» » Алаяқтық белең алмасын десек...

Алаяқтық белең алмасын десек...

Мемлекет қанша дамығанымен, адам­дардың бір бағытқа қарауы елдегі қоғамдық тәртіптің әрдайым тұрақтылығына кепілдік бермейді. Өйткені қоғам өмірінің бірқалыпты, адам­дардың тең дәрежеде өмір сүруі мүмкін емес. Біздің елдегі кеңінен таралып отырған қылмыстық істердің көш басында алаяқтық тұр.
Оның қоғамдағы қауіптілігі бұл алдау, адамның сеніміне кіру арқылы азаматтарға, ұйымдарға, мемлекетке зиян келтіруде болып отыр. Алаяқтықпен кез келген жастағы адам айналысуы мүмкін. Өйткені пайдакүнемдік осы аталған санаттағы кез келген тұлғаның бойынан кездесуі мүмкін. Бүгінгі күні осы қылмысты бірнеше тәсілмен әртүрлі мақсатта қолданатындар анықталуда. Деректер бойынша көп тіркелетін және көзіміз көріп жүргендей қоғамдағы орын алып жатқан алаяқтықтың түрлерін назарларыңызға ұсынамыз. Әрине, сақтық үшін.
Қазірде біреудің ала жібін аттауға қымсынбайтындар тіпті келесі бір адамның атынан несие рәсімдеп алудың да оңай жолын тапқан. Алаяқтардың басым бөлігі несие алу мен несие жабуды ұсыну кезінде кездеседі. Кей жағдайда несие саласындағы алаяқтар ірі мөлшерде несие алу мақсатында несие беру жөніндегі өтінімдердің мәліметтерін бұрмалайды. Мұндай жағдай анықталған жағдайда несие туралы мәліметтерді бұрмалау заңмен көзделген, оның ішінде қылмыстық жауаптылыққа әкеліп соқтырады. Алаяқтар тарапынан берілген мұндай ұсыныстар заңға қайшы немесе шындыққа сәйкес келмеуі мүмкін. Осындай жағдайлардың нәтижесінде сізге берілген ұсыныс орындалмай, керісінше қосымша қаржыңызды жоғалтып, ұзаққа созылатын сот процестерінің қатысушысына айналасыз. Мұндай дерек көбінесе онлайн несие беру барысында кездеседі. Аты айтып тұрғандай, несиеге өтінім, борышкер туралы мәліметтер тек онлайн түрде толтырылады. Тіпті мұндай компаниялар тек сізден жеке куәлігіңіздегі мәліметтерді ғана сұратады. Сосын ресімдеп болған соң, жалақы алатын карточкаңыздың сыртындағы цифрларды толтырсаңыз болғаны, ақша он бес минутта шотыңызда болады. Алаяқтық жасағысы келген адам көбіне сіздің айналаңызда жүруі мүмкін. Қасыңызда жүрген адамға сіздің жеке куәлігіңіз бен карточкаңызды қолға түсіру қиынға соқпайды. Сондықтан алаяқтардың қақпанына түсіп қалмау үшін несие алу кезінде тек банк қызметкерлеріне ғана жүгінгеніңіз жөн.
Сонымен қатар ұялы байланыс арқылы кездесетін алаяқтықтың негізгі мақсаты – алдау арқылы сіздің ақшаңызды белгілі бір шотқа аудару немесе басқа да мекен-жайға жіберу. Қылмысты іске асырушы сізге қоңырау шалып, жақын туысыңыздың ауыр жағдайда екенін айтып, оны осы жағдайдан құтқару үшін белгілі сомадағы қаражатты аталған адамның атына аударуды сұрайды. Телефон арқылы жасалған алаяқтық қылмысы ауданда да кездесті. Осы жылдың мамыр айында кент тұрғыны азаматша О.Г арызданды. Бұл кісі интернет желісі арқылы 15 дана орындыққа тапсырыс беріп, аталған күні кент орталығындағы «Каспий Банк» терминалы арқылы Алматы қаласының тұрғыны азамат Ж.Ж-ның есепшотына 102 мың теңге аударған. Сонан кейін көрсетілген нөмірге хабарласқан уақытта ұялы телефонына мүлдем жауап бермей хат-хабарсыз кеткен. Еш хабарласа алмаған арызданушы Алматы қаласындағы өзінің таныстарынан сұрастыру барысында мұндай үстел орындықтар шығаратын цехтың мүлдем жоқ екенін білген. Арызында азамат Ж.Ж-ға қатысты заң жүзінде шара қолданылуын сұраған.
Жылжымайтын мүлік нарығында да алаяқтықтың көптеген түрлері орын алуда. Көбіне «Жаңа тұрғын үйден пәтер алуға көмек көрсетемін» деп алған қаражаттарды жеке басына жұмсау деректері кездеседі. Сонымен қатар жылжымайтын мүлікті жалған меншік құқығын танитын құжаттарымен сату бойынша азаматтарды алдау жолымен ақшаларын алып қою жағдайлары да тіркеледі.
Алаяқтықтың кең таралған түрінің бірі – жұмыс ұсыну. Азаматтарды жұмысқа орналастыру кезінде де осы қылмыстың көріністері белең алады. Жұмыс іздеушілер «Жұмысқа тұрғызамын» дегендерге сенім артып, қызмет ұсынғаны үшін жоғары мөлшерде қаражат түрінде сыйақы ұстата салады.
Біз жоғарыда алаяқтықтың бірнеше түрін атап өттік. Дегенмен қазіргі қоғамда адамгершілікті жиып қойып, пайдакүнемдіктің соңына түсіп, бас пайдасын ойлағандар көбеюде. Бірақ елімізде азаматтардың жеке басын қорғайтын, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін күні-түні қызмет ететін полиция қызметкерлерінің барын ұмытпаңыз. Егер сіз алаяқтықтың куәсі болсаңыз, ең алдымен өз бетіңізше мәселені шешуге асықпаңыз. Бұл жағдайда қылмыстың орын алған жері бойынша дереу полиция немесе прокуратура органдарына істің мән-жайын толық көрсетіп арызданыңыз. Тиісінше сіздің бұл арызыңыз қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарын жеңілдетуге, келтірілген залалды тез арада қайтаруға септігін тигізеді.

Жалағаш АПБ-ның Жергілікті полиция қызметі бөлімшесі
07 қыркүйек 2019 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30