» » ПАРТИЗАН ҚЫЗ ТҰРҒАНБИКЕ

ПАРТИЗАН ҚЫЗ ТҰРҒАНБИКЕ

1982 жылдың шілде айының ортасы. Ол кезде мен аудандық партия комитетінде қызметте болатынмын. Жылдың осы уақытында аудан басшысы Қонысбек Қазантаевтан бастап барлық деңгейдегі бөлім, мекеме басшылары Қарақұм мен Қызылқұмдағы малшылар тойын өткізуге кететін. Осындай күндердің бірінде ауданға батыр партизан Қасым Қайсенов келе қалды. Шамасы ол кісіні көрші ауданнан көлікпен жеткізіп салған болу керек. Батырдың келетінінен аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Төлеш Есқазиев хабардар екен. Екі-үш қызметкер райкомның алдында қарсы алдық. Аман-саулықтан кейін Төлеш Есқазиевтің бөлмесіне кірдік. Төкең аудан басшылары іс сапарда екенін айтып, ауданның тыныс-тіршілік жағдайынан, мектептердегі әскери патриоттық тәрбиенің барысын соғыс ардагерлерінің хал-жағдайынан мәлімет берді. Батыр партизан іс-сапарының мақсатын түсіндіріп, жақын ауылдағы бір мектепке барып, оқушылармен кездескісі келетінін айтты. Төкең мені Қасым Қайсеновке таныстырып, «Мына жігіт сізді жақын жердегі Ақсу кеңшарына алып барады. Мектеп ұжымы күтіп отыр», – деді.
Осылайша мен батыр партизанмен сапарлас болдым. Жолда батыр менен «Әкең бар ма, соғысқа қатысқан ба?» деп сұрады. Мен әкемнің Сталинград майданына қатысқанын, басынан жараланып, жағының сынғанын, бір көзінің сыртқа шығып кеткенін айтқанымда, батыр аға артына бұрылып маған қарап: «Әкең де мен сияқты жараланған екен, бастан жараланған өте ауыр, соғыста жауынгерлердің басын қорғайтыны содан» деді. «Бұл ауданда партизан қозғалысына қатысқандар бар ма?», – деді тағы да. Мен соғыстың алғашқы жылдарында күші басым жауға қарсы шайқастарда амалсыздан тұтқынға түсіп, концлагерлерден қашып шығып, Италия, Франция, Балхан елдеріндегі партизан қозғалысына қатысқандар бар екенін айттым. Бұл ауданда партизан қыз-келіншектер бар ма?» деді. Ол кісі бұл сұрақты маған бекерден-бекер қоймаған екен. Ұлы Отан соғысы жылдарында Украина, Беларуссия әскеріндегі партизан қозғалысының көшбасшысы болған ол республикамыздағы партизан қозғалысына қатысқандарды түгел біледі екен. Бүгінгі Еуразия құрлығында мекен еткен, ұшқан құстың қанаты талатын, кең байтақ жерімізді сырт жаулардан қорғауда. Аналарымыз да батырлық пен ерліктің үлгісін көрсеткенін білеміз. Солардың бірі – Бұқарбай батырдың жары Шынар анамыздың қаскөйлерге қарсы шайқасы, кейінгі қыздары мен ұрпақтарына өнеге болып тарихта қалды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Әлия мен Мәншүк, ұшқыш Хиуаз Доспанова болса, Жалағаштық партизан қыз Жұмабайқызы Тұрғанбике. Төрт жыл соғыстың алғашқы күнінен бастап соңына дейін Беларуссияның батпақты ормандарында қар жамылып, мұз жастанып, құндақтаулы баласын қапшыққа салып, арқалап жүріп жеңісті жақындатуға жаумен бетпе-бет шайқасқанын бұл күндері біреу білсе, біреу біле бермейді.
Бүгінгі әңгіменің арқауы болып отырған Тұрғаш Жұмабайқызы (шын аты Тұрғанбике) 1922 жылы Жалағаш қыстағында дүниеге келген. Оның әкесі Піржанұлы Жұмабай осы Ақсу өңірінде 1885 жылы дүниеге келіп, өмірінің соңғы күніне дейін теміржолда жұмысшы болды. 1937 жылы 52 жасында дүние салады. Шешесі Жүсіпқызы Алуа 1898 жылы Қараөзек бойындағы «Қызылүй-Мортық» деген жерде дүниеге келіп, 1959 жылы 61 жасында Жалағаш қыстағында қайтыс болған. Теміржолда жұмыс істей жүріп көп нәрсені ойға түйген Жұмабай қызының білім алғанын, орысша оқығанын қалайды. Әрине бұған сол кездегі саясаттың да, теміржолда жұмыс істейтін орыс ұлты өкілдерінің көп болуы әсер еткені анық. Тұрғаш Жұмабайқызы Жалағаш қыстағындағы алғашқы қырғыз-қазақ училищесінде, кейін Сталин атындағы мектепте оқыған. Аталған мектепті 1939 жылы үздік бітіргенімен, жоғары оқу орнында оқысам деген арманы жүзеге аспайды, бұған Тұрғаштың отбасылық жағдайы мүмкіндік бермейді. Сол жылы ол елге демалысқа келіп жатқан Қаражігітов Батырхан деген жас офицермен танысады да.
Екеуі бас қосып, тойларын өткізгеннен кейін Белоруссияға, яғни күйеуі әскери қызмет атқарып жүрген Батыс әскери округіне қарай сапар шегеді. Міне, Тұрғаштың Белоруссия жеріндегі күндері осылай басталған болатын. Ол кезде қазақ қыздарының ел асып, қиян шетке кетуі сирек болатын жайт. Анасы Алуа да, туыстары да алаңдаулы болады. Бірақ үш-төрт айдан кейін жастардан келген хат пен фотосуреттер олардың көңілдерін бірлейді.
Ол кезде Қаражігітов Батырхан Белоруссияның Борисов ауданындағы Логайск деген жерде Қызыл армия қатарында взвод командирі болып қызмет атқарып жүрген лейтенант болатын. 1940 жылдың шілде айында Тұрғаш босанып, дүниеге ер бала әкеледі.
Бұл кезең Германиямен арадағы соғыс қаупі туралы жалпы ел білмегенмен, шекара маңындағы әскерилердің сезгендігі, дайындық шараларының жүргізілгендігі белгілі. 1941 жыл басталысымен Тұрғаштың елге қайтқысы келеді. Оған ауылды, туған-туыстарын, анасын сағынуы әсер етеді. Сонымен қатар өздері араласатын әскерилер мен олардың әйелдері арасындағы соғыс туралы әңгімелердің де әсері болғаны анық. Алайда, Батырхан жазда демалыс алып, екеуі бірге баратындарын айтып, оның елге жүруін кешеуілдетеді. Көп ұзамай бейбіт күн кешіп, мамыражай тіршілік етіп отырған ел аспанын соғыс бұлты торлайды. Неміс-фашист басқыншылары екі ел арасындағы шартты бұзып, бар әскери күшін Кеңестер одағына төгеді. Олар шілденің бірінші аптасында-ақ Минск облысының көп жерін басып алады. 1941 жылғы маусымның 22-сі күні сағат таңғы 4-те әскери дабылмен кеткен Батырхан сәлден соң-ақ телефон арқылы Тұрғашқа «Тез арада елге қайт» дейді, бірақ бұл кезде олар жау қоршауында қалып қойған еді. Бұлар тұрған әскери қалашықта адам түсініп болмайтын аласапыран басталады, жылаған бала, үрейлене жүгірген әйелдер, әр тұста жарылған бомба, ысқырған снаряд, әскерилердің барлығы да алғы шепке кеткен, олардан хабар жоқ, тек алыстан соғыс дабылы естіледі. Міне, осындай жағдайда панасыз қалған әскери қалашықтағы тұрғындар жақын жердегі Лугайск орманына барып паналайды. Осы кезде олардың қатарына жаралысы бар, басқасы бар әскерилер де жинала бастайды. Олардың ішінде жоғары шенді командирлер де, сержанттар мен қызыл әскерлер де болады. Өз бөлімшелерінен қалып қойған, болмаса адасып кеткен саяси қызметкерлер де баршылық еді. Солардың ішінде №2-ші атқыштар дивизиясының көшпелі баспахана бастығы аға политрук (саяси жетекші) Оразбаев Уәли Божанұлы (ұлты – ноғай) босқындардың барлығын бір топқа жинап, жасырын қаруланған үлкен топқа әкеліп қосады. Ал Батырханнан хабар ала алмаған Тұрғаш алаңдаулы еді, ұлын бірде арқалай, бірде қолына ала бұйрық бойынша әрекет етуге көшеді. Бұлардың жаудан кек қайтаруға кіріскені басқыншылар үшін үлкен қауіпке айналады. Аталған топтың командирі Дорбин Николай екен. Біртіндеп топтары көбейіп «Большевик» деген партизан отрядын құрып, аз уақыттың ішінде «Николай Щорс» атындағы партизандар бригадасы атанады. Осы бригаданың әскери комиссары Оразбаев Уәли болды. Ал кейіннен жазушы болған партизан Тоқтағали Жангелдин («Партизан күнделігі» атты кітаптың авторы) Борисов ауданының жасырын комсомол ұйымының бірінші хатшысы екен, Тұрғаш апайдың есеп карточкасын сол кісі толтырыпты. Белоруссиядағы партизан қозғалысына 1500 қазақстандық қатысса, солардың ішінде Тұрғаш та бар еді, осылайша оның партизандық күндері басталады.
Соғыстың басталғанына бес-алты ай болса да, олардың отрядында радист болмайды. 1942 жылдың қаңтар айының аяғында Мәскеуден арнаулы радиотехника мектебін бітірген Нұрғаным Байсейітқызы келіп, партизан бригадасына көмек көрсетеді. Осылайша, «Үлкен жермен» байланыс орнатылады. Нұрғаным партизандарға соңғы хабарларды, Совинформбюроның хабарларын баяндап отырады. Көп ұзамай Нұрғаным Тұрғашты радиотехникаға үйреткеннен кейін, өзі жауынгерлік тапсырмамен басқа бригадаға ауысып кетеді. Тұрғаш үш айдың ішінде неміс тілін жетік меңгереді. Көбіне радиотехниктердің қасында болып, әуе толқынында «Үлкен жерден» келіп жеткен құпия шифровкаларды тәржімалап, өте маңызды әрі қажет ақпарларды өз командирлеріне жеткізіп отырады. Қолы бос кездерде наубайханаға, асханаға да көмек көрсетті. Барлаушылар «тіл» әкелсе, әкелген тұтқыннан жауап алуға да қатысады. 1944 жылдың тамыз айының 23-і күні неміс басқыншыларынан Белоруссияның көптеген жері азат етілгеннен кейін Тұрғаш Жұмабайқызы II-дәрежелі «Ұлы Отан соғысының партизаны» орденімен марапатталады.
Бұған дейін олар небір қаһарлы күндерді, мазасыз түндерді өткізіп, оқ пен оттың арасынан өткен болатын. Бірде бұлардың тобы партизандарды жоюға шыққан фашистердің үлкен бөлімімен бетпе-бет айқасқа түседі. Қарша бораған оқтан сытылып шығу да оңай шаруа емес еді, әр ағаштың түбін паналап отырып, партизандар өз отрядтарына қарай бет түзейді. Автоматын қыса ұстап, жауға кектене оқ төккен бір партизанның арқасында таңылған бір түйіншек жүрді. Иә, ол ұлын арқасына таңып алып жауға қарсы оқ боратқан қазақ қызы Тұрғаш, партизандар Тамара атап кеткен Тұрғанкүл Жұмабайқызы болатын. Кейін Тұрғаш апай ауылдастарына осы туралы: «Жан алып, жан беріскен айқас, бораған оқтан тасалай шегініп келеміз, бір кезде арқамдағы бала бірден ауырлап кетті, не болғанын түсіне алмадым, бірақ жүрегім бір жамандықты сезгендей тулай жөнелді. Бірақ, оған қарайтын шама жоқ, ізінде өкшелей қуған ит ерткен неміс автоматшылары, тек құтылуды ойлап келеміз. Жанталаса соғысып, жаудан қара үздік, отрядқа келгесін қаруластарыма «Арқамдағы бала қимылдамайтын сияқты, шешіп алып, көріңіздерші» дедім, сөйтсем оған жау оғы тиіп, о дүниелік болып кеткен екен» депті. Күйеуі хабарсыз кетіп, ұлынан айрылған Тұрғаш енді жауға одан сайын кектене түседі.
Ол Отан соғысы тарихында маңызды ұрыстардың бірі болып саналатын Одер маңындағы шайқасқа қатысады. Жаудың терең тылына Одер өзенінің маңына оларды бір түнде ұшақпен апарып салады. Бұлар сол маң жаудан тазарғанша өздеріне жүктелген жауынгерлік міндетті абыроймен орындайды. Орталық оларды қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлікпен, қажетті жарақтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырады. Бірде олардың шағын тобы із жасыру мақсатымен орманда келе жатқанда жау қолына түсіп қалады. Оларды комендатураға әкеліп ұрып-соқса да жөндерін айтпайды. Бұдан соң оларды «өлім лагеріне» айдайды, бір-екі ер адамды сол жерде атып тастайды.
Лагерьде оларды жұмысқа салады, бірнеше тілге жетік болғандықтан Тұрғаш асханаға ыдыс-аяқ жуушы болып орналасады. Тұтқындарға тамақ бермейді, ол неміс солдаттары асханасынан тамақ ұрлап алып шығып, түнде бараққа келгенде қасындағыларға үлестіріп отырады. Бірде бараққа қайтып келе жатып қоршау ішінде тұтқындардың ағаштың түскен жапырағын жеп тұрғанын көріп, қолындағын соларға лақтырады, сол кезде неміс солдаттары көріп қалып, қолын сындырады. Алайда барақтағы тұтқын әйелдер арасынан сынықшы табылып, мұның қолын емдеп шығады. Арада екі-үш ай уақыт өткен соң бұларды партизандар құтқарып алады да, ол бұрынғы отрядына қосылады.
Ақпараттық деректерге сүйенсек, Тұрғанбике Жұмабайқызы 1945 жылы тамыз айында елге оралады. Оның елге келуіне қатысты Шайхы Жүсіповтің естелігінде біраз мағлұматтар айтылады. Жеті жыл елде болмаған, орыс, украин, неміс, белорус тілдерін жетік білген оның ауылға келген сәтте қазақшаға қиналғанын айта отырып, «... Тұрғаштың киімдері әлі де көз алдымда. Үстінде гимнастерка, иығында погон, басында пилотка, шашын қысқа қиған, юбкасы, аяғында хром етігі, белінде былғары белбеуі бар» деп суреттейді Ш.Жүсіпов.
Екі-үш ай өткесін Батырхан да елге оралады. Сонда Тұрғаш «Батырхан партизан болып жүргенде кездескенде атып тастар едім. Баламен екі жыл азап шегіп, қанша қиналдым. Соғыс басталмай тұрып елге апарып таста деп қанша жалынғанмен тыңдамады, ақыры ұлымнан айырылдым» дейді күйініп. Жаны күйген ана осылай демегенде не десін?!
1945 жылы аудан орталығындағы балабақшаға меңгеруші болып қызметке орналасқан Т.Жұмабайқызы 1947 жылы өмірден озады. Соғыс салған жара жазылмай бақилық сапарға аттанып жүре берген қазақтың батыр қызының тағдырына, өмір жолына қатысты әлі талай зерттеулер жасалар, әлі талай еңбектер жазылады деген үмітпен қорытынды жасап, ой түйеміз.
Отанының азаттығы мен бостандығы үшін фашизмді талқандауда ерлер мен қатар Отанымыздың қыз-келіншектері Кеңес-Герман майдандарының барлық соғыс шебтерінде ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп шайқасты. Солардың бірі болған Тұрғанбике апамыздың жанқиярлық ерліктері дер кезінде бағаланбады. Төрт жыл Белоруссия мен Еуропаның батпақты өңірінде, ормандарында қар жамылып, мұз төсеніп, аш-жалаңаш жүріп жаумен шайқасып, денсаулығынан айрылып елге оралған Тұрғанбикенің бір-екі жыл өмір сүріп дүниеден өтуі аянышты да, қайғылы жағдай еді. Тұрғанбике апамыз бен Батырхан ағамыз жайлы көнекөз кісілердің айтуынша: Тұрғанбике дүниеден өткеннен кейін Батырхан Түркістан әскери окуругте қызметін жалғастырып, отбасын құрып, зейнет демалысына шығып Алматы қаласында тұрған көрінеді. Осы мақаланы жазуда Батырхан ағаға жақын туысқаны болып келетін ауданымыздың байырғы тұрғыны, бұл күндері Қызылорда қаласында тұратын сексенге жақындаған Тұраш Ақшамұратов ақсақалдан осы жайды сұрағанымда:
«Мен 1972 жылы Алматыдағы жоғары оқу орнында оқып жүргенімде Батырхан ағаның туысқан інісі, қазіргі Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны марқұм Оразалы мен әйелі Жәмиланы ертіп Батырхан ағаның үйіне алып барған едім» деп еске алған болатын. Мен сексенінші жылдардың басында Жалағаш қыстағында Батырханның немере қарындасы, аудандық байланыс бөлімінде телефоншы болып жұмыс атқаратын Қаражігітова Қалдаш марқұммен көрші тұрған едім. Сонда Қалдаш Алматыда тұратын ағамның үйіне барып келдім деп жүретін. Ал соғыстан жеңіспен оралған партизан Тұрғанбикені алғаш көріп, оның әскери киіміне таңқалған және сөзін естіген Шайқы деген кісі сексенінші жылдардың соңында дүниеден өткенін білеміз. Сұм соғыста арман ерте сөнді, миллиондаған боздақ жат жерде көз жұмды, талай ана жары мен бауыреті баласынан айырылды. Олардың бірі майдангер партизан Тұрғанбике апамыз еді. Уақыт өткен сайын тарих беттері сарғайып, адамзат баласына қайғылы да қасіретті алып келген екінші дүниежүзілік соғыста еліміздің азаттығы мен бостандығы үшін жандарын қиған ерлердің есімдері көмескіленіп бара жатқандай. Елеусіз қалған есімдерді халқына қауыштыру, олардың майдандағы жанқиярлық ерліктерін бүгінгі, келешек ұрпаққа хабардар етіп, Отанға деген патриоттық сезімдерін арттыру бүгінгі аға ұрпақтың міндеті деп білемін. Осы тұрғыда жалағаштық Тұрғанбике Жұмабайқызы алда келе жатқан жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында еліміздің тарихынан өз орнын алатын болады деген үміттеміз.

Рысбай Кәрімов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
07 қыркүйек 2019 ж. 17 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30