» » Сыр елі үшін үлкен қуаныш

Сыр елі үшін үлкен қуаныш

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қазақстанның Еңбек Ері» атануы – шын мәнінде үлкен оқиға. Бұл жерде әңгіме еңбектің ерте не кеш бағалануында емес, ең бастысы – адамның лайықты екендігінде. Шынын айту керек, Әбеміздің шығармалары бірнеше буынды тәрбиеледі. Бір ғана буын емес, бірнеше буынды!
Кеше ғана бүкіл қазақ елі болып тойлаған ағамыздың жасы – оған Құдайдың берген нығметі. Осындай жасқа келу де оңай емес. Әбекеңе анықтауыштың да көп керегі жоқ. Оның бұл атағы – өте лайықты, орынды баға деп есептейміз. Бұл – бір.
Екіншіден, Аллаға шүкір, біздің қазақта ірі, дара да дарынды, талантты, үлкен жазушылар аз емес. Кезінде мықты классиктер болған. Солардың қатары әлі де сиреген жоқ. Біз мақтанатын талантты жазушыларымыз баршылық. Бірақ, кешегі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннен бері қарай, одан бергі Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер бастауында тұрған «Алыптар шоғыры» деп аталатын тұлғалардың көзін көрген, тәрбиесін алған дарабоз – осы Әбекең.
Былайша айтқанда, Әбді­жәміл Нұрпейісов – қазақтың маңдайына біткен алыптар шо­ғырының соңғы тұяғы, олар­дың көзін көрген ардақты­лары­мыздың арасынан ортамызда жүрген аңызға айналған абызымыз.
Негізінде, көзі тірісінде көп адам аңызға айнала бер­мейді. Бұл кісі көп жазатын жазу­шы­лардың қатарынан емес. Аз жазады әрі саз жазады. Бір ғажабы – «Қан мен терді» бұл кісі әлі қарап, жөндеп жатыр. Мына заманның ағымын байқап, қайта ықшамдап шықты. Таяу­да ағамыз өзінің жақында жа­рық көрген шығармалар жина­­ғының 7 томдығын әкеліп берді. Сол 7 томдықта «Қан мен тердің» ықшамдалған, қыс­қар­­тылған қазіргі нұсқасы бе­рілген. Өткенде ағамыздың Ал­ма­тыдағы кешінде өзіне қалжыңдап: «Енді қысқарта бермеңіз. Осымен тоқтаңыз», деп айтып жатырмыз. Бұл – аға­мыздың еңбекқорлығының көрінісі.
Құдай адамға талант береді. Алла ағамызға сол талантымен бірге ғаламат еңбекқорлықты да берген. Өмірде өзінің талантына алданып, еңбек етпей, құдайдың берген қасиетінен, тіпті, барынан айрылып қалатындар да болады. Әбең – талант пен еңбекті ұштастырған адам. Бүгінгі биік дәрежеге жетуі – ең алдымен ерен еңбегінің арқасы.
Әбдіжәміл ағамыз небәрі үш-ақ шығарма жазды. «Курляндия­дан» бастады. «Қан мен тер», «Соңғы парыз», «Сең» – осы үш дүниесімен бұл кісі тек ұлт әдебиетінің ғана емес, әлемдік әдебиеттің деңгейіне шықты. Биігіне көтерілді.
Әбеміз – қазақ жазушы­ларының ішінде Мұхтар Әуе­зовтен кейінгі әлемдік деңгейде мойындалған, әлемдік үлкен дә­режеге көтерілген жазушы. Бұл – шын мәнінде солай. Себебі, Нұрпейісовтің кө­тер­ген мәселелерінің бар­лығы – мәңгілік мәселелер. Әлем­дік деңгейдегі мәселелер. Ағамыздың еңбек­терінің адам­заттың ортақ құнды­лықтарының қатарына қосылып жатқаны да сондықтан. Осы себепті, оны барша адамзатқа ортақ құндылықтарды қаламына арқау етіп жүрген аса ірі пландағы суреткер деп қарауға болады.
Кеңес Одағының кезінде дүниежүзі классиктерінің басын құраған жазушылардың 200 томдығы жарық көрді. Фран­цияның өзі бұлай шығармаған. Америка шығарғанымен, 100 томға да жетпейді. Осындай 200 томдықты Кеңес одағы ғана шығарды. Осы екі жүз томдықтың бір томы Әуезовке арналды. Әуезовтің сол томына «Ұстаз туралы сөз» («Слова об учителе») деп алғысөз жазған осы Әбдіжәміл Нұрпейісов болатын. Мұндай бақ екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейді.
Әбекеңнің ұлт әдебиеті мен руханиятына сіңірген еңбегі өз алдына, шығармаларының 35 тілге аударылуы – бұл өте сирек кездесетін құбылыс.
Сондықтан, бұл атақ Әбекеңе кеш берілгенімен, орынды берілген өте үлкен баға. Еліміздің ең жоғарғы атағы.
Әбеміз «тау тұлға», «ұлы жазушы» деген атақты жақтыр­майтын адам. «Орыста «аса көрнекті» деген сөз бар. Мені солай атасаңдар жетеді» дейді өзі. Расында да, Әбдіжәміл Нұрпейісов – аса көрнекті қаламгер. Біз Әбеміз үшін өте қуаныштымыз.
Әсіресе, Сыр елі үшін бұл – өте үлкен қуаныш. Туған жердің қуанышы бөлек болады. Себебі, жазушы сол топырақтан шықты, өсіп-өнді. Әбеңнің бойындағы барлық құнарлы қасиеттер сол топырақтан дарыды.
Сыр елінің, туған жерінің қуанышы бүкіл Қазақстанның қуанышына ұласып жатыр.
Қуаныш құтты болсын дейміз! Ұзағынан сүйіндірсін! Әбе жасай берсін!

Қали СӘРСЕНБАЙ,
жазушы.
31 қазан 2019 ж. 68 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

№87 (9563)

05 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 234

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 286

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930