» » Шаңырақ шарасындағы шаттық

Шаңырақ шарасындағы шаттық

Тоталитарлық жүйедегі жаппай қуғын-сүргін кезінде тек жеке адамдар ғана негізсіз жазаға тартылған жоқ. Ұжымдық жауапкершілік ұстанымы бойынша жекелеген халықтар да жалған жаладан құтыла алмады. Бұл жүйе түрлі халықтарға саяси қуғындаудың депортациялау, яғни күштеп жер аудару әдісін қолданды. Еркінен тыс өзге елдерге жер аударылғандар репрессия зардаптарының барлық түрін басынан өткерді. Мұндай ақпарат хақында 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңында көрсетілген. Алайда Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан төнген қауіп жайында Исламбек ағамыз әкесі Салман қарттан құлағдар болыпты.

Жаппай қуғын-сүргін, күштеп жер аудару саясаты Серитхановтар әулетін де айналып өткен жоқ. 1944 жылы ата-анасы Жалағаш ауданына жер аударылған Салман ақсақал тірісінде басынан өткен қиын жайттар жайында әңгіме қаузауға құлқы болмаған көрінеді. Ол тұста бала Салман бар болғаны 9 жаста екен. Жалағашқа келгеннен кейін көп ұзамай ата-анасы көз жұмды. Тұрмыс тұралаған шақ, әлі тың игеру кезеңі де бастала қоймаған тұста көш ілгері болмаса да көпке ілесуді көздеген шешен ұлтының өкілі тынымсыз еңбектің арқасында түрлі қиыншылықты еңсере білді.
Бұған дейін солақай саясаттың салдарынан зәбір көрген Салман атамыз мұнда келгенде «Жат жерде ешкім жарылқай қоймас» деген ой түйеді. Алайда қазақ деген бауырмал елдің жомарттығы пана сұрай келген өзге ұлт өкілдерінің ойындағы түрлі күдікті сейілтті. Панасызға пана, жағасызға жаға болды. Өзге ұлт өкілдеріне бұл қасиет таңсық па білмеймін, десе де төбесі көрінген қонақты жат санамай төрінен орын табатын өз елімнің бұл қасиеті бізді аса таңқалдырмайды. Себебі бұл – қанға сіңген қасиет. Қарапайым тарихи еңбектеріміздің өзінде қайсар қазақтың қонақжайлылығы көрініс табады. «Кейінгі көргенін жасайды» деген осыдан қалса керек, әлі де қонақжайлылық бүгінде бойымыздан қаша қойған жоқ. Жә, тұла бойы тектілікке тұнған еліммен мақтанатын һәм марқаятын жайттар көп, енді Серитхановтар отбасына қайта оралайықшы.
Елге келіп, тұрмыс түзелгеннен кейін Салман Татаевтар әулетінен шыққан Хамсумен шаңырақ құрады. Бүгінде осы отбасынан тараған 5 ұл өз алдына бес үй болып отыр. Барлығы да аудан орталығында тұрады. Кешкі астың уақытында аялдаған үйіміздің иесі Серитхановтардың кенжесі Исламбек екен. Жеңгеміз Наташа құйған қою шәйдан ала отырып, ортақ Отан, бауырмал ел, ата-анасының өмір тарихы төңірегінде әңгіме өрбіттік. Күштеп жер аудару саясаты күшіне мінген тұста бала Салман небәрі 9 жаста болса, Исламбек ағамыздың анасы Хамсу Татаева 11-де екен. Баларына ол тұстағы қиыншылықтар жайында естеліктер шертуге екеуінде де құлық жоқ. Енді қайтсін, туған жерден жырақтатқан солақай саясат жайлы әңгіменің тығынын ағытса, көзден жас қоса төгіледі.
– Ата-анамыз осында тұрған, біз де осында туып-өстік. Сондықтан Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз. Елден, туған жерден жұмыс бабымен болмаса демалысқа шықсақ, Жалағашты сағынып қаламыз. Ата-анам басынан өткен жайттар жайлы айтатын, бірақ көп емес. «Күшпен жер аудару саясаты жүрген тұста отарбада, жолда көбіне балалар, қарттар азапқа шыдамай көз жұматын. Қыстың күні жер қатқақ, амалдың жоқтығынан үстінен қармен көміп жүре беретінбіз. Өйтпесең, төбеңде қару асынған сарбаз тұр. Қайта мұнда жеткенде жат жерде мұнан да жаман азапты күндер басымыздан өте ме деп уайымдадық. Алайда Алла маңдайымызға жомарт жұртпен жақсы түсінісіп күн кешуді жазыпты» деп айтып отыратын. Міне, содан бері қанша уақыт өтті десеңізші. Біз де осындай бауырмал халықтың ор­та­сында бейбіт күн кешіп жатырмыз. Отан ортақ болғаннан кейін тәуелсіздік деген Тәңірдің шексіз тартуын бәріміз де бағалауға міндеттіміз. “Кемедегінің жаны бір” деген қанатты сөз осында мекен еткен өзге ұлттардың барлығының да қаперінде болуы керек деп ойлаймын. Осында алғаш ата-анам келгенде көрші Ысқақ деген ақ­сақал болды, сол кісінің әкесі біздің отба­сымыздың тұрмысын түзеуге көп күш са­лыпты. Біз осындай бауырмалдықты көріп өстік, – дейді Исламбек ағамыз.
Елуді еңсерген ағамыз бүгінде ауыз су жүйесі саласында жұмыс істейді. Отыз жылдан астам салада тәжірибесі бар қажырлы маман бүгінде жиған тәжірибесін жастармен бөліседі. Бір жағынан ауданда мал шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып отыр. Адал еңбекпен еңсе тіктеуді әкесі Салман ақсақал өсиет етсе, жиған тәлімін бүгінде отағасы баласы Саламбекке насихат етуде.
Исламбек Серитханов 1986 жылы Шешенстанға, яғни атажұртына барған екен. Арада апта өтпей жатып онда Жалағашты сағынғанын айтады. Қанша дегенмен туған жері ғой, ұлы Саламбек те ол жаққа барған бойда өзінің Жалағашына қайтқысы келгенін жеткізді.
Жекелеген халықтарға мемлекет тарапынан түрлі қысымдар қолданылған тұста бірнеше халық зардап шекті, түрлі ұлт өкілі небір қиыншылықты басынан өткерді. Алайда сол тұста Қазақстанға қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің ұрпақ­тары елімізде тату-тәтті күн кешуде. Бүгінгі Исламбек ағамыздың шаңы­ра­ғындағы екеуара әңгімеден осыны ұқтық. Елге, қазақ халқына алғыстан басқа айтары жоқ отбасына амандық тілеп, біз де жолдан қалмаудың қамын жасадық.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ


01 наурыз 2020 ж. 51 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9604)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (9603)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (9602)

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930