» » ОЙ ӘЛЕМІНЕН СӨЗ

ОЙ ӘЛЕМІНЕН СӨЗ

Қазақтың заңғар жазушысының бірі әрі бірегейі – Ғабит Мүсірепов. Оның қаламынан туған туындылар замана үнін дөп басып қана қоймайды, сондай-ақ келер ұрпаққа да мирасталып қала береді. Мүсіреповті тіпті өзіндік бір әлем деп те қарастыруға болады. Оның ана тақырыбына жазған шығармалары оқыған жанның жүрегін тебірентпей қоймайды, керек десеңіз сай-сүйегіне дейін шымырлатары сөзсіз. Жазушы бір ғана “Қазақ солдатымен” Ұлы Отан соғысындағы тарихи оқиғаларды бедерлесе, “Ұлпан” арқылы әрбір шығармасы қазақ ұлттық әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып орын алатынын айғақтады. Бүгін Ғабит Мүсіреповтей қаламгердің ой әлеміне жетелейтін қанатты сөздерін ұсынып отырмыз.
* Менің тірлігім – үмітімде. Үмітім – өз қолымда емес.
* Намыстанған – болады, қорланған – болады.
* Мәдениет майданына мейірім керек.
* Ойында қандай тәсіл қолдансаң да айып емес. Бірақ бар тәсілің бас сауға болса, оны қайрат көтермейді.
* Қарны тойса қалғып сала бермейтін ұрпақ керек. Оңай көріп, саршұнақ аулап, ін күзетпейтін ұрпақ керек.
* Біз XV ғасырда "қазақ" деген ел болып біріккенімізді Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырған ел едік. Бірігеміз, бір ел боламыз деп анттасқанымыз да сол, конс­титуциямыз да сол – тасқа басылған таңба.
* Ойсыз сөзде – көркемдік те жоқ.
* Көркем сөз – жанның сәулесі.
* Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы.
* Көркем сөзі бар болғырдың өзін орақпен орып, күрекпен күреп ала-алмайсың: оны бір-бірлеп тересің, бір-бірлеп тізесің.
* Көркем сөз суықта та өседі, ыстықта да өседі, күндіз де өседі, түнде де өседі. Тек ақ мамық төсекте өспейді, әлпештеген алақанда өспейді. Сынсыз өспейді, талас-тартыссыз өспейді.
* Сөз қасиеті – көркемдігінде, ой қасиеті – шындығында.
* Көркем әдебиет деген ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдірет болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ.
* Талантқа қанат болар – сезім емес, сенім болуы керек.
* Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер.
* Ақын бойына адамгершілік қана жарасады. Екеуінің біріне ақау түссе, алдымен ақындық өледі.
* Ақын жаны – оңай жараланады, оңай жазылады.
* Адам ойының портретін – жүзінен көруге болады.
* Ақын жүрегінде кек тұрмайды. Кек тұрса – қақ тұрғаны. Қақ тұрған жүрек – тот басқан асыл. Енді одан берекелі үн шықпайды.
* Көзбен де қамшылауға болады.
* Соқыр – көретіндей, саңырау – еститіндей етіп жаз.
* Ақын – қыран: қияға да қонады, ақын – адам: далаға да қонады.
* Көркем сөздің сұлулығы – сағымдай құлпыр­масын, өзендей толқысын.
* Тек жамандық пен жәбірді жинай берген адам жазушы бола алмайды.
* Есті сөзді естігісі келмеген адам – саңырауға тең.
* Шығарма – тек қана мазмұн, тек қана түр емес.
* Дүниеге алдымен келген сөз болады! Сөз!
* Кейде ақынның балалығына таң қаларсың, кейде ақынның даналығына таң қаларсың.
* Ақын – заман: бір күндік те емес, бүгіндік те емес. Оның кешегісі – бүгіндік, бүгінгісі – ертеңдік.
* Ұшқыр ой, ізденгіш ой, тапқыр ой – ол бір адам. Құр кеуде, жұрттан көргенді өзімдікі дейтін, басқаның ойын иемденіп, іске асырарда көз шығарып, бас жаратын – бұл екінші адам.
* Оқыс сөз, одыраң мінез – үлгісі жоқ ұлдың, кері кеткен қыздың белгісі.
* Асылы, адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді бояуға, оған ажар, түр беруге, оны әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді.
* Өмір бойы құмырсқадай қыбырлап еңбек еткен адам дүниеге түсініктілікпен қарайды. Осы жолда өз ой-күшін, қуатын сарп етеді де, өмірді өз тағынан құлатпайды.
* Өзің – аспанда, ойың – төменде жүргенше – өзің төменде, ойың аспанда жүрсін. Биік деген немене, төмен деген немене – сонда түсінерсің.

12 қазан 2019 ж. 60 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

№80 (9556)

12 қазан 2019 ж.

№79 (9555)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031