» » КЕЛІННІҢ БЕТІНЕ НЕГЕ ЖАУЛЫҚ ЖАБАДЫ?

КЕЛІННІҢ БЕТІНЕ НЕГЕ ЖАУЛЫҚ ЖАБАДЫ?

Ұлттық танымның тас-тал­­­қанын шығарып, бір­жо­ла уатып жіберу үшін тота­ли­тарлық жүйе тепкісінде өткен жетпіс жылдың өзі аз уақыт емес екенін салт-дәс­тү­рінен көз жазып қалған ха­лықтар жақ­сы біледі.
Жер бетінде ата-бабасынан мұраланған мәдениеттің зәре­дей жерін өзгертпеу үшін басын бәйгеге тігетін этностар көп. Керісінше, ұлттың мүлкіне жауап­сыз, әрі салақ қарайтын екі халық болса, өкінішке орай соның бірі біздің жұрт екенін жасыра алмаймыз. Әрине, бұл жүре келе жолдан тапқан торай тобық қасиетіміз, әйтпесе байырғы қазақ қаны таза, жылқы мінезді жайсаң халық болған. Аттың жалы, атанның қомында өткен дәуір-дәуреннің сыйын күресінге ысыра салуға бейім тұратын кеңестік кезеңнен қал­ған сана ақаулығының зар­дапты салдарының бірі осы.
Дәстүр – қатып-семіп қалған догма емес, даму қасиетіне ие жанды құбылыс, орынсыз өз­гер­туді де көтере бермейтін шыңылтыр дүние. Сондықтан руханият үлгілеріне қатысты көненің кез келген мүлкін өз ыңғайымызға, бүгінгі деңгейімізге лайықтап, зорлап иеміз деп жүріп қиратып алуымыз ғажап емес. Рас, соңғы кезде халықтың ғасырлар бойы тұтынған төл мәдениеті мен дүниетанымына, наным-сенімі мен салт-дәстүріне жүрдім-бардым қараушылар қа­тары өлшеусіз өсіп отыр. Біз­дің қазақта «Алдырған ана­сының қойнын ашар» деген ұлағат бол­ған. Бабалар тәлімі мен ғазиз аналар тәрбиесін жете біл­мейтіндер, қасақана біл­гісі келмейтіндер болашақта осы сөз­дің кебін киіп жүрмесін. Өйт­кені біз геноцид көрген халық еке­німізді ұмытпауымыз керек.
Реті келген жерде халық ара­сындағы жиындардың жағ­дайын біле жүруге тырысатын қа­­­зақпыз. «Естімеген елде көп» деген емес пе, шаңыраққа жа­­ңа түскен келін мен күйеу ба­ла­ны қатар тұрғызып қойып син­те­затормен бет ашқанды бұрын кім көріпті? Омырауында емізулі баласы мен етектен тартып тұрған шекесі торсықтай ұлы бар келіншекке беташар жасағанды қай орынға қоямыз? Көзінен көгендей берсеңіз түп-та­мырынан ажырай бастаған дү­бәра қоғам мұндай сорақылық түрінен көз аштырмай тұр. Кей жерде келін түскен күні бетін бір ашып, екі-үш жылдан соң, үл­кен той деген желеумен және бір қайталап жіберетін әдет бар екен.
Осының бәрі ата-баба салтын құрметтеуге келгенде тым қырсыз екеніміздің белгісі.
Бүгін әлпештеп баққан қызың ертең біреудің босағасын келін болып аттап, барған жерінің көсегесін көгерту керек. Басқаны былай қойғанда, қазір қарапайым бесік жырын естімей өскен жарым бақытты бүлдіршін қаншама. Дала дәстүрінде болашақ азамат тәрбиесінің өзегі мен негізі анасы уатқан бесік жырының әуені арқылы сіңетін. Ал бүгін оның не екенін білмейтін қыздар ертеңгі ұрпақтың құлағына қандай әуен қасиетін сіңіреді? Содан да болар, бұрын бала тәрбиесінің басым бөлігімен біздің абзал аналарымыз айналысқан. Техногенді өмірсалт мұның бәріне тежеу салып, қазір қазақы дәстүр толық жұтыла бастады. Кейде осынша байтақ тәлімнен соқа басы состиып қазақ атымыз ғана қалғанына қынжыласың. Бұл таяудағы онжылдықтар жемісі емес, тым ұзақ мерзімге бағдарланған, ұлттық үрдістің тамырына балта сілтеуші жасырын топтың қазақты ұлтсыздандыру үшін жайған торы.
Қазақ қызды құрметтеу арқылы анасын ардақтап, ұлттың арына балауды дағдыға айналдырған халық. Бұл өте ерте заманда, ежелгі ана еркі дәуірінен де бұрынырақ, ілкі адамның мәдениет туралы ұстындары қалыптаса бастаған есте жоқ ескі күндерден шеру тартқан үрдіс. Антикалық әдебиетте, ежелгі греция мифтері мен аңыздарында Түн, Ай, Таң, Күн әуелде әйел Құдайлар есімі болғаны айтылады. Біздің жыл санауымыздан үш жарым мың жыл бұрын дәуірлеген әлемдегі ең көне діннің бірі, кейін христиан мен ислам әлеміне зор ықпалын тигізген зороастризм сенімінде су Құдайының аты Апам-Напам. Апа деген қасиетті сөз күні бүгінге дейін біздің тілдік қолданыста бастапқы мазмұн мен қалпын сақтап, әйелге ізет білдірудің ең жоғары жол-жоралғысы ретінде күнделікті тұрмыс-тіршілікте әлі пайдаланылып келеді. Түбі түрік нәсілдес хакас жұрты әйелдік бастау басында тұрған Құдай-Ана есімін «Алтын Ұмай» дейді. Бұл кәдуілгі «ұма» деген сөзден шыққан. Ал алтын кейін келе әйел тағатын әшекей бұйымның символына айналған.
Хакастар сақтаған «бабаның күміс паханы» деген мифтік ұғым бар. Пахан – қазақтағы бақан сөзімен егіз мағына береді. Орыстар аталмыш сөзді қылмыс әлемінде әлі күнге дейін «авторитет» ұғымында қолданып жүр. Бұл ата-бабаның жаратылыс заңы туралы өте ескі мифтік түсініктер жиынтығы еді. Хакастың ескі аңыздарында осы «күміс пахан» мен «алтын ұма» кездескен соң жер бетіне адам баласының ұрпағы шашылғаны туралы айтылады. Мұндай типологиялық мотив Адам-ата мен Хауа-анаға қатысты ислам діні аңыздарында да кездеседі. Көне хакас тіліндегі «пахан – бақан» сөзі бастапқы мағынасын жойып, құбыла келе көшпелі халықтар үшін киіз үйдің шаңырағын тіреп тұратын тіреуіш құралдың атына айналып кеткен. Дала мәдениетінде күні кешеге дейін босана алмай қиналған тұмса келіншектер киіз үйді қақ жарып, ортасына орнатылған адалбақанға («паханға») арқан керіп, асылып толғатуы бүгінде түп мағынасы ұмыт бола бастағанымен, тегін ырым-салт емес-тін. Бұл да ежелдегі адамзат баласына ортақ (күміс пахан – ерлік бастау – фаллос), дүниені тіреп тұрған құдірет күшке иланудан қалған көне мәдени түсініктер жұрнағы. Кейін келе күміс сөзі («күміс паханы») – ер адам пайдаланатын әшекей заттың белгісі ретінде қалыптасқан. Күміс әшекеймен байланысты басқа рәсімдерді былай қойғанда, біздің қазақ атқа қонатын азаматы үшін ер-тоқым соққанда тек күміс шеге пайдаланатын болған. Әрине, бұл бөлек әңгіменің тақырыбы.
Алтай халықтары ұғымында төменгі дүние иесі болып саналатын Ерлік хан (Ирлиг) жер-ана түсінігін білдіреді. Қазақ шежіресінде тұтас тайпа мен рулы елдің аты әлі күнге дейін сол абыз аналардың есімімен аталады. Жалпы адамзат баласы, соның ішінде көшпелілер нәсілінің бүгінгі таңдағы мирасқоры қазақ тұтынған салт-дәстүрлердің тек-тамыры қайдан, қандай ұғым-түсініктерден бастау алатынын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Қазақта шаңыраққа келін түскенде жасайтын беташар салтын әуелде ақындар атқарған. Әрине, ол замандағы ақын типін бүгінгі ақындық өнер өкілімен шатастыруға болмайды. Көне ақын типі ру арасындағы дәнекерші қызметін, екі рудың киелерін жарастыру міндетін іске асырған. Демек, олар жоғарғы – аруақтар дүниесі мен ортаңғы – адамдар дүниесі арасында байланыс көпірді күшейткен. Кейін бұл қызметті өнердің басқа түрін тұтынушы топтар атқара беретін болды. Қанша ғасыр өтсе де әуелде әлеуметтік ой-пікірді реттеуші, адамзат санасының сәби шағындағы барша мәселенің бітімгері болған ілкі ақынға деген шексіз құрмет бүгін де сол қалпы сақталып қалған. Оның шет-шепірін қазіргі сахналық айтыс өнеріне деген халықтың ерекше ықылас-пейілінен де көру қиын емес.
Нумерология ғылымы үлесіндегі «қасиетті сандар» туралы ілімнің де қазақтың келін түсіру дәстүріне қатысы әжептәуір. Біздің жұртта «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» немесе «Қырық жыл байлық жоқ, қырық жыл жарлылық жоқ» деген тұрақты сөз тіркестері сақталған. Қырық жыл болсын, мейлі ол қырық күн болсын, қырық – қасиетті сан. Қасиетті Тәурат, Зәбур, Інжіл, Құран Кәрімдегі пайғамбарлар өмірі мен олардың бастан кешкен оқиғаларын жазған, ХIII ғасырдың аяғы мен ХIV ғасыр басында өмір сүрген оғыз тайпасынан шыққан ғалым Насреддин Рабғузидің «Қисас-ул әнбия» атты әйгілі еңбегіндегі «Жер бетінен топырақ алу» туралы аңызда «...Топырақты Мекке мен Тайфтың арасындағы Дахна деген жерге қойды. Алла тағала қайғы дариясына әмір қылып, отыз тоғыз жыл қайғы жаңбырын жауғызды. Тағы бір жыл шаттық жаңбырын жаудырды... Әкелінген топырақ қырық жылдан кейін балшық болды... Сонымен Адам әлейһиссаламның бейнесі қырық жылда жасалып болды...» делінеді. Бұл жерде қырық деген қасиетті сан ілкі адамның жаратылуына орай айтылып тұр.
Әлемдегі ең көлемді эпикалық шығарманың бірі саналатын қырғыздың «Манас» эпо­пея­сының бас кейіпкері Манас батыр және қазақтағы эпик жыршылар ең көп жырлаған қаһармандық эпостың бірі Қобыланды батырдың қырық шорысының болуы, қарақалпақ халқының ірі эпостық мұрасы «Қырық қыз» аталуы, әулие-шілтендер санының да қырық деген қасиетті санмен күрмелетінін қандай қағида-қисынмен түсіндіруге болады? Бақилық болған адам мен дүние дидарына келген сәбидің бірінің қыр күндік садақасын жасап марқұмның рухымен қоштасу, екіншісін қырқынан шығарып тірілер қатарына қабылдап алу рәсімі, қырқынан шыққан баланы қырық қасық суға шомылдыру, бәйгіге қосатын тұлпарды сейістің қырық күн түнекке салып жаратуы, исламдағы софылық ағым өкілдерінің қырық күн түнекке түсіп жүрек кірін тазартуы, «қызға қырық үйден тыю» сөзі мен үйінен қырық қадам шыққан адамды мүсәфир санау ұғымдары арасында жіпсіз байланысқан ортақ бір заңдылық бар екенінде шүбә жоқ.
Соның бірі ұзатылған қыздың құрметіне ырғап-жырғап қырық күн той жасау салтанаты. Әрине, мұндай тойды шамасы жеткен жандар ғана жасаған және ол тойдың бүгінгі тойларға үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Бұрынғы баба қазақтың тойы айттыру, бел құда, бесік құда болу, сырға салу, қалың мал беру, ұрын бару, қалта қарау, төсек-орын, кит, сәлем беру, төркіндеу сияқты бүгінгі қазақтар үшін «артық шығын» саналып жүрген атрибуттарға толы болатын. Мұндай рәсімдер толық болмаса да, жарым-жартылай жасалатын тойлар және оны жасауға пейілді жекелеген дәстүршілдер қазір де бар. Бірақ ол жалпыға міндетті өмірсалт па, әлде жекелеген ырым-салт па, мәселенің бұл жағының ара-жігі ажыратылмаған.
Жалпы, басы ашық бір мәселе, адамның бетін жабу жақсы ырым саналмаған және бұл тіріге жасалатын жоралғы емес. Бағзы сенім мен қазақы рәсім бойынша өлі адамның ғана беті жабылуы тиіс. Бұл жалғыз қазақ емес, әлем халықтары фольклорынан берік орын алған салт. Сондай көне жұрттың бірі Америка үндістері. Ал үндіс пен бүгінгі қазақ арасындағы байланысты зерделеудің мәні айрықша. Аталмыш ырым-салт бүгінгі күнге жетіп, қанша ұрпақ ауысса да өлі рудимент ретінде өмірсалттан қалмай неге ілесіп келе жатыр? Бас қатыруға тұрарлық мәселенің мәністі жігі осы арада.
Ежелгі беташар салты өн бойына сақтаған құпия мәліметтер мен бүркеме деректер осы ырымның жасалуында жатса керек. Өйткені, ырым немесе магияның қандай бір түрі болсын тәжірибе жүзінде іске асырылмаған жерде оның әсерлі күші де болмайды. Біртіндеп қалалық дәстүрден қалыс қала бастағанмен, ауыл қазағы бейсаналы түрде болса да бұл мәселеге әлі күнге дейін өте ықтиятты қарайды. Мысалы, қазақта шаңыраққа жаңа түскен келіннің бетін жапқан жаулық орамалдың шетіне қамшы байлау салты бар. Алайда оған неге қамшы байланатынын бүгінгінің қазағы түстеп түсіндіріп бере алмайды. Біздің жадымызда тек бейсаналы түрде ырым-салттың өзі сақталған, ал оның мән-мағынасы ұлт санасынан өшіп үлгергенін жасыра алмаймыз.
Жапсарлас жатқан ноғай халқында келін түскен шаңыраққа ұл перзент келсе қошқар сойып, қайыс қамшы өрімінің арасына сол қошқардың қаса-қамшысын қосып өретін үрдіс бар. Сөйтіп олар көңілі түскен кісіге немесе ұлы жоқ жанұяға әлгі қамшыны сыйға тарта алады. Барлық кепиет-киесінен ажырап болған осы қамшы бүгінде қазақ арасында тек атқа шабатын құрал есебінде ғана сақталып отыр. Алайда бұрын асыл тініне қорғасын қосып өретін дойыр қамшылар барымташы-батырдың қолындағы бес қарудың бірі болған. Ата-бабаларымыз әйелге қол тигізуді үлкен әбестік санап, әрі кетсе тек қамшымен жасқауда ежелгі адамның таным-түсінігіндегі ерлік бастауды ұлықтау ырым-салтынан қалған тылсым мән-мағына болған. Жаңа түскен келіннің табанына тойға сойған қошқардың (тарттырылған ісектің емес. – Б. Ж.) бөстегін төсеу, жаулық ұшына жалғанған қамшыны бір мүшелге толмаған әмеңгер қайнысына ұстату, отқа май құйып, келінді от-анаға иілдіру, оң жағы мен сол жағындағы демеуші жеңгелердің бала тумаған бедеу немесе бұрын есік көрген адам болмауы, қыздың төсек-орнына сырт адамның (қазақы науқас, баласыз әйел) бірінші болып отырып қоймауын қатаң қадағалау сияқты бүгінде ұмытыла бастаған ырым-салттар біздің жұртта аса маңызды саналған және ол өзінің күшін жоймайтын жоралғы деп есептелген.
Сонымен, жаңа түскен келіннің бетіне жаулықты не үшін жабады?
Бұл ілкі ата-бабалардың шаңыраққа жаңа түскен келінге жасайтын «жасанды өлім» («обрядовая смерть») деп аталатын ырымның ишарасы. Әрине, қазақтар аталмыш дәстүрді Ай астынан ала салмапты, ғасырлар бойы елеп, екшеп, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданып, магиялық қасиетін білу арқылы, осы рәсім түбірінде тылсым негіз барына әбден көз жеткізген соң ғана тұтынғанында сөз жоқ. Бүгінде мұны ескідегілердің әлсіз әрекетіне жорығысы келетіндер де баршылық. Алайда салт-дәстүрдің қабысатын қисынын білмей тұрып жаһилдікке жыға салудың өзі аса сауаттылық емес.
Табиғат-ананың қаһарлы күштерімен арпалысқанда, аурудың дауасын іздегенде жасанды өліп-тірілу рәсімін жасау ежелгі бақсылық дәстүрде болған. Ал алғашқы бақсылар әйелдер арасынан шыққандығы тарихи негізі дәлелденген шындық. Қоғамдастары арасында осы инициацияны жасау арқылы бақсы тазарып, қайта түлейді деген сенім болған және жасанды өлім рәсімі барысында бақсы бақи дүниеден хабар-ошар әкеледі-міс. Ілкідегілер әрбір рудың өз киесі, жақсы-жаман, жағымды-жағымсыз қасиеттері сол ру өкілінің бойында болатынына иланған. Қарапайым өмір заңы да, қазіргі дамыған ғылым жетістігі де мұны онша теріске шығармайды.
Жаңа түскен келінмен бірге ере келетін белгілі бір әулетке тән жақсы-жаман, жағымды-жағымсыз қасиеттер оң аяғымен босаға аттаған келіннің жаңа түскен жұртының ру киелерімен табыса алмай қалуынан қорыққан біздің ата-бабалар әуелде бұл рәсімді жаңа түскен келінді тазарту үшін жасаған. Қазақ даласында қызға келін болып түскен жеріне ру киелерін өзімен бірге ала келуге қатаң тыйым салатыны сондықтан. «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» дегенде қазақ жасанды өлім арқылы жаны мен тәні тазартылған келіннің басқан қадамы шаңыраққа құт әкеледі деп сенген. Салт бойынша қыздың бойындағы өз руының жақсы-жаман қасиеттері өсіп-өнген әулетінде, оң босағада отырғанда, отыз күн «ойын» мен қырық күн «тойдың» арасында тазарып, «өліп», келін жаңа түскен жұртында басқа сапа-сипатта «қайта тірілуі» тиіс. Өйткені, ілкідегілер ұғымында әрбір ру жеке-дара космос-әлем. Демек, жаңа түскен келіннің бір космос-дүниеде «өліп», тазарып, келесі космос-дүниеге өткенде жаңа сапада «қайта тірілуі» бұл өмір заңы. Өз жұрты ұзатылған қызына барған жерінде тастай батып, судай сіңуді тілесе, қыздың келін болып түскен жұрты аяғы ауырлап, жүкті келген келіннен көңілге кіп алып, оның қадамын жақсы ырымға жорымаған.
Міне, біз сөз етіп отырған беташар салты өз жұртында тазарып, «өлген» келінді жаңа түскен жұртында «қайта тірілтіп алу» үдерісін қамтамасыз ететін ежелгі рәсімдерге негізделген амал еді. Беташарда иіліп сәлем ету салты аруақтар дүниесі мен көзі тірі тума-туыстарын келінмен таныстыру мақсатында жасалатын да, беташар сәлеміне салынатын ақшалай, заттай сыйлықтар аруақтарға берілген ризашылық садақасы ретінде қабылданып, беташар рәсімін жасаған дәнекерші-ақынға тиесілі болған. Ал жаңа түскен келіннің бетін ашатын дәнекерші-ақынға қойылатын басты талап, оның келін түскен рудың абыройлы адамы және моралдық тұрғыда қасиет-қамалының берік болуы қатаң қаперге алынған.
Кеңес Одағы тұсында идеология­ланды­рылған қасаң жүйеге негізделген астыртын ғылым бұратана саналған өзге ұлттар тарихындағы осындай құндылықтарды барынша зерттеп, зерделегені жасырын емес. Сөйтіп олар алып одаққа зорлықпен бірікті­рілген түрлі этностардың, соның ішінде көшпелілердің тұтас салт-дәстүрі мен этникалық ерекшеліктеріне сызат түсірудің тура жолы қала мәдениеті қағидаларын сіңіру арқылы отырықшы ету мен рулық жүйені жою екенін тайғанақтамай тап басты. Осыдан соң кеңестік жүйенің қырағы саясатшылары ру меншігі болып саналатын Шығыс әйелін көненің құрсауынан азат ету идеясын алға тартып, ақыры бабалар тұтынған шарапатты салттан ада етті. Адамзат үшін ата-бабасының салт-дәстүрінен безуі адами қасиеті мен табиғи тегінен бас тартумен пара-пар. Өйткені, адам баласының табиғаты орынсыз өзгертулер мен жасанды жоралғыларды қабылдай алмайтын күрделі, әрі қатал табиғат.
Бүгінде шаңырақ көтеріп жатқан өркені өскен заманымыздың жастары арасындағы аты-жөні жоқ, себеп-салдары белгісіз ажыра­сулардың астарына үңіліп, оның тарихи-әлеуметтік төркін-себептерін тереңірек қарас­тыратын кез келген тәрізді. Кейде келін түскеннен соң әлгі әулетте орын алатын адам айтса нанғысыз сәтсіздіктер мен бақытсыздық атаулыны көргенде қайран бабалардың қолмен қойғандай ырым-салттарына еріксіз иланғың келеді. Сонда қалай, бұл өзі қасақы тағдыр ма, әлде келін түскенде міндетті түрде жасалуға тиіс, адам баласының ырқынан тыс рәсімдердің дұрыс жасалмауынан ба? Адам баласы өз табиғатынан бас тартуына болатын шығар, алайда атаң мен анаң көрген ақиқаттан қашып құтылу тіпті мүмкін емес.
Асылы, бұлақ-бастауларымыздан алыста­ма­ған абзал.

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

02 қараша 2019 ж. 139 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

№87 (9563)

05 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 215

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 269

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930