» » КӨГЕРШІН АСЫРАУ КӘСІП ЕМЕС

КӨГЕРШІН АСЫРАУ КӘСІП ЕМЕС

Күнделікті жүретін жолымда бір үйдің шатырындағы биік аспа ағашқа қонақтап отырған көгершіндерді көремін. Түрлері сондай сүйкімді, түстері де біркелкі емес, аппағы, қоңыры, аласы бар. Сәби секілді уілдеген дыбыс шығарады. Кейде олар топталып ұшып жүреді. Сол үйдің аумағынан алысқа ұзамайды. Бұл көрініс тіпті ғажап. Кей күндері құсшының үйінің жанына сәл аялдап, қызықтаймын.
Көгершін – кептер тұқымдасына жататын құс. Жабайы емес, шамамен осыдан бес мың жыл бұрын қолға үйретілген. Қазір де осы көгершіндерді қолдан жемдеп, бағатындар көп. Бейбітшілік құсын асырап отырғандар біздің ауданда да бар. Солардың бірі әлгі үйдің иесі – Қалыбай. Қалыбайда қазірде елуге жуық көгершін бар.
Бала күнімізде ұстазымыз бейбітшілік тақырыбында тапсырма берсе, сыныптағы барлық оқушы тұмсығына гүл қыстырып алып зеңгір көкте самғап бара жатқан ақ көгершіннің суретін салатынбыз. Шырқайтын әніміз де "Ақ көгершін" еді. Әсіресе, осы әннің:
"Ел тілегін алып ұш,
Адамзаттың бағына.
Қара бұлтты жарып ұш,
Мұхиттың арғы жағына, – деп түйінделетін қайырмасын шабыттана шырқаушы едік. Осы әнде автор ақ көгершінді тек бейбітшіліктің құсы ғана емес, әділетті жақтаушы, адамзатқа бақыт әкелуші азаттық құсы ретінде дәріптейді. Әрісі, бұл құс ерте заманнан-ақ, адамзатқа қызмет жасапты. Айшылық жерлерден қанатымен хат тасып, екі елді бірі-бірімен байланыстырып отырыпты. Жер бетін топан су басқанда Нұқ Пайғамбардың кемесіне зәйтүн бұтағын алып келіп, Құдайдың адамдармен татуласқанын, жердегі тіршіліктің жалғасатынын сүйіншілеп жеткізеді. Демек, көгершін жалғыз адамзатқа ғана емес, әлемнің тыныштығына, жер шарының амандығына тілекші жақсылықтың құсы екен.
...Хош, сонымен, Қалыбайдың ұстап отырған көгершіндеріне қайта келейік. Тобымен дүр етіп көтеріліп, үй төбесін бірнеше айналып ұшып келіп, аспа ағашқа қайта қонған құстарға қарап тұрмыз. Көк аспанда тобын бұзбай қалықтап жүрген әдемі құстардың ауызбіршілігіне сүйсінесің, олардың қанаттарынан ескен ыспа желден азаттықты, еркіндікті сезінесің. Өзің де тынығасың, көзің де демалады, жүйкең де тынышталады. Иә, бұл сөзімді құсшы Қалыбай дәлелдей түсті.
– Құс асыраудың қыр-сырын, оның адамзатқа пайдасын біз әлі де терең біле бермейміз. Жалпы, құс атаулыдан біздің үйренетініміз көп қой. Соның ішінде осы көгершіндерді адалдықтың, сүйіспеншіліктің, татулықтың, сыйластықтың, ауызбіршіліктің, тазалықтың, әдеміліктің үлгісі десек болады. Одан бөлек, бұлардың адам баласына сыйлайтын ерекше ләззаты да бар. Тәнің мен жаныңның саулығына пайдасы зор. Бірақ, оны көгершіннің иесі болмаса, былайғы жұрт аңғарып, сезіне бермеуі мүмкін. Тіпті көбі кептер асырауды адамның хоббиі деп біледі. Бұл келте түсінік. Құс бағу еріккеннің ермегі емес. Мәселен, тазалықты сүйетін көгершіндер күнделікті тіршілігін таңертең үстерін тұмсығымен тазалаудан бастайды. Жұптасқандары өзге жұпқа "көз салмайды". Екі жұптың бірі өліп қалса, тірі қалған сыңары басқамен "бас қоспай" жалғыз өмір сүреді. Яғни олар сыңарына өлгенше адал болады. Бүгінде жұрттың барлығы жан бағудың қамымен таңнан кешке дейін жұмыста жүреді. Күні бойғы тынымсыз жұмыстан босағанда бір сәт болса да уақытыңды осы құстарға бөлер болсаңыз, миыңыз тынығып, жүйкеңіз қалыпқа келеді. Әсіресе күн сайын бір мезгіл көк аспанда қалықтаған көгершіндерді тамашалап қарап тұру жанарыңызды жаттықтырып, көзіңіздің көру мүмкіндігін арттырады. Біз бүгінде күнделікті тіршіліктің бодауынан босай алмай қалғанымыз соншалық, аспанға қарамақ түгіл, мойын бұрып, айналамызға көңіл бөлуге де уақыт таппаймыз. Ал, бір сағат болса да көкте қалықтаған құстарды қызықтаудың мойын омыртқаға жиналған тұздардың ыдырауына әсері бар екен. Мойын омыртқаның жоғары-төмен қимылы – өз еркіңнен тыс жасайтын жаттығу. Сонымен бірге қанаттарымен ауаны тілгілеп, айнала ұшқан көгершіндерге қарап тұрып санаң сергиді, ішкі жан-дүниеңді алай-дүлей еткен жаман ойлардан арыласың, еркіндіктің қадірін түйсінесің, биіктікке ұмтыласың, бақыттың бағасын білесің. Топталып тіршілік етсе де, жұпталып өмір сүретін көгершіндер саған отбасылық өмірдің құндылығын да ұғындыра түседі. Сосын көгершін асыраған адам, бойындағы бойкүйездік, жалқаулық, тәкаппарлық, кінәмшілдік, кекшілдік, қатыгездік секілді жаман әдеттер мен теріс мінездерден арыла бастайды. Тілі жоқ болса да, құстармен ішкі таным-түйсігі арқылы түсінісіп кетеді. Көгершіндерге деген құмарлық адамды ақырындап табиғатты аялауға, оған қамқорлықпен қарауға үйретеді, жүрегіңнен мейірім оятып, сабырлылыққа тәрбиелейді, – дейді Қалыбай.
Расында, бұл құсты әлдебіреулер ермек үшін ұстайды, оған сүйікті ісі ретінде қарайтындар да бар. Ал, Қалыбайдың көгершін асыраудағы мақсаты мүлдем басқа...
Иә, күннің көзін тұтқан қара бұлтты қақ жарып, зау биікке ұшып шығып, жер шарына тыныштық тілеген бейбітшілік құсының қадірін барша жұрт Қалыбайдай ұғынса, бүкіл адамзат баласына мекен болған домалақ шардың бауыры күншілдік пен қараулықтан, қатыгездік пен қанқұмарлықтан жараланбас еді-ау!

Қуат АДИС

07 қыркүйек 2019 ж. 52 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30