» » АДЫРАСПАННЫҢ ҚАСИЕТІ

АДЫРАСПАННЫҢ ҚАСИЕТІ

Бала күнімізде есіктің алдында жертөле болатын. Оған қыстың күні бақша өнімдерін сақтайтынбыз. Осы жертөлені айналдыра адыраспан өседі. Бала болғасын бұл қандай шөп екенін, нендей қасиеті бар екенін біле бермейтінбіз. Бірақ кәдуілгі арам шөп еместігін байқайтынбыз. Өйткені есіктің алдын артық шөп-шалаңнан тазалағанда осы адыраспан ғана шабылмай қалатын. Кейіннен адыраспанның қасиеті, түрлі ауруға емдік шипасы бар екенін білдік.

Қазіргі медицинада қолданыста жүрген дәрі-дәрмектердің 40 пайызға жуығы емдік қасиеті бар өсімдіктер дүниесінен жасалады екен. Қоршаған орта өскіндерінің адам ағзаларын жақсартуға осындай өлшеусіз көмегі барын біздің ата-бабаларымыз бағзы замандардан бері жақсы білген. Сол себепті оны босағаға іліп қойып, түтінімен үйдің ішін түгел аластап, осы арқылы отбасын алуан түрлі бәле-жәледен сақтауға тырысқан. Үлкендердің балаларға «бұл шөпті жұлмаңдар, өйткені ол қасиетті, шипалы шөп» деп жататынын жиі естіген шығарсыздар. Сонымен адыраспан – көпжылдық өсімдік. Оның сабағы бұтақшалы, тамыры діңгекті, жапырақтары тілімденген, кезектесіп орналасқан. Қазақстанда адыраспанның бір-ақ түрі өседі екен. Биіктігі 20-60 см. Гүлдену мерзімі – мамыр, маусым айлары. Адыраспанның тұқымында 3,5-6 пайыз алкалойд, 60 пайыз гармалин, 30 гармин және шамалы ғана мөлшерде гармалол бар. Бұдан басқа аздау көлемде пеганидин, пегамин, дезоксипеганидин, пеганол болады екен. Тамырында  1,7-3,3 пайыз, сабағында  0,23-3,57 пайыз, жапырағында   1,07-4,96 пайыз, гүлінде  2,82 пайыз, жемісінде  1,08 пайыз, тұқымында 2,38-4,59 пайыз алкалоидты заттар, хинализин мен индол да табылады.
Зерттеулерге сүйенсек, бұл шөптің көптеген ауруға пайдасы бар. Әдетте емшілер шипалы өсімдіктердің гүлінен, жапырағы мен тамырынан дәрі-дәрмек жасаған. Осы көп ауруға қолданатын дәрілік шөптердің қатарында біз айтып отырған отырған адыраспан да бар. Адыраспанды емдік қасиетте пайдалану үшін оны гүлдеген кезінде жинап алу керек. Сосын оны кептіріп, біраз уақытқа сақтайды. Медицинада адыраспаннан жасалған дәрілер қабыну ауруын, бас, зәр айдауды жақсарту, тер шығару, ішек құрттарын өлтіру, қан қысымын көтеру, тыныс алуды жиілету, асқазан мен жүректің жұмысын ретке келтіруге септігін тигізеді. Сонымен бірге адыраспанды қайнатып, одан шыққан тұнбаны ішкі мүшелерге суық тигенде, безгек, мерез ауруларынан айықтыру үшін пайдаланады. Адыраспанның тағы бір ерекше қасиеті – өкпе ауруына таптырмас ем екендігі. Өкпе туберкулезі, демікпе, ентікпе, тағы да басқа әртүрлі ауруларға шалдыққанда адыраспанмен емделуге болады. Әсіресе суық тиіп, ауру асқынып, адамның денесі мұздап, қалтырап қызуы көтерілгенде, адыраспан қайнатпасын ішсе, ауруды жеңілдетеді. Қазақ халқы тұрмыста бесікті аластау үшін де адыраспанды пайдаланған. Баланы бесікке саларда шипалы шөпті түтетіп, нәрестені келе жатқан бәледен, қауіп-қатерден сақтап, тыныш әрі шошынбай ұйықтауы үшін аластап шығатын болған. Көп жерде үйдегі жандардың бірі тұмауратса, осы шөпті түтетіп, үйді түгел аластап шығады. Бірақ адыраспан – улы өсімдіктердің қатарында. Оның улы екенін түтеткенде шығатын ащы иісінен-ақ байқауға болады.
Бір қызығы бұл қасиетті шөпті жұлудың да өзіндік әдебі, тәртібі бар. Кезінде үлкен кісілер, емдік шөптің қасиетін білгендер оны өсіп тұрған жерінен кез келген уақытта, қалай болса солай жұлып алуға болмайтынын ескертіп отырған көрінеді. Адыраспанды жаңа жоғарыда айтқанымыздай толық гүлдеп, қауызы толып, тұқымы толық піскен кезде ғана жұлған. Тіпті адыраспанды жұлуға тек қана ер кісілерге рұқсат берілген екен. Жұлған күннің өзінде ер адамның үсті-басы таза, дәреті бар екеніне мән берілген.

Дайындаған Нұр НАУАН



09 наурыз 2020 ж. 75 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 73

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930