» » Өз ісінің маманы

Өз ісінің маманы


Көзге көрінбейтін газет жұмысы қай уақытта да қиын. Әрбір жаңа нөмірдің макеті жасалып, бекітілгеннен редакцияда қарбалас басталады. Міне, осы редакцияның ішкі жұмыс жүйесін егжей-тегжейлі білетін, аудандық басылымда қырық жылға жуық уақыт жұмыс істеп келе жатқандардың бірі – Бақыткүл Тәшкенбаева.

Бақыткүл Тәшкенбаева 1981-1984 жылдар аралығында Мәскеу қаласынан арнайы білім алып келген соң аудандық «Жаңадария» газетінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Аудан орталығындағы редакция үйінің төменгі қабатындағы баспаханада линотип мәшенкесінде теруші болып қызмет істейді. Баспахана жұмысының ауырлығын тек сол жерде жұмыс істеген адам ғана біледі. Линотип мәшенкесінің қорғасын әріптерін газеттің әрбір санының нобайына орналастырып, қолдарын қара майға малып жұмыс жасайтындардың дені қыз-келіншектер еді. Солардың қатарына жас маман Бақыткүл Тәшкенбаева да қосылады. Баспаханада күндіз-түні екі ауысыммен жұмыс істеген аға-апаларымыздың есімі редакция тарихында қалды. Олар ауданның күнделікті тыныс-тіршілігінен түзілген тұтас бір дәуірдің тарихын жасауға атсалысты және осы жолда аянбай абыройлы еңбек етті. Жас маман Ба­қыткүл де сол алдыңғы буын баспахана қыз­мет­­керлерінің жанында жүріп көп нәрсе үйренеді. Электр қуатының 360 градус қызуымен сақырлап қайнаған сұйық қорғасынды арнайы әріп қалыптарына құйып, нобайдағы мақалаларды газетке орналастыру оңай жұмыс емес. Ыстық әрі қорғасын түтіні мен қара майдың иісі қолқаны қауып, баспа аппаратының гүрілдеген дауысы құлақты тұндырған жерде тапжылмай тік тұрып жұмыс жасау, кейде ленотип мәшенкесінен майысып шыққан әріптер болса балғамен түзету, кейде облыс орталығынан әріптер келмей қалған жағдайда ескілерін техникалық жанармаймен жуып, тазалауды нәзікжандылар атқарды десе редакцияда қызмет жасайтын бүгінгі жастар сенбес еді. Қорғасын әріптер аңдаусызда ша­шы­лып қалса, баспахана қызметкерлерінің қанша күнгі еңбегі зая кеткені. Міне, осындай тәулік бойы тынымсыз жұмыс жасайтын баспаханада Бақыткүл Тәшкенбаева жиырма жылға жуық уақыт әріп теруші болып абыройлы қызмет атқарды.
Одан беріде Бақыткүл аудандық газеттің терушісі болды. Бөлмесіне қай кезде кірсеңіз де үстелінің үстінде тау болып үйілген қағазды көресіз. Әлбетте, ол қағаздар – өз кезегін күтіп жатқан ре­дакция журналистері мен басылымның тұрақты автор­ларының мақалалары және аудандағы барлық мекемеден келген кезекті нөмірге жі­бе­рі­летін газет материалдары. Журналистердің жазуы дәрігерлердің өздерінен басқа адам түсінбейтін шимайларынан кем түспейді. Әсіресе бүгінде зейнет демалысына шыққан ардагер журналист Серік Бертаевтың жазбаларына біз түсінбеуші едік. Кардиограмма қағазына түскен жүрек ырғағын оқитын кардиолог-дәрігер секілді Серік ағамыздың қолжазбаларын тек Бақыткүл ғана оқиды. Ал ол кісі жоқ уақытта тасқа қашалған көне түркі таңбалары – руна жазуларын оқығандай барлығымыз Сәкеңнің мақаласына жабыла үңі­леміз. Бірақ бәрібір ештеңе шығара алмаймыз да өз «маманына» қалдырамыз. Иә, шынында да Бақыткүл апай –оқы­маған графолог маман. Таңнан кешке дейін бұл кісінің компьютеріне тыным жоқ. Тық-тық, тық-тық... Пернетақта үстінде ойнаған он саусақтың жыл­дамдығына көз ілеспейді. Жұмыс істеп отыр­ғанда терушінің екі көзі алдындағы қағазда болады. Ұзақ жылдар бойы әбден дағдыланған саусақтар көздің көмегін қажет етпейді, пер­не­тақтаның әрбір әріптаңбасын жаңылыспай дөп басып табады. Бірақ сонда да алдындағы қо­бы­раған қағаз азаймайды. Күнделікті болатын жиындардың ақпараттық хабарламалары мен айлық жоспарға сәйкес жазылған көлдей мақа­ла­лар сәт сайын Бақыткүл апайдың үстелінің үс­тіне үйіле береді. Бірақ сонда да осы кісінің шаршадым деп бір қабақ шытқанын көрмейсіз. Жібектей көркем мінез иесі өзіне қатысы жоқ болса да айналасындағы болып жатқан жағымсыз, жайсыз жағдайлардың барлығын жүрекпен қабылдайды. Әлбетте, мұндай психикалық сипат, эмоциялық көңіл-күй шығармашылық адамдарына тән ғой, болмашы сөздер көңіліне тиіп, жанарынан бірер тамшы жас аунатып алады. Бақыткүл Тәшкенбаева газеттің сапалы шығуына ұзақ жылдардан бері зор еңбек сіңіріп келеді. Аудандық Кеңеске екі мәрте депутат болды. Облыс, аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен», «Құрмет» грамоталарымен мара­патталды. Есімі «Құр­мет» тақтасына ілінді.
Бақыткүл бүгінгі жаңа жүйенің барлық та­лап­тарына бейімделіп, компьютермен жұмыс жа­сау­ды тым тәуір меңгерсе де, қорғасын әріптермен жұмыс істеген сонау жылдарын сағынышпен еске алып отырады. Әрине ол жылдардың қиындығын аңсамайды. Тек өзін жастайынан төзімге тәр­биелеп, шыдамын шыңдап шығарған мектебі – редакция ұжымына, сол жылдары жас маманға қамқор болып, бағыт берген алдыңғы буын аға-апаларына алғыс айтады. Бұл кісі бүгінде корректор қызметін атқарып келеді. Қырық жылға жуық уақыт қаншама журналистің ши­майланған қолжазба мақалаларын әріде мәшенкемен, беріде компьютермен теріп келе жатқан Бақыткүл газеттің қатесін қалт жібермейді. Қате қанша ұры болғанымен корректордың көзінен таса қал­май­ды.
P.S. Осы аптада редакциямызға келіп түскен хаттардың арасынан бірнеше түсініксіз қолжазба шықты. Әрі-бері үңіліп қағаздағы қара сиямен сойдақталған шимайдан сөйлем тұрмақ, бір әріп таба алмаған соң әдеттегідей «графолог» Бақыткүл апайдың бөлмесіне апардық...

Қуат АДИС


09 наурыз 2020 ж. 36 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9604)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (9603)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (9602)

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930