақпалкөл» орталау мектебінде оқушылардың сабақтан қалу фактілерімен Сталин жазған хаттағы міндеттемелерді орындаудың және колхоздағы күш-көліктің күтімге алынбағаны, соқа-сайманның уақытылы жөнделмей отырғанын атап көрсетіп, оны жоюды тиісті адамдарға тапсырған. Осы жиналыста Жалағаш аудандық партия конференциясына делегат етіп Шайымбет Есовты сайлайды.
1944-1945 жылдары колхозды Әбжәлел Қожабаев басқарған уақытта күш-көлікке – 12 ат, 10 өгіз, 4 түйе, 5 соқа, 8 жерағаш басқа да құрал-саймандар болған. Осы жылы аудандық партия комитетінің бірінші секретары Ә.Ардабаевқа мәлімдеме жолданып, колхоздың тыныс-тіршілігінен хабардар еткен.
1946 жылы «Мақпалкөл» орта мекте­бінің бастауыш партия ұйым жиналысында мектеп директоры, әрі интернат меңге­рушісі Т.Асылованың есебін тыңдап, біраз кемшіліктердің бетін ашады. Оқу­шы­лардың сабақ­қа дұрыс қатыспауы, мектепке оқушыларды тарту жұмысының «Еңбек», «Калинин», «Мәдениет», «1 Май» ауыл советтері басшыларының бұл салада басшылығының нашар жүргізіп отырғаны да назардан тыс қалмаған. Жиналыста Ы.Пірәлиев, А.Ізтілеуов, Сүйіндіков, Ербосынов, т.б. сөз сөйлеген.
1946 жылдың 27 қыркүйегінде «Мақпалкөл» колхозы бастауыш партия ұйымының жиналысына аудандық партия комитетінің қызметкерлері А.Ахетов, Т.Есниязовтар қатысқан. Бұл жиналыста Ы.Пірәлиев, А.Есханов, Ш.Күнтуаров, Раманқұловтар сөз алып, колхоз бастығы И.Амановтың орнына Қ.Көшеровты сайлауға келіседі. Бұл кезде колхоз бастауыш ұйым секретары Ж.Ералиев.
1946 жылдың 12 қазаны күні «Мақпалкөл» орта мектеп бастауыш ұйымының кезектен тыс жиналысы өткен. Онда интернат басшысы Т.Асылованың интернат қаржысы мен мүлкін бас пайдасына жаратып жүргені арнайы қаралған. Т.Асылова өзінің қоғам мүлкін бас пайдасына жаратқанын мойындап, олардың орнын толтыратынын айтқан. Осы жиналыста Ы.Пірәлиев, Б.Қуаңов, А.Ізтілеуовтер сөз алып, орнынан алып жегендерінің орнын толтырса, сотқа бермеуін сөз етті. Жалпы Т.Асылова жалпы 1600 сомға шығын келтірген. Осы тұста 1945 жылдан – 1965 жылдар аралығында «Мақпалкөл» орта мектебінің интернатында аспазшы болып жұмыс істеген, жүздеген баланың «анасы» атанған, аспазшы Меруерт Тұңғышбаеваны айтуға болады. Меруерт жеңгеміз «Халық жауының» отбасы болса да өзінің адал еңбегімен ел құрметіне бөленді және жалғызбасты болса да Өмірзағын оқытып, тәрбиелеп өсірді. Сол Өмірзақ Тұңғышбаевтың қандай азамат болғанын Жалағаштықтар тегіс біледі.
1947 жылы «Мақпалкөл» колхозын басқаруға «жаңаталаптық» Ахатай Рахметов келді. Осы жылдарды колхозда 110 үй болса, 1948 жылы 116 үйге, жанбасы 612 жетіп, оның 132-сі еңбекке тартылған. Колхоздың жер көлемі – 4362 гектар, қауын-бақша жері – 29 гектар. Іздіков, Шайхиев, Түктібаев еккен егіндерінен мол өнім алған колхозшылар. 1947 жылы колхоз мемлекетке 1295 центнер астық өткізген. Колхозшылар мен трактористерге астық берілген. Ержанов, Сүлейменов, Түктібаев, Ағыбаев, Мәмбетәлиева озаттар қатарынан орын алады. Жылқышы Досым Тәспенов 15 биеден 15 құлын, сиыршы Кеңес Жүндібаев 57 сиырдан 57 бұзау алған. 1947-1948 жылдарда колхозда 2500 бас қой болған. Қой шаруашылығын дамытуда қарт шопан Қырықбаев, Есемов т.б. еді. Қырықбаев қарауындағы қойдан – 130-дан қозы алған. Е.Сүйенішов басқарған ферма 121-ден қозы өсірген. Колхоздың ақшалай табысы – 6300 сомға жеткен.
Колхоз бастығы А.Рахметовтың ұсынысымен Салықбай арығын қазып, аяқтауды қолға алған. 1947 жылы бидай 276 гектар егіліп, одан 5-7 центнерден жинаса, арпадан – 4 центнер, тарыдан – 1 центнерден, егілген 60 гектар күріштің әр гектарынан – 8 центнерден өнім алады. Сондай-ақ осы жылдарда ет, жүн, жұмыртқа, май өнімдері қаракөл елтірісі өткізу жоспары да орындалған.
1948 жылдың 5 желтоқсаны күнгі бастауыш партия ұйым жиналысында ұйым секретары Ж.Ералиев баяндама жасап, алдағы атқарылар міндеттерге тоқталып өткен. Жалпы «Мақпалкөл» колхозы 1949 жылда жоғары көрсет­кіштерге қол жеткізген.

Ленин атындағы колхоз

1950 жылы КСРО Министрлер Кеңесі майда колхоздарды біріктіру арқылы ірілендіру саясатын қолға алды. Осы қаулының негізінде «Еңбекші» мен «Мақпалкөл» колхозы бірігіп Ленин атындағы колхоз атанды. Колхозды А.Рахметов басқарды. Бұл жылы колхозда 2 мың бас мал, егіс көлемі 1,5 гектардан асып, колхоздың ақшалай табысы 250 мыңды құрайды. Колхоз орталығы сәулеттене бастады. Көше тәртібімен үйлер салына бастайды. Шофер Құттыбай Сүлейменов, Қиақбай Аяповтар сәулеті келіскен үйлерін салды. Кезінде колхоз бастығы А.Рахметов бастаған көшелер, бау-бақша егу, дүкен, ауыл-совет кеңесін салу жұмыстары колхоз тізгінін қолына алған «Мақпалкөл» мектебінің түлегі, ғалым-агроном Райымбай Сейітжанов жалғастырды.
Колхозда 1955 жылы 986 жан болса, ол 1957 жылы 1129 жанға жетті. Осы жылы Қ.Аяпов «Ленин» орденімен наградталып, мол ақша алады. Күрішші Әшірбек Сүйлейменов1957 жылы еккен 23 гектардың әр гектарынан 35 центнерден өнім алып, озат атанды. Осы мерзімде колхозда 14359 бас қой, 915 ірі қара, 500 жылқы, 233 түйе болған. Мемлекетке – 1800 литр сүт, 4064 ц жүн, 3417 дана қаракөл елтірісін өткізеді.
Колхозда 1957 жылы 12 автокөлік, 23 ауыл шаруашылығы техникасын пайдаланған. Колхозға берілген – 41182 гектар жер, оның 12, 189-ы жазғы жайылымдық жер. 1957 жылы 400 гектарға күріш егіліп, одан 30 центнерден өнім жинаған. Мәдениет каналының аяғы 15-20 шақырым жерін қазу, Салықбай және «Жаңарықты» қазу қолға алынады.
1950 жылдардың ортасында астық жинау кезінде «Мақпалкөлге» келген ақын Әбдікәрім Оңалбаев «Қырман тойы» атты өлең жолын өмірге әкеледі. Осы өлеңде ақын:
... Келді Ахатай қара мұртын ширатып,
Күлімсіреп көпке жылы тіл қатып.
Дей бергенде: «Құтты болсын, қырман той!»
Жіберді үнін кең кеудесі шыңға атып.
Дегенінде: «Орындадық астықты»
Айтқызбастан көтерді жұрт бастықты.
– Ал тағы да! Көтер, көтер! – мәз-мейрам,
– Күле-күле көзден талай жас шықты. Сөйтіп ақын ағамыз сол күнгі ел қуанышын осылайша жырға қосқан. Ақаң тұсында колхоз партия ұйымын К.Жылқыбаев, М.Нұрылдаевтар басқарған-ды.
Р.Сүлейменовтің кезінде жас маман­дар келіп көп мәселелердің түйінін шеше білді. Колхозда 30-дай механизатор, 3 агроном, 3-зоотехник, 5 мал дәрігері қызметте болды. 1955-1956 жылдары мектеп директоры С.Жанақбиев, 1956 жылдан 1959 жылдарға дейін К.Серікбаев, кейіннен Өтеп Сәрсенбаев директор болды. Осы жылдары мал фермаларын: Ә.Құттыбаев, Т.Төлегенов, Б.Мәмбетовтер басқарып, колхоз экономикасын дамытуға өз үлестерін қоса білді.
1958 жылғы аудандық газетте жарияланған «Достық әзілден» көп нәрсені аңғаруға болады.
Озат сауыншы Мәрияш Оразалиеваға:
«Мәрияш сауған сиырдан,
Тау-тау боп май үйілді.
Құнан – шығар өгіздей
Бұзауларын өсірген», – десе Бердәлі Мәмбетовке.
Кібіртіктеп – Бердәлі,
Алғашқы кезде тартпады.
Қарақшыны көрген соң,
Үдете түсті қарқынын, – деп нағыз еңбек адамдарының жоғары жетістіктерін көрсеткен.
1959 жылы Ленин атындағы колхоз бригадирлері Кәнтай Байниязов, Саудабек Шерубаев, колхоздағы сауда агенті қызметін атқарған Төлеген Тәуіпбаевтардың еселі еңбектері «Коммунизм шамшырағы» газетінде жазылған.
1960 жылы Арыстан алқабында Жалағаш ауданының малшыларының слетінде Ленин атындағы колхоздың шопандары абыройға ие болып құрметтелді. Осында қой санын 25 мың басқа жеткізу мақсатында қойылыпты. Осы жылы колхозда жеміс бағын жасау, көшелерге 10 мың түп қарағаш егу қолға алынады. Қарағаш демекші, алғашқы қарағашты Қызылордадан ақын Әбдікәрім Оңалбаев әкеліп туған ауылына егуді бастап берген. Сөйтіп Мақпалкөлде алғашқы орман пайда болған.
Жалпы Ленин атындағы колхоздың өркендеуіне Е.Қарақұлов, І.Смайылов, Ы.Қуанбаев, С.Сүлейменов, Қ.Құлта­ба­нов, С.Жарқынбаев, Т.Жаба­ғиева, Ә.Нұ­ра­­лиев, М.Нұрылдаев, Р.Сейітжанов, К.Бай­ниязов тағы басқа басшылармен бірге көптеген еңбек адамдары болды. Олардың біразын атап та өттім. Кейбірінің есімдері аталмаса, олардың ұрпақтарынан алдын ала кешірім сұраймын. Әлқожа, Ә.Тұяқбаев, Р.Оразалиев, С.Дүйсенов, Ш.Ахметов, А.Қалқожаев еңбек озаттары атанған.
Жалпы №16 Калинин атындағы ауылдағы бір топ ұсталар колхоздың құрал-саймандарын жөндеп қана қоймай, түрлі зергерлік бұйымдар, ер-тұрман, ат әбзелдері, қыз-келіншектердің әшекейімен қатар, үйдің тұрмыстық қызметіне пайдаланатын құралдарды жасады. А.Әлімбетов, Б.Мықышев, Б.Бекбергенов, Я.Есназаров, Т.Торғаев, Мұсылманқұл, М.Бипылов, Ә.Орымбетов тағы басқалар еді.

***
№16 ауыл адамдарының басынан не өтпеді десеңізші. Біразы 1930 жылғы көтеріліске қатысты, – деп атылып, айдалып кете барды. Кейбірі сотталып барып, аман келді. Ж.Жоламанов, Ж.Арыстанбеков, А.Төлегенов, Б.Мұх­таров, Қ.Жүргенов, С.Тілегенов, Жеке­батыр балалары қуғындалып, олардың отбасының тоз-тозы шыққан-ды.
Өкіметтік қызметте: 1930-1937 жыл­дары К.Байкөбеков, Ә.Оңалбаев, Б.Мұх­таров, Ш.Мырзабеков тағы басқа­лар болады.
1962-1963 жылдары Ленин колхозын Аяған Боқанов, Жаңаталап колхозын Сансызбай Құлмаханов басқарды. №16 ауылсоветте Т.Байділдаев, Ә.Сүлей­менов, М.Нұрылдаев, Л.Сәнова, Ә.Әбеке­нов алғаш ауыл әкімі болып Қ.Демеуов одан кейін Ж.Мұстафин, Н.Серікбаев, Б.Тұңғышбаевтар (Мақпал­көл ауылдық округі) басқарды.
Қазақ ССР Министрлер кеңесінің, Қазақстан Орталық партия комитетінің біріккен 1963 жылдың 2 қаңтарындағы №245 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан өлкесінде қой совхоздарын құруға шешім қабылдады. Осы қаулымен Ленин және Жаңаталап колхоздары қосылып «Жаңаталап» совхозы атанды. Қаулыға Д.А.Қонаев қол қойған. Осы кезде: Ленин атындағы колхоздың жер көлемі барлығы 90,1, егістік жері 3,0 шабындығы – 5,6 жайылым, «Жаңаталап» табарлығы – 43,4, егістігі – 2,3, шабындығы 2,2, жайылма – 30,2 шақырымды құраған.

***
№16 ауыл төңірегінде өмір сүрген осы өңірдің белгілі тұлғалары: Жәрімбет, Қалам, Үбіс, Байшуақ, Сәдір, Бекіш, Байдаулет, Қалдан, Зарқұм билермен қатар елі мен жерін қорғаған батырлардың басында Бәйтікұлы Тоғанас тұрған. Ол Қарақ, Аққыр, Қуаңдария мен Жаңадария, Сырдария өзендері бойындағы халықтың Хиуа, Қоқан бектерімен, орыс жаулап алушыларына қарсы бас батыр болған тұлға. Ал, колхоздастыру кезінде П.Қарақұлов, Қ.Смайылов, Т.Тәуіпбаев, Д.Бекбергенов, М.Бекбергенов, А.Қа­раев, С.Сүлейменов, О.Есжанов, А.Еспен­бе­тов, Е.Жалдығараев, Ш.Есов, К.Бай­көбеков, Ә.Қожабаев, Т.Қалқожаев тағы басқалар ел бірлігі мен тірлігіне ара­ласқан ақсақалдар. Олардың ісін жалғас­тырған А.Рахметов, М.Нұрылдаев, Б.Мәмбе­тов­тер болатын.
Жаңаталап, Еңбекші, «Мақпалкөл» (Ленин) колхоздарының совхозға айналғанға дейін тарихы қысқаша осындай.


Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
жазушы, зерттеуші,
«Құрмет» орденінің иегері
27 тамыз 2019 ж. 86 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

№80 (9556)

12 қазан 2019 ж.

№79 (9555)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031