» » Ана алақанындағы өмір

Ана алақанындағы өмір

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: “Жұмақтың кілті ананың табанының астында” деп қашанда тіршіліктің бастауында аналардың тұратынын айтып өткендей. “Баламның табанына тікен кіргенше, менің маңдайыма кірсін” дейтін аналар қауымы жылы жүрегімен, нұрлы жүзімен адамзат баласына шаттық сыйлап келеді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін аналарға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді.

“Ата – арым, ана – дәрім” деген жұрт­пыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыз­дағанда жанымыздан ең бірінші ана­мыз табылады. Іңгәлап бесікте жатқан кезімізде де жұбатып, түн ұйқысын төрт бөлетін де анамыз. Ананың ар-ожданы, бөбегі, ізгі еңбегі секілді үш бақыты бар. Олар өмірін де осы үш бақытпен байл­а­ныстыра өрбітеді. Әйел баласының ерін күтуі, оған адалдығы өз алдына бөлек әң­гіме.
Аналарға арнап жыр жазбаған ақын, қалам тербемеген жазушы, ән арнамаған сазгер жоқ шығар. “Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды” деген әнді жаттап өстік. Көктеммен бірге келетін 8 наурыз мерекесінде жыл сайын орындадық, әлі де шырқап келеміз. Ана тақырыбын адам баласы ізгі ниетпен сөз етеді. “Жер-Ана”, “Табиғат-Ана”, “Ана тілі” деуіміздің өзі тегін емес. Әнұранымыздың сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденовтей ақын:
“Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –
Планетаның алақаны сияқты...” – деп тебіренеді. Тұманбай Молдағалиев:
“Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ыш­қы­нып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып.
“Сөнбейсің” деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып” – деп ана махаббатының бала біткенді кез келген қиындықтан шығаратынын жырға арқау етеді. Мұқағали Мақатаев болса: “Шеше, сен бақыттысың” деп өлең арнайды.
Арғы-бергі тарихқа үңілсек, Ұмай ана, Тұмар патшайым, Зарина хан­шайым, Бегім ана, Домалақ ана сияқ­ты тұл­ға­лар­­ды кездестіреміз. Сақ пат­шайы­мы – Тұмар әлемді жаулап алу үшін со­ғыс аш­­қан парсы патшасы Кирдің көзін жой­ған. Ал Ұмай, Бегім, Домалақ аналар па­ра­­­саттылығымен дараланады.
Небір ғалымдар мен ел билеген патшалардың өзі аналардың алдында дәр­менсіз. Ананың бойындағы қасиеті ба­лаға ақ сүті мен тәлімі арқылы бе­рі­ле­ді. Зере мен Ұлжандай аналардың тә­лімін алған Құнанбай мен Абай тарихи тұлғаларға айналды. Шоқан да ел анасы атанған Айғаным әжесінің тәрбиесін көрген. «Алып анадан туады» деген тәм­сіл­дің негізінде шындық жатыр.
Жер бетін қандай қатыгездік жайласа да, мынау жаһанда мың жыл соғыс болса да, айналаны топан су басса да, әсем табиғат отқа оранып, күлге айналса да осының бәрінен құтқаратын мейірімге толы сәулелі үміт шуағы болады. Сол үміт пен мейірім жаны жылылыққа толы ана жүрегіне жайғасқан дер едім. Сон­дықтан да ананың бойынан адам ба­ла­сына біткен бар игі жақсы қасиетті та­буға болады. Өйткені өмірінің соңына дейін өзін емес, ұрпағын ойлап өтетін ана­лар қауымына тіршіліктің бастауында-ақ атқарар міндеті мен арқалар жүгі сеніп тапсырылған. Бір өкініштісі, “Мен ки­ме­сем кимейін, балам кисін, мен же­ме­­сем жемейін, балам жесін” деп бүкіл ғұ­мы­рын ұрпағына арнайтын аналарға лайықты құрмет көрсете алмай жүрміз. Қо­ғамдағы түрлі келеңсіз жағдайларды бұл жерде санамалап жазбай-ақ қояйық. Өйт­кені аналарға көрсетілетін құрмет біз ойлағаннан да биік болуы керек. Сөз соңын
“Айналайын адамдар,
Бәріңнің де анаң бар.
Қайғыға салмай жүрегін,
Анаға дұрыс қараңдар” деген ақынның өлеңімен аяқтағанды жөн санадық.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


07 наурыз 2020 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9604)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (9603)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (9602)

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930