» » МАЙДАНГЕРЛЕР ЕРЛІГІ ҰРПАҚ ЖАДЫНДА МӘҢГІ САҚТАЛАДЫ

МАЙДАНГЕРЛЕР ЕРЛІГІ ҰРПАҚ ЖАДЫНДА МӘҢГІ САҚТАЛАДЫ

Сұм соғыстан елім жиды енді есін,
Мына шақты еңсермесек, елге сын.
Бәрі бітті, қарғыс атқыр қан майдан,
Бұдан былай сені ұрпағым көрмесін.

Қай жылдар екені есімде жоқ, ұмытпасам, мектеп қабырғасында бастауышта оқитын шағым болу керек, үйдегі майдангерлерге арналған бір кітаптан оқыған осы бір төрт қатар өлең есімде әлі күнге сақталып қалыпты. Анам «Боздақтар» кітабының кей беттерінде өлеңмен жазылған майдангерлердің хатын маған оқып беретін. Іле жалғап, «Аман бол Әбдіразақ келгенімше» деп біз жатқа заулатып айта беретін едік. Ол кезде соғыстың атын естігеніміз болмаса, бүгінгідей бейбіт заманның қандай ерлікпен келгенін аса ұғына қоймайтын едік. Сірә, анамыз Отан деген қастерлі сөздің астарында қандай мағына барын терең білсін деді ме, әйтеуір күн сайын болмаса да, жетісіне 3-4 рет үйдегі «Боздақтар» кітабы ашылатын. Осылайша Жалағаштан әскерге аттанып, Отан алдындағы борышын қан майданның ортасында өтеген сарбаздардың ерлігі жайында небір оқиғаларды қызығып тыңдайтын едік.

Кейін зұлмат жылдардың қазақ жеріне алып келген қасіреті жайында көптеген деректерге көз жеткізіп, басымыздағы Тәуелсіздік деген шексіз байлықтың қадірін білдік. Қарап отырсақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майданның қасіретін татпаған қазақ отбасы жоқ екен. Бірі бауыр еті баласынан қапыда көз жазып қалса, енді бірінің отағасы оқ пен оттың ортасында опат болды. Кеудедегі жанын олжа санап, аяқ-қолдан айырылғандары қаншама. Бірақ біз сол кісілерден өнеге алып, өзімізге үлгі тұтамыз. Неге? Бұл сауал өзі бір-ақ сөз болғанымен жауабын таңды таңға жалғап айтуға болады. Себебі оның астарында елдік ерлік, өрлік рух жатыр. Кеудедегі шыбын жанды біз сүріп жатқан бейбіт заманның жолында құрбан ету – батырлықтың ең ұлы шыңы. Ал қасиетті Жалағаш топырағы мұндай қайсар жандарға кенде болмапты.

1941 жылы мамыражай жатқан елге радио арқылы суыт хабар тарап, азаматтар Отанды қорғауға аттанды. Осынау қанды қырғынға Қазақстаннан 1 млн 400 мыңға жуық адам қатысты. Бейбіт күнді бүгінгі буынға аманаттау жолында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен боздақтарымыздың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс, яғни соғыстың аяқталғанына биыл – 75 жыл. Бірде мектепте майдангерлерге арналған шарада ауылдағы соғыс ардагерінің айтқаны бар. Менің кешті жүргізіп жатып, «Биыл Ұлы Жеңіске бірнеше жыл толып отыр» деген сөзім әлгі ақсақалды ойландырыпты. «Балам, Ұлы Жеңіске бірнеше жыл дегеннен Ұлы Отан соғысының аяқталғанына бірнеше жыл толды дегеніміз дұрыс болар. Соғыс болған соң ол бір жақтың пайдасына шешіледі, болмаса өзара бітімге келу арқылы орта жолда тоқтайды. Мұның екеуінің де қос тарапқа зардабы тиеді. Себебі жеңіске жеткен жақ та кейін сол соғыстың зардабын тартады. Оған біздің соғыстан кейінгі кезеңіміз куә» дегені бар. Кейін ойлап қарасақ, расында соғыс болған соң оның қос тарапқа да үлкен шығын алып келетіні анық екен.


Бүгінгі мамыражай тыныш өмір аталарымыздың қайсарлығының жемісі екеніне дау жоқ. Әуеде ұшқыш, жерде танкист, теңізде теңізші, окопта әскер, блиндажда байланысшы және тылда еңбеккер бәрі де Ұлы Жеңіс үшін қара ниет, арам пиғылды фашист оғына өз кеудесін тосты. Отан деген ыстық ұғым, қастерлі сөз дұшпанға қаймықпай қарсы тұруға күш болды. Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанымен ол көңілден кетіп, жүректен өшпек емес. Сондықтан Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен қан майданда қаза болған боздақтарымыздың теңдесіз ерліктері ғасырлар бойы ұрпақ жадында жаңғыра береді. Өйткені олар кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін өздерінің азаматтық және патриоттық парызын абыроймен өтей білді. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында батырлық пен ерліктің ғажап үлгілерін көрсеткен кімдер дегенде, Жалағаш топырағынан майданға аттанған үш мыңға жуық жауынгерді түгел атауға болады. Олардың үштен екісі қаза тауып, майдан даласында қалды. Қанды қырғын соғыс жүріп жатқанда ауыл халқы жұмыс істеп, ауыр күндерді бастан өткізді. Тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға зор үлес қосты. Жауынгерлерге киім-кешек, азық-түлік беріп көмек көрсетті. 1941-1945 жылдары аудан еңбеккерлері майданға 59 ат, 43 тарантас арба, 11 автомашина жіберді. Қызыл Армия қорына 197 429 центнер астық, 13 873 центнер ет, 736 центнер май, 1070 центнер жүн өткізді. Соғыстың алғашқы екі жылында жерлестеріміз Отан қорғау қорына 12 250 сом, танк колоннасына 1 миллион 600 мың сом, самолетке 74 мың сом, Қызыл Армия қорына 108 347 сом берді. Сондай-ақ 10 818 жылы киім, 5 вагон күріш, 3 тонна қауыншек, 3 тоннадай май жіберді. Қарап отырсақ, жеңісті жақындатуға жалағаштықтардың бәрі үлес қосқан сыңайлы.

Кейін ауадннан аттанған сарбаздардың ішінен 826 жауынгер аман-есен қайтып оралды. Соғыс өртіне қанаты шарпылып, бауыры күйген, аяғын сүйретіп, қолын мойнына асып алған әрбір жаралы жауынгер елге оралған соң да ел еңсесін тіктеуге жұмылып, әр салада еңбек етті. Бірақ қазір жеңісті жақындатқан жалағаштық жауынгерлердің ешқайсысы арамызда жоқ. Олардың өздері ортамызда болмаса да ерлік істері мен есімдері ұрпақ жадында мәңгі сақталары хақ.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ


05 мамыр 2020 ж. 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 67

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930