» » Абайды сұраған генерал

Абайды сұраған генерал

Мен алпысыншы жылдардың басында әскердегі қызметімді Литвада, Каунас қаласының жанындағы стратегиялық- ракеталық бөлімде атқардым. Біздерге он мың шақырым қашықтықтағы нысананы 7-8 минуттың ішінде тас-талқан қылатын қаруды игеру оңайға соққан жоқ. Бірақ кешегі елін ортақ жаудан қорғап, қан төккен жеңіс солдатының балалары бұл қиындыққа тез көндігіп, өзімізге бекітілген техникамен әскери міндетімізді, азаматтық борышымызды адал өтедік.
1964 жыл­дың мамыр айында әскери бөлім ұзақ жаттығудан кейін Куба дағдарысында мұхиттың арғы жағында мемлекеттік тапсырманы орындап қайтқан ракеталарды атып сынау үшін «Капустин-Яр» по­ли­гонына келдік. Осында бір айдай әскери жаттығудан кейін мемлекеттік сынақтан өтіп, шілде айында өз бөлімшемізге қайта оралдық. Осы жаттығудағы еңбегімді бағалап, марапаттап, он тәулік еліме барып келуге демалыс беріп, СОКП мүшелігінің кандидаттығына қабылдады. Мені, мен сияқты кандидаттарды дивизияның саяси бөлімше бюросына алып барды. Біздер жүрегіміз дүрсілдеп, асқан қуаныш сезіммен өз кезегімізді күтудеміз. Ішке ену кезегі маған да келді. Әскери тәртіппен киініп, барлық қол жеткен белгілерді кеудеге тағып, сарбазға тән шалт қимылмен есікті жұла тартып еніп, екі өкшемді сарт еткізіп, қаздиып тұра қалдым. Мүмкін менің алдымда кіргендер мұндай рәсім жасамаған болар. Түкті кілем төсеген ат шаптырым кабинеттің екі жағындағы орындықтарда отыр­ған жоғарғы дәрежедегі офицерлер мен төрде үстел басындағы генерал және оның жанын­дағы екі шендесінің назары маған ауып, шыбын­ның ызыңы естілмейтіндей сәл ғана үнсіздік орнады. Тыныштықты біздің бөлімнің партком хатшысы бұзды. Ол әскери тәртіппен рұқсат сұрап, мені СОКП мүшелігінің кандидаттығына қабылдаудағы бөлім партия комитеті ұсы­нысымен таныстырып, оны бекітуді сұрады. Шамасы дивизия партия комитетінің хатшысы болу керек, қырықтың үш-төртеуіне шыққан, қызыл шырайлы, сирек шашты, кеудесінде Кеңес одағы батырының белгісі бар генерал «жақсы, жақсы» деп ағалық ықыласын білдірді. Менің ұлтымды, әскерге дейін не істегенімді, әке-шешемді, елдің жағ­дайын сұрады. Әкемнің соғысқа қатысқанын, оның Сталинград май­да­нында ауыр жарақат алғанын, қазір әскери мүгедек екенін айтып бердім. Ол жауабыма риза болды ма, түрі бұрынғыдан да нұрланып, «сұра, сұраңдар» деп қасындағыларға қарады. Бұрын біздер генералдарды әскери жаттығу кезінде немесе олардың алдарынан шерумен өткенде көретінбіз. Оларға тікелей қарауға мұршамыз болмай, танаулап өтіп, жөнімізбен кететінбіз. Міне, бүгін аттары құлаққа айбынды естілетін үш генералдың алдында тұрмын, олар сұрақ қоюда. Тау халқына ұқсас, мұрнының астында бармақтай мұрты бар генерал:
– Қазақтар Ұлы Отан соғысында жақсы соғысты, бұл жауынгер солардың ұлдары ғой, – деп өз сөзіне өзі жауап бергендей болды.
Үстінде авиация әскери формасы бар генерал:
– Мен, Николай Иванович, авиацияда болдым ғой. Біз жаяу әскердің құрамында ол ағайындармен кездесіп тұрдық, – деп кешегі соғыс кезіндегі өмірлерін еске түсіргендей болды.
Мен бұрынғыдай емес етім үйреніп, өзімді еркін ұстап, отырғандарға көз жібердім. Әскери тәртіп дегендей, барлығы да байсалдылықпен генералдардың сөзін тыңдап отыр, ешқандай артық қимыл, сыбыр сөз естілмейді. Біздер бюроға дейін партия бағдарламасын, коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексін жаттап алған болатынбыз. Ал СОКП тарихы мен партия съезіндегі мәліметтерді түнде тұрғызып сұраса да айтып беретін дәрежеге жеткен едік. Өз жағдайым мен дайындығымды жақсы білгендіктен бағдарлама немесе моральдық кодекстен бір-екі сұрақ сұраса екен деп ішімнен ойлап қоямын. Бірақ жағдай олай болмады. Сөзді хатшы генерал өзіне тән байсалдылықпен бастады.
– Сен Абайды оқыдың ба? – деп маған бай­салды жүзімен маңғаздана қарады.
Мұндай сұрақты тап осы жерде қояды деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген. Тез жауап бере алмай тұрып қалдым. Осы генерал маған құдды мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Қосжанов Қайназар ағайға ұқсап кеткендей бол­ды.
Мен ойымды жинап алып жылдамдата:
– Оқыдым, жолдас генерал, – дедім.
– Оны кім жазғанын білесің бе? – деп сұрағын жалғастырды.
– Мұхтар Әуезов жазған, – деп өз жауабыма риза болғандай генералдың жүзіне байыппен қарадым.
Ол менің жауабыма онша қанағаттан­ба­ғандай:
– Заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов жазған. Ұлы ақын, философ, демократ Абай Құнанбаевтың өмір жолы арқылы жазушы ол өмір сүрген кездегі бүкіл қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірі мен ұлттық салт-санасын, дәстүрін, бұрын оқырман қауым біле бермейтін жайын да жеткізе білген роман. Осы еңбегі үшін Мұхтар Әуезовке Сталиндік сыйлық берілді. Қазір екі томдық «Абай жолы» романы Мәскеуде бірнеше тілге аударылуда, – дегенде баға­надан бері салғырттау тыңдап «бізге не қажеті бар?» дегендей ойдағы офицерлер бастарын көтеріп, генералдың аузына қарап қалыпты. Сөзін одан әрі жал­ғас­тырды:
– Жолдастар, өзі совет әдебиетінің алтын қорынан орын алатын туынды.
– Иван Михайлович, – деп қатарында төр­тінші отырған полковникке қарады. Жа­қын­да Мәскеуде саяси басқармада ұлт әдебиет­терімен кинофильмдерін әскери бөлімдер мен мәдени ошақтарға көптеп жіберу, ұлт мәдениеті мен әдебиеттерін оқып үйрену туралы арнайы мәселе қаралды. Бізде орыс тіліне аударылған ұлт әдебиеттері онша көп емес қой. Сондықтан да әскери кітап сауда арқылы «Абай жолы» романын алдырыңдар, барлық бөлімдердің қызыл бұрышында, оқу залдарында, кітапханаларында болатын бол­сын, – деп тапсырма берді.
– Кімде қандай сұрақ, ұсыныс бар? – деп өз жауабына өзі риза болғандай, бір шолып өтті.
– Бөлім партия комитетінің шешімі бекі­тілсін!
Мен СОКП мүшелігінің кандидаттығына өттім. Бозбала жастық шақтың қызуымен махаббат туралы, соғыс тақырыбына жа­зыл­ған шығармаларға бой ұрып, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» мектеп қабырғасында оқыма­ғаныма өкіндім. Сол жылдың тамыз айында елге демалысқа келгенде аудан орталығында кітапханашы болып істейтін жеңгемнен ро­манды өзіммен бірге Литва жеріне ала кеттім.
Міне, содан бері 55 жыл өтті. Есейдік, ер жеттік, балалы-шағалы болдық, ақсақалдық асуға да таяп қалдық. Кезінде жан-тәнімізбен қызмет еткен Кеңес мемлекеті тарап, келмеске кетті. Оның басшысы, мен қатарында отыз жыл болған коммунистік партия да өз өмірін тоқтатты. Ұлы Абай, Мұхтар Әуезов туралы жақсы мағлұмат берген генерал қазір бұл өмірде бар ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Бірақ ұлыны тек қана ұлылар таниды деген. Бүкіл дивизияның зиялы қауымына Ұлы Абай мен Мұхтарды таныстырып, жеңістің мақтанышымен кеу­делері аспандаған халықтың әске­рилері алдында қатардағы солдат менің төбемді көкке жеткізген генерал есімнен шықпайды.

Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
02 қараша 2019 ж. 161 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

№87 (9563)

05 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 215

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 269

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930