» » ҚИМЫЛЫ ШАЛТ ШАЯХМЕТ

ҚИМЫЛЫ ШАЛТ ШАЯХМЕТ

Ауылда жаз мезгілінде бестің шайы деген бар. Сыр бойында мезгілдің бұл түрі аптап ыстық болғасын ба, түстен кейінгі шайға біз алтыдан өте отыратынбыз. Кейбір отбасы одан да кеш ішсе де кешкі астың алдындағы аухаттануды ауылдықтар осылай атап кеткен. Жаз нағыз алқапта Сыр салысы жайқалып, дала дүбірге толатын шақ қой. Артына тіркемесін жеккен трактордан қайтарында үйіне атшөп алып түскен еңбеккерлердің өзі Аламесектің керемет көрінісі екен. «Басқаға дамыл болса да Айдар ағамның осы тракторына тыным жоқ» деп анам шәйнегіне бір шәугім шәй салып, қою шәйді кеселерге кезек-кезек құйғанда, ештеңеден хабары жоқ ойын баласы болсақ та, шаруашылықтың даладағы қайнаған жұмысы жайында әркімнен естіп алған әңгімемізді тура қызу еңбектің қақ ортасында жүргендей көппен бөлісе кетеміз. Сол аралықта астындағы тракторын арқыратып үйдің үстімен Шаяхмет әкеміз жүйткей жөнеледі. Негізінен бұл кісінің тракторды кәнігі автокөліктей жылдамдықты асыра айдайтынын ауылдың тең жартысы біледі десем, қателеспеспін. Жарықтық, жаяу жүрісі де шалт қой. Одан бері қазір қанша уақыт өтті десеңізші!
Кеше ауылдан аудан орталығына жұмысқа келе жатып, алдымызда 150-200 метрдей қашықтықта аңырап бара жатқан тракторға көзім түсті. Ішімнен «Әкемнің баяғы Шаяхмет құрдасы емес пе екен» деп қоямын. Кім де болса кезекті нөмірге еңбек адамының бүгінгі жұмысын ақпараттандырайын деген оймен жүргізуші ағама әлгі техниканы басып озып тоқтатуын өтіндім. Бұл жолы баққаным бақа болмады. Расында әлгі тракторшы адамым сол Шаяхмет болып шықты. Құдай-ау, қазір әкем 68 жаста, бұл кісі – оның құрдасы. Сонда жетпіске таяп қалса да әлі қолынан рөл түспеген бе? Жаңа біздің өзіміз нивамен басып озамыз деп әрең жеттік... Ішімнен кейіпкеріме таң қалумен келемін. Әлі де техникасының жүрісі шалт. Ақсақалға тән ақылы бар демесең, кәрілік бұл кісіні бүгінге дейін мойындата алмапты. Трактордан секіріп түсіп, «Әкең қалай бала» дейді. Үй-ішімнің амандығын айытысып болғасын әкеміздің өзін әңгімеге тарттым. (Негізі бұл кісі – менің әкемнің құрдасы. Ал Аламесекте өзінің әкесімен қатар не үлкен адамды жастардың барлығы әке деп атайды. Сондықтан қайта-қайта неге әкелеп кетті деп сөге көрмессіздер)
Шаяхмет Оспанов – 1968 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан кәнігі маман. Оны Есетбатырлықтардың ешқайссы да жоққа шығара алмайды. Осыған дейін бірнеше шаруашылықта табанды жұмыс жасаған майталман механизатордың жиған тәжірибесі де мол. Қазір соны жастармен бөлісіп жүр. Зейнет жасынан асса да, ауыл шаруашылығы саласының серпін алуына үлес қосуының мақсаты бүгінгі буыннан дәл өзіндей тәжірибелі тракторшы қалыптастыру екен. Сыртынан қараған жанға рөлге еге болып, қозғалтқышты ауыстыра білгеннің бәрі механизатор ғой. Бірақ бұл істің де өзіне тән меңгеретін шеберліктері болады екен. Оған кейіпкеріммен екеуара 10-15 минуттық диалог барысында көз жеткіздім.
Тұқым себуде, жерді сүдігерлеп оны тегістеудің де өзіндік әдісі бар. Ал 50 жылдан астам саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған Шаяхмет Оспанов үшін мұндай тәсілдер таңсық емес. Бүгінде «Жаңа арық» шаруа қожалығының майталман механизаторы салада айтарлықтай қиындық жоқ екенін айтады. Себебі шаруашылық төрағасы Ғалымжан Қайырманов базадағы техникаларды жаңартуға басымдық беріп, еңбеккерлерінің жұмысын жеңілдетуге күш салған. Жыл сайын көктем ортасынан ауа бере  250 гектардай Сыр салысын себетін шаруашылық биыл да осы межені орындауға бел буып отыр. Қазір күріш егу жұмыстары аяқталып, алды суға бастырылды. Кейіпкеріміз астындағы трактормен күніне 50 гектар алқапқа дән себеді.
Білікті маман алдағы жылдары да Алла қуат берсе аталған саланың серпін алуы жолында қолынан келгенін аяғысы жоқ. Осыған дейінгі атқарған еңбегі еленіп, бірнеше рет марапат төрінен көрінген. Қазір оның бәрін жаза берсек, 1968 жылдан бергі кейіпкеріміздің биографиясын ақтаруға тура келеді. Өзі де ондай мақтансүйгіш адам емес. Бастысы алажаздай атқарған жұмысы күзде оң нәтиже беріп жатыр. Шаяхмет Оспанов үшін осының өзі олжа.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
11 мамыр 2020 ж. 644 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9620)

02 маусым 2020 ж.

№40 (9619)

30 мамыр 2020 ж.

№39 (9618)

26 мамыр 2020 ж.

Хабарландыру

ЖҰРТШЫЛЫҚ НАЗАРЫНА!

01 маусым 2020 ж. 49

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930