» » ЕСІМІ ЕЛЕНБЕЙ ЖҮРГЕН ҚАЙРАТКЕР

ЕСІМІ ЕЛЕНБЕЙ ЖҮРГЕН ҚАЙРАТКЕР

Сыр елінде, оның ішінде Жалағаш ау­да­­нынан шыққан қоғам және мемлекет қайрат­керлері, зиялы қауым өкілдері кезегімен есім­дері аталып, өнегелі өмір жолын насихаттауға арналған түр­лі шаралар ұйым­дас­ты­­рылуда. Алайда кезінде абыройлы қыз­мет атқарған, 1937 жылы «Халық жауы» аталып, 1938 жылы атыл­ған Садуақас (Сәдуақас) Баймаханов ту­ралы ша­ралар ұйым­дасты­рыл­май келеді. Мұның басты себебі, ол кісіні жа­лағаштық ағайындар толық білмеуі, екіншіден артынан ұрпақ қалмауы, үшіншіден ағайын-туыстарының қозғау салмауынан болар деп есептеймін.
Сонымен бұл азамат туралы өз білгенімді баспасөз арқылы оқырмандарға таныстырмақпын. Садуақас Баймаханов 1903 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аламесек елді мекенінде (бұрынғы Аламесек болысының №5 ауылы) туған. Аламесектегі екі сыныптық мектепті бітіргеннен кейін Ақмешіт уездік басқармасында көшіруші болады. 1919 жылы Ташкенттегі панасыз жетім балаларды орналастыру комитетінде қызмет атқарған.
1919 жылдың 1 шілдесінде Қазақ балаларын оқытатын училищенің бөлімшесі, қазан айында училище қазақ ағарту институт (Казинпрос) болып қайта аталады. Мұнда қазақ зиялылары Иса Тоқтыбаев, Қоңырқожа Қожықов тағы басқалар сабақ берген.
Екінші негізгі класты ол Ташкент қаласында 17 жасында оқыған. Осында оқып жүріп Ташкентте шығатын қазақ басылымдарына әртүрлі тақырыпта мақалалар жазады. Әсіресе жастар жайлы, уез­дер­дегі оқу-ағарту жұмыстары, ондағы тәрбие туралы «Ақ жол», «Жас қайрат» газеттерінде бірнеше мақаласы жарияланған. 1924 жылы Рахат Төлешұлымен бірге С.Баймаханов Ақмешіттегі оқу жайын жаза келіп, оқуға тартылуға тиісті 63 баланың мектепте оқымай жүргенін сынаған.
Садуақас Баймаханов 1921-1924 жылдары Қырғыз (қазақ) бюросының мүшелігіне сайланып, әрі бөлімді басқарған. «Жас қайрат» газетінің (кейін журнал болған Т.Д) редакторы болып көптеген жастардың көзін ашып оқу-ағартуға айрықша мән береді. Ташкент орталық жастар одағында, халық-ағарту комиссариатында бөлім меңгерушісі, 1924-1926 жылдары Сырдария ауыл шаруашылық техникумының (Ташкент қаласындағы) директоры, 1926-1927 жылдар аралығында Қызылорда уездік-қалалық партия комитетінде үгіт-насихат, ұйымдастыру бөлімдерінде меңгерушілік қызметін атқарған, білікті ұйымдастырушы да болды.
Оны 1927 жылдың маусым айында Таштөбе уездік-комитетінде (Сарыағашта), 1928 жылы Адзат округтік партия комитетінің насихат-үгіт (форт Александровскийде), 1928 жылдың желтоқсан айында Петропавловскіде губерниялық комитетте бөлім меңгерушісінің орынбасары, «Кеңес ауылы» газетінің редакторы, 1932-1933 жылдары Орта Азия мақта ғылыми-зерттеу институтында сектор меңгерушісі, 1933-1937 жылдар аралығында Қазақстан халық-ағарту комиссарының орынбасары, 1937 жылы мамыр мен қараша айында Алматы қалалық Мирзоян аудандық партия комитетінің хатшысы болып, кемелденіп толысқан шағында «Халық жауы» деп айыптап, 1938 жылдың ақпанында атып жіберген. Ол 1957 жылдың қазан айында ақталған.
С.Баймаханов – өзінің 35 жылдық өмірінде қазақ жастарының оқып, білім алуына айтарлықтай үлес қосқан қайраткер. Оның 1924 жылғы «Ақ жол» газетінің №2, 3, 4 сандарында «Жастар қосымша білім тілейді, оны кім ескеру керек?» деген мақаласында оқу-ағарту жұмы­сындағы кем­ші­ліктерді атап, одан шығар жолды көрсетеді. Ол 1920 жылдан бас­тап Ташкент қаласында шығып тұрған газет-журнал­дарға мақалалар жазған. Ал 1933-1937 жылдар аралығында «Социалды Қазақстан», «Қызыл Қазақстан», «Лениншіл жас» тағы басқа да басылымдарда мақалалары жарияланған.
Жалағаштан ұшып шыққан, қанатын кеңге сермеген С.Баймаханов кеңестік зұлмат саясатын құрысып, кейін ақырында «Халық жауы» атандырып, өзін атып жіберді. Өкінішті болса да шындықты жазуымыз керек.
Өз ынтаммен 2008 жылы Жалағаш ауданының әкімі Өмірбек Шәменов інімнің мақұлдауымен Алматыдан «Жалағаш жері – жыр кені» атты кітапты құрастыру болғанымен ондағы туындылардың басым көпшілігін өзім дайындап, жазған едім. Сол жинақтың мұқабасына Жалағаш ауданынан шыққан жеті адамды қоймақ болғанмын. Хамза Сарбасовтың суреті табылмағандықтан берілмеді. Осында Садуақасты ел-жұрты біле жүрсін деген мақсатпен суретін берген едім. Енді міне, С.Баймаханов туралы қысқаша жазып Жалағаш жұртына таныстырып отырмын.
Оқырмандар мемлекет және қоғам қайраткері болған, Аламесектен шыққан С.Баймахановты танып, біліп, оның есімін ұлықтау мақсатында іс-шараларды қолға алса, еңбегімнің қайтқаны деп білемін.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
жазушы, зерттеуші,
«Құрмет» орденінің иегері,
Алматы қаласы

12 қазан 2019 ж. 60 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

№80 (9556)

12 қазан 2019 ж.

№79 (9555)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031