» » Мемлекеттің тұғыры отбасынан қаланады

Мемлекеттің тұғыры отбасынан қаланады

Бұрынғы қазақ қоғамында неке бұзып, ажырасу сол отбасының, сол әулеттің тіпті сол екі рулы елдің абыройына қара таңба салған. Екі жас отбасын құрып, некелерін қидырған соң жұбайлық өмірлерін сол әулеттің көсегесін көгертуге арнаған. Расында, қазақ халқының ұғымында отбасын құрып, бала сүйіп, ұрпақ жалғастырудан артық бақыт болмапты. Халқымыздағы "Бас екеу болмай, мал екеу болмайды", "Екінші байлық – ақ жаулық" деген сөздер қазақ қоғамында жұптасып өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін айғақтап тұр. Оның үстіне ол кезде отбасы мәселелерін шариғат заңы негізінде өз ішінде реттеп отырған. Ажырасу фактілерінің болмауына бірден бір себеп болған – абыз ақсақалдардың "академиясы" еді. Халқымызда ажыраспақ тұрмақ, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Соның негізінде әмеңгерлік дәстүрі пайда болыпты. «Әйел ерден кетсе де елден кетпейді» деген сөзді қалдырған бабаларымыз ұйыған шаңырақтың шайқалмауы үшін бей-берекет неке бұзылуына, қоғамда жетім-жесірлердің артуына жол бермеген. Қысқасы, қандай жағдайда да қазақ тұрмысында отбасы құндылығы сақталған.
Қазір біз демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекетте, өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі адамдардың барлығының көзі ашық, құқықтық сауаты бар. Бірақ солай бола тұрса да қазірде отбасы құндылығына құрметпен қарамайтындардың қатары көбейіп келеді. Отау құрып, жұбайлық өмір бастаған жастардың көбі отбасы жауап­кершілігін сезінбейді, бүгінгі күнін ке­ле­шекпен байланыстырмайды. Отбасы – шағын мемлекет. Оның өз ішінде ғана сақ­­талатын құпиясы, қағидалары әртүрлі бо­луы мүмкін, бірақ сол мемлекеттің іргесі сө­гіл­меуі үшін барлық отбасына ортақ бір ғана ұс­таным бар. Ол – жарасым. Ал жарасым – екі жастың бірі-бірін тілсіз түсінісіп, кем-кетігін кешіріп, бірінде жоғының орнын бірі толтырып, екі жарты адамның бір бүтінге айналған татулығынан туындайды. Яғни отбасын сақтайтын – татулық. Қазір көптеген отбасында, әсіресе, жас жанұяларда осы татулық, өзара түсінушілік жоқ секілді. Оны бүгін ғана шаңырақ көтеріп, ертесіне ажырасу туралы сотқа өтініш түсіретіндердің қатары көбейгенінен білеміз. Ажырасуға себептер көп. Екі жастың бірі-бірімен сезімсіз қосылуы, мінездерінің үйлеспеуі, жұбайлардың өзара түсінісіп, бір мәмілеге келе алмауы, тұрмыс тапшылығы, уақытша қиындықтар, отбасын қалыптастыруға тәжірибесінің жоқтығы. Соңғы себепке ата-ананың да қатысы бар. Әрине, бұл жерде ата-ананы кінәлаудан аулақпыз. Қай ата-ана өз ұрпағының келешегіне балта шабылғанын қалайды дейсіз?! Әйтсе де жас отаудың иелеріне ата-ананың ақыл-кеңесі мен бағыт-бағдары керек және бұл жауапкершілікті екі тарап та сезінуі тиіс. Неке бұзылуына әсер етуші негізгі фактор да бұл емес. Бүгінгі нарық заманында жоғарыда айтқан отбасы құндылығының алдына материалдық қажеттілік шықты. Тұрмыс қиыншылығы бүгін ғана болып отырған жоқ. Өмірдің өзі тақтайдай тегіс жолдан тұрмайды. Ауыртпалық кеше де болған, бүгін де бар, ертең де болады. Адамдар сол өмір қиындықтарымен бірлесіп күресу үшін, тұрмыста кездесетін тауқыметтерге жұптасып қарсы тұру үшін отбасын құрады және артына ұрпақ қалдырып, қоғамға пайдасын тигізетін тұлға тәрбиелейді. Ал олардың алдына қойған бұл мақсаты отбасындағы жұптардың өзара татулығының, келешегіне деген сенімінің, бол­машы қиындыққа сынып кетпейтін төзімінің, ортақ мүддені көздеген жауапкершілікті сезінуінің негізінде жүзеге асады. Өкінішке қарай бүгінде ажырасып жатқан отбасылар заңды некелерін бұзу арқылы бір отбасын ғана емес, мемлекет тұғырының бір кірпішін бұзып жатқанын ес­кере бермейді. Мәселен, отбасы-тұрмыстық қа­ты­настарға байланысты 2018 жылы Жалағаш аудандық сотында 41 азаматтық іс қаралса, бұл көрсеткіш 2019 жылы 65-ке өскен...
Әрине, еліміздегі кез келген азамат неке және отбасы туралы заң шеңберінде отбасын құруға және жұбайлық өмірлері жарасым таппаған жағдайда заңды түрде некелерін бұзуға құқылы. Жасыратын несі бар, сотта неке бұзу жөніндегі азаматтық істер жиі қаралады. Судьялардың, яғни біздің міндетіміз ажырасушылардың арызы бойынша істі қарап, некесін бұзу емес, оларды мейілінше татуластырып, отбасын сақтап қалу. Шариғат заңы да отбасылық өмірдің ойран болғанын құптамайды. Бұрынғы қазақ қоғамында отбасында туындаған белгілі себептерге байланысты ерлі-зайыптылар ажырасуға шешім қабылдағанда дін қызметкерлері оларға үш мәрте «талақ» айтқызып, бірден некелерін бұзып жібермей, белгілі бір мерзімге ойлануға уақыт береді. Бұрын­ғылардың отбасы құндылығын осын­дай дәрежеде бағалағанынан некенің бұзылуы қай қоғамда да отбасы үшін – қасірет, мемлекет үшін – тиімсіз болғанын аңғарамыз. Біз де ерлі-зайыптылардың өз өтініштері бойынша ажырасу туралы ісін қарағанда екі тараптың да уәждеріне құлақ түріп, татуластырып, қайта жарастыруға тырысамыз. “Неке және отбасы туралы” заңның аясында сотқа жүгінген жұптарға асығыс шешім шығармай, ойлануға 6 айға дейінгі мерзімде уақыт беріледі. Адам болған соң мінезіне қарай бір мезетте сан мәрте көңіл-күйі өзгеріп отырады. Кейде адамдар өз өміріне қатысты қатал үкім шығарады. Әдетте олар мұндай қадамға көбіне ашу үстінде барып жатады. Әсіресе, келешегін ойламай, асығыс шешім қабылдайтындардың дені – ерлі-зайыптылар. Сондықтан ажырасуға шешім қабылдаған ерлі-зайыптылар судья бел­гілеген мерзімнің ішінде өзара келісімге келіп, қайта тіл табысуы әбден мүмкін және бұл тәжірибеде нәтиже де жоқ емес. Ойланған ерлі-зайыптылар райынан қайтып, істі қысқартуды немесе кейін татуласқан соң сот шешімінің күшін жоюды сұрайды. Өйткені некенің бұзылуы бір отбасын күйретіп қана қоймайды, балалардың келешегіне де кері әсер етеді. Тіпті бұл жағдай ата-анасының жауапсыздығы салдарынан әкесіз немесе анасыз қалған балалардың психологиясының бұзылуына алып келеді. Сондықтан жазығы жоқ балалардың болашағы үшін заңдық тұрғыдан да, адами тұрғыдан да отбасын сақтап қал­ғанымыз абзал. Осы орайда Жалағаш ау­дандық сотының ұйым­дастыруымен Билер кеңесі, жергілікті атқарушы орган жа­нынан Отбасылық кеңес және жергілікті мекемелер мен ұйымдарда «Татуласу, сотқа дейін, сотта» шешу мақсатында ко­мис­сиялар құрылып, бірлесіп жұмыстар атқарып келе жатқанын айта кеткеніміз жөн және соның нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда ауданымызда ажырасу фактісінің тіркелуі азайған.
Бүгінгі күн тәртібінен түспей тұрған бұл мәселемен заң орындары немесе же­келеген тұлғалар ғана емес, қоғам бо­лып айналысуға тиіспіз. Өйткені мықты мем­лекеттің іргетасы отбасынан бастап қаланады.

Т.ТЕМІРБАЕВ,
аудандық сот судьясы
11 наурыз 2020 ж. 52 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9604)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (9603)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (9602)

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930