» » Дәстүрімізді дәріптейік

Дәстүрімізді дәріптейік

адам дүниеден өткенде қаралы үйдің қайғысын жеңілдетіп, қазаға көңіл-қосын білдіру мақса­тын­да жасалатын «көрісу» дәстүрі бар. Бұл дәстүр әр өңірде әр қалай жасалады. Мәселен, еліміздің шығысында кісі дүниеден өткенде марқұмның қазасына алыстан келе жатқан жақын-жуығы сонадайдан «ой, бауырымдап» дауыс шығарып келеді. Бір қызығы, олар әйелдер емес, ер адамдар. Әрине, біздің өңірдің көзқарасымен ер адамның дауыс шығарып, күңірене жоқтау айтуы ерсі көрінуі мүмкін. Алайда қазаға қайғыру тек мұсылманға ғана емес, адамзат баласының жаратылысына тән шартты рефлекс. Сондықтан жақынының өлімін аза тұтып, жылаған ер азаматты кінәлай алмаймыз. Бірақ қасиетті Құран Кәрімде адам-пенде Алланың құзырында екені, түбінде жаналғыш періште – Әзірейіл келіп аманат жанды Иесіне қайтаратыны анық жазылады. Оның бергі жағында Пайғамбардан қалған хадистерде де өлімге мойынұсыну – пендені Аллаға бір табан жақындататыны айтылады. Яғни ажалға ақиқи шындық деп қараған әрбір мұсылман баласы жақынының өліміне де соншалықты дәрежеде сабырлық танытып, Жаратқанға иман келтіреді. Баяғыда үлкен кісілер марқұмның жаны тірілердің көл-көсір болып төгілген көз жасына тұншығады деп қазалы үйдегі әйелдердің көп жылауына тиым салады екен. Бұл жайында имам Бұхари «Мәйіт өз жақындарының артынан айқайлап жылауынан азап шегеді» десе, имам Әбу Дауд «Қайтыс болған адамның артынан айқайлап жылағанға да, оны тыңдағанға да лағынет болсын» дейді. Демек, ер азаматтар тұрмақ, өлік шыққан жерде әйелдердің де дауыс шығаруына Ислам да тиым салып отыр. Бұл да бүгінгі біз ескеретін жайт...
Айтпағымыз да осы төңіректе еді. Қай күні редак­циямызға келген Әбжәлелов Әбулайыс ағамыз осы жайында ой қозғап, бір мәселенің шетін шығарды. «Бұрындары қазалы үйге көңіл білдіре барған ер адамдар аулада қаз-қатар тұрған марқұмның жақындарына оң қолымен амандасып, сол қолымен білегін жай ғана қысып, қайғысына ортақ екенін білдіретін. Ал қазір жағалай тұрған адамдардың барлығымен құшақтасып төс түйістіріп, иық қағысып шығатын болыпты және бұл жаңа дәстүрдің қашан пайда болғанын білмеймін, әйтеуір қазір ел ішіне дендеп кеткен. Оны айтасыз, сол ер адамдар тобы үйге кірген соң жағалай жоқтап отырған әйелдермен де құшақтасып көрісетінді шығарыпты. Олардың арасында былайғы күндері құшақтамақ түгіл, қолын ұстауға болмайтын келіндер немесе бейтаныс келіншектер отырады. Әрине, қайғыдан көкірегі қарс айырылып отырған жанды жұбату – жақындықтың, жанашырлықтың белгісі. Алайда оның да өз жөні бар...
Бұл әдет бұрындары Сыр өңірінің өлік жөнелту дәстүрінде жоқ еді. Қоғамның ығына қарай жаңа әдет-ғұрыптар өзгере беретін шығар, бірақ дәл осы дәстүрдің қазалы жерде діни тұрғыдан да, салт-дәстүр тұрғысынан да ешқандай мән-маңызы жоқ. Сондықтан шариғатқа құлақ түріп, бабалар жолынан ауытқымағанымыз абзал», – дейді ағамыз.
Иә, ел ағасының айтып отырған сөзінің жаны бар. Бүгінде бізде тек қазаға көңіл айту, көрісу дәстүрі ғана емес, шариғат жолымен, оның ішінде өзіміздің ханафи мәзхабының негізінде орындалатын діни рәсімдер төңірегінде талас-тартыстар көп. Сонымен бірге осы уақытқа дейін қазақ тұрмысында жасалып келген салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың да өңі өзгеріп бара жатыр. Бұл мәселелер тек мешіт имамының пәтуасымен немесе сол жергілікті жердің әкімінің жарлығымен шешілмейді, бұл іске бабалар жолын ұстанған абыз ақсақалдар мен жөн білетін ел ағалары араласып отыруы тиіс.

Қуат АДИС
11 наурыз 2020 ж. 66 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9604)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (9603)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (9602)

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930