» » Жалағаштан шыққан кеңес одағының батыры немесе 75 жыл кешіккен атақ

Жалағаштан шыққан кеңес одағының батыры немесе 75 жыл кешіккен атақ

Журналистің жұмыс күні басқа­лардікінен бөлекше болады. Мақа­ла жазу үшін қаншама кейіп­керге жолығып, сұхбаттасасың. Елдің тынысын, бүгінгі ахуалын, кешегі бейнесін мақалаға арқау ететініміз тағы бар. Одан бөлек редакцияға келіп, тарихтан сыр шертетін немесе осы өңірдің атақты адамдары жайлы сөз қозғайтын жандар да болады. Бірер күн бұрын есігімді қағып: “Рұқсат па” деп, жас шамасы 70-тен асқан ана мен 50-дің үстіндегі жігіт ағасы жұмыс бөлмеме кірді. Сырттан адам келсе орнымнан тұрып, күтіп алатын әдетім. “Кіріңіздер” деп отырғызып, келген мәселелерін сұрадым. Әңгімені жігіт ағасы бастады.
– Айналайын, редактор інім! Мен осы аудандағы әскери комиссариатта жұмыс жасайтын Амангелді деген азаматпын. Мына кісі Жалағаштың тумасы, қазір Қызылорда қаласында тұратын Айжан деген апай болады. Біз мұнда “”Кеңес Одағының батыры” атағына ұсынылып, бірақ ала алмай майданда шейіт болған Ернияз Сәтов жайлы айтайын деп келдік, – деді.
Мына сөзді естісімен бәрін егжей-тегжейлі сұрай бастадым. Бұл мәліметті қайдан, қалай алғандарын білгім келді. Оның үстіне Қазақстанның құрметті журналисі Ахат Жанаевтың араласуымен Ернияз ағамызға берілген “Қызыл Ту” орденін туыстарының алуына сеп болғанын естіген едім. Енді мына жағдай арқылы Ернияз Сәтовтей жауынгердің Кеңес одағының батыры атағына ұсынылғанын біліп отырмын.
– Мыналарыңыз ғажап жаңалық қой. Бұл мәліметті қайдан алдыңыздар? – дегенімде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Байболовтың хатын қолыма ұстатты. Онда Ернияз Сәтовтің (құжатта Сятов Ернияз) 1944 жылы “Кеңес одағының батыры” атағына ұсынылғаны жазылыпты. Ал Амангелді аға ерте келген Айжан апамыз Ернияздай батырдың қарындасы екен. Одан арғы әңгімем сол кісімен өрбіді. Айжан апайды сөзге тартып, өзі білетін жайттың барлығын айтуын сұрадым.
– Бұл кісі менің әкемнің туған інісі, деп бастады ол сөзін. – Негізі әкеміз атадан үш ағайынды болған. Үш ұлдың үлкені Тәжібай дағыны, ортаншысы Шернияз, кішісі Ернияз. Осы Шернияз бен Ернияз ағаларым майданға кетіп, хат-хабарсыз оралмаған. Әкем Тәжібай оқу-ағарту саласында, ұзақ жыл партия қызметінде жемісті еңбек етті.
Елге сыйлы азамат болды, – деп отбасы, майданнан оралмаған ағалары жайлы әңгіме қозғады. Тамағын бір кернеп алды да Ернияз ағасы жайлы айтты.
– Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған Ернияз ағамыз 1918 жылы өмірге келген. Ауыл мектебін бітірген соң Қызылорда қаласында 2 жылдық курс оқыған. 1939 жылы әскерге алынып, содан 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, майданда қалады. Неміс басқыншыларына қарсы соғыста ерлік көрсеткен, батылдығы мен батырлығы арқылы танылған. Өзінің өр мінезі арқылы қазақ баласының бойындағы қаһармандықты көрсете білген, – деп ол кісі туралы материалдарды “Подвиг народа” және “Память народа” деп аталатын ресейлік сайттарды таба алатынымызды айтты. Мен дереу сол кісінің көзінше осы сайттарлы ашып, кейіпкеріміз хақындағы дүниелерді іздей бастадым. Бұл сайттардан бізге қажетті құнды деректер табылды.
Ресейлік ақпарат құралдарында бұл кісінің тегі Сятов деп көрсетілген. Құжатта осылай толтырылған екен. Құжат тілі бойынша сөйлесек, Ернияз ағамыз 1368 атқыштар ротасындағы 3-інші взводтың командирі болған. Майдан даласындағы ерлігі үшін “Қызыл жұлдыз” орденімен наград­талған. Бұдан бөлек шайқастарда көрсеткен ерлік­терінің бірі берілген. Онда Сәтов жолдас 1945 жылдың 9 наурызындағы Кюстрин қаласы үшін болған кескілескен шайқаста ерлік көрсетті делінген. Ол неміс басқыншыларына қарсы ұрыста алдыңғы шепте болған. Жау жақтағы пулемет орналасқан үйді анықтап, білдірмей барып, екі граната арқылы жарып жіберген. Одан соң ғимаратқа кіріп, автоматпен 14 неміс сарбазы мен бір офицерінің көзін жойғаны жазылған. Осы шайқаста Ернияз ағамыз взвод командирінің міндеттерін өзіне қабылдап, жауынгер достарын майдан даласына алып кірген. Жау тылында соғыса отырып, 90 неміс сарбазын қоршауға алады. Қан майданда олардың 50-ін тұтқындаған екен. Осы күні Ернияз Сәтов жарақат алған. Сонысына қарамай взвод командирінің міндетін атқарып, басқаларға қайсарлықтың үлгісін көрсеткен. Бірнеше рет “Сталин үшін! Отан үшін!” деп ұрандатып, жауынгерлерді ұрысқа бастаған.
Бұл мәліметтердің барлығын Ресейдегі ақпарат көздері сол елдің Қорғаныс министрлігі арқылы тауып, сайтқа ендіріп отыр. Мына айтылғанның ешқайсысы ертегі емес. Жау тылына өтіп, пулемет нүктесін жою дегеннің өзі нағыз ержүректің ғана қолынан келетін іс. Әйтпесе бұл сұрапыл қару арқылы қаншама кеңестік жауынгердің шейіт болары белгісіз. Ал жалғыз өзі жау әскері орналасқан үйге кіріп, 15-ін түгел сұлатып салғанын батырлық демей, не дейсің?!
Осы мәліметтерді аудандық әскери комиссариаттан келген Амангелді Наурызбаев және батырдың туысы Айжан апамызбен бірге көрдік. Жүрегім тулап, алқынып, нағыз батыр арамызға енді оралғандай күй кештім. Бір өкініштісі, Ернияздай қаһарман ұлдың бір де бір суреті сақталмапты. Айжан апай суреті жоқтығын айтқанда, аузыма “қаптан” басқа сөз түспеді. “Жалағаштан Кеңес одағының батыры” шыққан деп жарияға жар салғалы отырғанымда, бет-бейнесін бедерлейтін суреттің жоқтығы өзегімді өртеді. Жас ұрпаққа ерлігін үлгі ететін, жыл сайын жеңіс күні мерекесі келгенде біздің батыр деп шеруге ұстап шығатын суретінің жоқтығына қынжылдым. Қалай болған күнде де Айжан апайды сөйлетіп, мол мәлімет алып қалайын деп шештім. Ол кісі көзін ұзаққа салып, өткен күндерді есіне түсіре бастады. – Әкем бауырының өте зиялы, сөздің киесі қонған жан болағанын үнемі айтып отыратын, – деді ол. Қазір менің өзім 73 жасқа аяқ бастым. Сонда да мына бір шумақ есімде сақталыпты. Бала күнінде Ернияз ағамыз жездесімен бірге қауын егіпті. Егін басынан өтіп бара жатқан бір кісі ағамыздан қауын сұраса керек. Сол кісіге:
“Еккеніміз түйнек,
Бере алмаймын билеп.
Ал егесін сұрасаң,
Анау тұрған Имек”, – деп жездесін нұсқапты. Бұл кезде Ернияз аға 8-10 жасар болса керек. Әжеміз Үмітай да өлең-сөзге шебер еді. Шернияз бен Ернияздай қос құлынын өмір бойы жоқтап өтті. Мүмкіндігің болса жазып ал, соны айтып берейін, деді. Бағаналы бері айтқанының барлығын қағазға түсіріп отырғанымды айтып, ары қарай жалғастыруын сұрадым. Әжеміз 1977 жылы 90 жасқа келіп қайтыс болды. Ол кісінің айтқан өлеңін біз жазып алдық.
– Дарияның солқылдайды баспалдағы,
Аузыма сөз түспейді сассам дағы.
Қос қалқам, көрмегелі көп жыл өтті,
Сендерден бұлт жақын-ау аспандағы, деп басталатын зарлы өлеңді оқи жөнелді. Өлең ары қарай ананың зары мен сағынышына ұласады.
– Аспаннан күн шығады шырайланып,
Қойшылар қойын бағар құрайланып.
Қос қалқам, сендер еске түскен кезде,
Кетеді менің басым шыр айналып.
Мен өзім жағалаймын дария бойын,
Қарайғанға бұзылар менің ойым.
Қос қалқам, көрмегелі көп жыл өтті,
Қай жақтан болсын менің ақыл-ойым.
Дүниенің енді білдім жалғанын-ай,
Қос ботамды көп айтып зарладым-ай.
Бүлінді бұл дүние астаң-кестең,
Қай жерде ұшып кетті жандарың-ай.
Бір түп тал терегіме асыламын,
Шүкір деп таң намазға бас ұрамын.
Күн шығып, торғай даусы шыққан кезде,
Көз жасым кермек татып ашынамын.
Сұм соғыс көп жыл болды біткеніңе,
Қос қалқам қайтпай солай кеткені ме?
Күтуге жетер емес қысқа өмірім,
Тосармын Махшар күннің өткелінде.
Бұл өлеңді біз жай тыңдай алмадық. Жүрегіміз тулап, алқынып қоя берді. Тіпті көзімізге келген жасты ұстай алмадық. Өлеңді оқып отырған Айжан апаға қарасам, оның да жанарынан моншақтап жас төгілген екен. “Әжеміз соғыста хат-хабарсыз кеткен қос құлынын жоқтап жылап, екі көзден қалды. Өмірінің соңғы алты жылын соқыр болып өткізді” –деді.
Сөз басында ардагер-журналист Ахат Жанаевтың да басқа емес, дәл осы Ернияз Сәтовке берілуі тиіс “Қызыл Ту” орденін туыстарының иеленуіне себепші болғанын жазған едік. Бұл оқиға жайында Ахат ағамыздың өзінен бірнеше рет естіген едім. 1991 жылы А.Жанаев Ресейден шығатын “Ветеран” дейтін газетті парақтап отырып, “Награда ждет героя” деген мақалаға көзі түседі. Қараса ішінде кейіпкеріміздің аты-жөні жазылыпты. Содан радиодан хабарлама жібереді. Сол күні жұмыстан келе жатып, бір подъезде тұратын Айжан апайдың шаңырағына соғып, танысқан мақаласы жайлы айтады. Құдайдың құдіретін көрмейсіз бе, сөйтсе радио арқылы туыстарын іздеп жатқан Ернияз Сәтов Айжан апамыздың әкесінің туған інісі болып шығады. Ахат ағамыз бұл жайында материал дайындайды. Батырдың кеудесіне тағылуы тиіс “Қызыл Ту” ордені осылайша туыстарына, соның ішінде інісі Сәтов Кеңеске беріледі. Бұл награда қазір Қызылорда қаласында тұратын Айжан апайдың үйінде.
Негізі Ернияз ағамыздан 1945 жылға дейін хат келіп тұрыпты. Соңғы хатында Одер өзенінің жанында тұрғандары, көрсеткен ерлігі үшін наградаға ұсынылғаны жазылған көрінеді.
Жалпы Ернияз Сәтов жайлы біз не білеміз? Ол кісі Жалағаштан шыққан Кеңес Одағының батыры. Сонау 1944 жылы осы наградаға ұсынылыпты. Бізге белгісіз себептермен ала алмаған. Бұл жайлы 75 жылдан кейін айтылып отыр. Әлгі “Қызыл Ту” ордені сияқты “Кеңес Одағының батыры” атағы да туыстарына берілер деген үмітіміз бар. Бүгінде батырдың өзіндей болмаса да көзіндей болып, ізіндей ғұмыр кешіп жүрген Төлепберген Сәтов пен Құралай Сәтова да Жалағаштың тұрғындары екенін айта кеткен жөн. Демек Қазақ еліне берілуі, Сыр топырағына келуі, оның үстіне Жалағашта тұруы тиіс награданы алатын адам бар деген сөз.

Азиз БАТЫРБЕКОВ

29 қазан 2019 ж. 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

№87 (9563)

05 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 215

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 269

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930