» » ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ЖАУЫНГЕР

ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ЖАУЫНГЕР

Төрт түлік мал өсірген қазақ халқының құт мекені болған сонау Қарақұмның құпия сырлары көп. Аң жүгіріп, құс ұшқан биік қыраттары, сағымды жазық даласы жұмбақ болып қалған талай оқиғалардың куәсі екені анық. Кешегі отызыншы жылдары кеңес әскерлерінің қысымына шыдамай қарсы шыққан қозғалысы Қарақұм көтерілісінен кейін қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларымыз осы өңірдің биік жоталарын паналаған. Соның бірі – атшаптырым жерден көрінетін аспанмен таласқан Әлментай шоқысы.

Әлментайдан тараған Ерназар, Ақназар (Ақыш), Қауыш, Әбіш атты балалары мен ұрпақтары Қарақұм көтерілісіне қатысып, қуғын-сүргінге ұшырап, зұлмат жылдардың құрбаны болған. Солардың қатарында жазықсыз жазаланып, «Халық жауы» атанған Ақыш ақсақалдың баласы Өмірғали да жетімдіктің қосын тартып, анасының тәрбиесін көрді. Ашаршылық пен репрессия кезеңін бастан өткерген балаң жігіт қиындықтарды көріп, шыңдалып өсті. Ер жетіп есін жия бастағанда дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. 1941 жылдың 15 желтоқсанында Қармақшы аудандық әскери коммиссариатынан Отан қорғау үшін соғысқа аттанды.

Бірнеше ай дайындықтан өткен соң Өмекең Калинин облысы маңында қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Шайқас кезінде ажал оғын құшқан қаншама қазақ жауынгерлері көз алдында мерт болады. Бірақ соғыстың аты соғыс. Кеңес әскерлері қатарында қайсарлық танытып, алға ұмтылады. Белоруссия, Польша, Чехословакия елдерін азат етуге қатысады. 1942 жылы Ржев қаласы маңында үлкен бір ұрыс кезінде сол аяғынан жараланып, госпитальға түседі. Жарақаты жазылған соң майданға қайта аттанған қазақ жауынгері, соғысты Братислава қаласында аяқтайды.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Сол Отан қорғау жолындағы ерліктерінің айғағы «Қызыл Жұлдыз» ордені, Ұлы Отан соғысының І дәрежелі ордені, «Ерлігі үшін» медалі, КСРО Қарулы күштерінің 60-70 жылдығы және Жеңіс күніне арналған мерекелік медальдарын кеудесіне тақты.

Кейіпкеріміз елге жеңіспен оралған соң еңбекке араласты. Аудандық автобаза мекемесінде жөндеуші-слесарь, жүргізуші болды. Техника тілін шебер меңгерген жүргізуші ретінде автокөлігімен ауыл шаруашылығы заттарын тасымалдап, тапсырмасын асыра орындады. Бірнеше жыл қатарынан жарыс жеңімпазы атанып, абырой биігінен көрінді. Соғыс және еңбек ардагері Ө.Ақышев жұбайы Жұпаркүл екеуі дүниеге 9 бала әкеліп, үлгілі ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы – әр түрлі мамандықтың иесі. Өз алдына отау тігіп, өсіп-өніп келеді. Көзі тірісінде соғыс ардагерімен кездесіп сұхбаттасқаным бар. Сонда жетімдік пен қуғын-сүргінді көріп, Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан қарт жауынгер:

– Қаншама боздақтар қыршынынан қиылды. Қаншама бейкүнә қарттар мен сәбилер зардап шекті. Бәрін көрдік қой. Енді соғыс атты сұрапылдың аты өшсін. Қазіргі жастар біздің көргеніміздің бірін де көрмесін, – деді ауыр күрсініп...

Н.ҚАЗБЕКОВ



06 мамыр 2020 ж. 266 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

№38 (9617)

23 мамыр 2020 ж.

№37 (9616)

19 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031