» » "КӨРІСУ" КҮНІ НЕМЕСЕ "АМАЛ" МЕРЕКЕСІ

"КӨРІСУ" КҮНІ НЕМЕСЕ "АМАЛ" МЕРЕКЕСІ

Қазақ халқының ұғымында ең басты байлық – амандық. Содан да болса керек, бірі-бірімен кездесіп қалған бейтаныс адамдардың өзі амандыққа ерекше мән берген. Тіпті көптен көрмей кеткен жақын-жуық адамдар бірі-бірімен құшақтасып, қауышып, төс түйістіру үрдісі бар және бұл әлі күнге дейін сақталып келеді. Ал жыл айналып, көктемді аман көріп, елдің аузы аққа тигенде барлық ауыл-аймақ, ағайын-туыстар бірі-бірімен арнайы көрісіп, қауышатын болған. Бұл күні таң азаннан көрші-көлем ерекше көңіл-күймен бір-бірінің үйіне сәлем бере барып, "Жаңа жасың құтты болсын!", "Жылдан жылға аман жет!", "Жыл сайын амандықпен қауышып тұрайық!" деген секілді ақжарма тілектерін білдіреді. Бұл күні араздасқан адамдардың арасындағы өкпе-реніш ұмтылып, бір-бірін дастархан басына шақырып, татуласады, ымыраға келеді. "Көрісудің" мәні де сонда, бұл күн ағайынның арасындағы бірлікті бекемдейді.

Қазір осы көрісу күнін "Амал" мерекесі деп те атап жүр. Бұл күнді тойлау дәстүрі еліміздің батыс өңірлерінде, Ресеймен шекаралас жатқан аймақтарында жақсы сақталған. "Амал" мерекесі бір күнмен шектелмейді, жыл бойы жалғаса береді. Демек, көрісу күнін наурыз мерекесінің бір бөлігі деп білсек болады. Бірі наурыздың бастауы, екіншісі күн мен түннің теңелетін күні, яғни жаңа жыл. Бұл жайында этнограф Серік Ерғали мынадай пікір айтады: "14 наурыз – жылдың, көктемнің басы. Сол себепті қазақтар бұл күні бір-бірімен қауышу рәсімін жасап, бір жылдың артта қалғанын және жаңа жылдың келгенін осылай қарсы алған. Мүшел жылы 1 қаңтарда да, 22 наурызда да кірмейді. Халқымыздың есебі бойынша 14 наурызда кіреді. Жылқы жылы мүшел жүйесі бойынша 14 наурызда кіріп, көктемнің алғашқы күнін, жаңа жылдың маусымашар күнін бастайды. Ескі жылмен қоштасу 13 наурызда болып өтеді. 22 наурыз ежелгі Күнге табыну дәстүрінен қалған төрт мерекенің бірі. Шын мәнінде 14 наурызда жаңа жыл кірсе, 22 наурызда Күн мен түн теңеліп, бір емес, екі мереке беттеседі. Халқымыз бұл екеуінің жігін ажыратпай 8-9 күн, тіпті ай бойы атап өткен", – дейді. Ал осы орайда этнограф ғалым Досымбек Қатранұлы: "Дәстүрдің көкесі –осы. 1918 жылы Григориан күнтізбесіне өткенде қазақтың ай есебі шатасып кеткен. Қазақтың ай, күн есебі ай күнтізбесімен жүреді. "Ай жаңасы", "Ай толған" деп есептеуді үлкен кісілер әлі біледі. Енді мынаны түсініп алайық. 22 наурызда тойлайтын Наурызымыз күн күнтізбесімен есептелген отырықшы халықтардың мейрамы болса, Көрісу – қазақтың ықылым заманнан келе жатқан ай күнтізбесімен есептелгендегі нағыз көшпелі халықтардың Наурызы. Сондықтан бұл өзіміздің ежелгі төл мерекеміз. Біз ай жаңасы – ай толған кезде, ай қораланған кезде деп есептейміз. Сондықтан наурыз мейрамы осы күн. Ал күн мен түн теңесетін 22 наурыз – күннің есебімен жүретін отырықшы халықтардың мерекесі. Ал көрісу – көшпелі халықтардың төл меркесі. Бұл мереке тек батыс өңірлерде ғана аталып өтіледі деген қате пікір. Мәселен, шығыста және орталық Қазақстанда мұны Отамалы десе, Жетісуда Көкек дейді. Бірақ жалпы халыққа көп тараған құлаққа сіңісті болған атауы – Отамалы деп атайды", – дейді этнограф.
Қалай болғанда да, мақаламыздың басында айтқанымыздай, қазақ үшін елдің, ағайын-туыстың, отбасының амандығынан басқа құнды ештеңе жоқ. Сондықтан халқымыздағы ежелгі мерекелер мен атаулы күндердің барлығының түпкі мақсатында халықтың бірлігі, татулығы, ынтымағы және бейбіт өмірді жақтаған таза тілегі жатыр.

Қуат Ахетов
17 наурыз 2020 ж. 32 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (9604)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (9603)

31 наурыз 2020 ж.

№23 (9602)

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930