» » ТАКСИ ҚЫЗМЕТІНЕ ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ

ТАКСИ ҚЫЗМЕТІНЕ ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ

Қазір ауданда 200-ден аса жолаушы тасымалдайтын такси қызметі бар екен. Олардың басым көпшілігі Жалағаш-Қызылорда бағытына жүреді. Бірақ, көбінің қызметі талапқа сай келмейді. Бұл жөнінде аудан әкімдігінде өткен жиында айтылды.
Жуырда адам тасымалдаумен айналысатын такси қызметіне қатысты жиын өтті. Оған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық көлік бақылау инспекциясының басшысы Нажмадин Шамұратов, сондай-ақ, тиісті бөлімдер мен мекеме басшылары және такси қызметін көрсететін тасымалдаушылар қатысты. Басқосуда айтылғандай, жолаушылар тасымалымен заңсыз айналысып жүрген такси жүргізушілеріне бұған дейін де тиісті орындар арқылы бірнеше мәрте ескерту жасалған. Негізінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығында көрсетілгендей такси қызметіне қойылатын арнайы талаптар бар. Енді осы талапқа сәйкес жұмыс жасамаған такси иелеріне айыппұл салынбақ.
– «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына сәйкес жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдауды жақсарту және ретке келтіру, сондай-ақ одан әрі дамытуды қамтамасыз ету мақсатында жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топ тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырып, жұмыстар атқарып келеді. Рейд барысында, бірінші кезекте бағыттар бойынша қатынайтын таксилердің тұрақ орындары белгіленіп, тақтайшалар қойылды. Жолаушыларға қызмет көрсетуге арнайы рұқсаты жоқ жүргізушілерге такси қызметімен айналысуға тыйым салу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге кірістер басқармасына такси қызметімен айналысуға тіркелген 110 кәсіпкердің, 71-і уақытша тоқтатып қойғандар, 39-ы патент алып, жұмыстарын жүргізуде. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, такси тасымалдауды жүзеге асыру үшін кемінде төрт бүйір есігі бар көліктерге такси қызметімен айналысуға рұқсат етілетіндігі және рөлі оң жақтағы көліктерге тыйым салынатындығы белгіленген. Сондықтан 2 есікті және рөлі оң жақтағы көліктерге такси қызметімен айналысуға тыйым салу жұмыстары жүргізілуде, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ө.Елеусінов.
Ауданға қарасты елді мекендерде жолаушылар мен багажды такси көлігімен тасымалдауды реттеу мақсатында Жалағаш кентінде «Восхождение БГ» ЖШС және “Жалағаш такси” ЖШС өз жұмыстарын бастағаны да айтылды. Аталған мекемелер арқылы диспетчерлік қызмет көрсету, жеке такси тасымалдаушыларды бір нүктеге шоғырландыру, такси автокөліктерінің техникалық жағдайын тексеру, жүргізушінің медициналық тексеруден күнделікті өтуі ұсынылды.
Осы жерде жол қауіпсіздігі және бүгінгі күні аса маңызға ие болып отырған автомобиль жолының сапасы жөнінде де ұсыныстар айтылды. Мәселен, жол қауіпсіздігін сақтау және көлік апаттарын болдырмау мақсатында биыл Жалағаш кенті көшелеріне – 34 дана, елді мекендерге – 30 дана жол белгілері тиісті көшелер мен орындарға орнатылып, көше бойындағы жаяу жүргіншілердің өтуіне арналған 820 метр жолақ сызықтар сызылып, Жалағаш кентіне 2 дана жасанды ойлы-қырлылық жол кедергісі орнатылған. Ал аудан бойынша аудандық маңыздағы жолдар 112,7 шақырымды құрайды. Оның ішінде жақсы жағдайда 45,8 шақырым, қанағаттанарлық жағдайда 42,6 шақырым, қанағаттанарлықсыз жағдайда 24,3 шақырым жол бар. Сапасы сын көтермейтін жолдарға алдағы уақытта жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек.
Жиында Жалағаш-Қызылорда ба­ғытындағы автомобиль жолы­ның са­­пасы да назардан тыс қалмады. Облыстық көлік бақылау инспек­ция­сының басшысы қала мен ауданды бай­ланыстыратын жолдың Тереңөзек кенті тұсынан әрі қарай асфальттың әр жерден ойылып қалғанын айтып, бұл жөнінде тиісті мекемеге ұсыныс жасайтынын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев айтылған мәселелерге қатысты тиісті бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырма жүктеді.

07 қыркүйек 2019 ж. 55 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30