» » Қырық шырақтының қадірін біл

Қырық шырақтының қадірін біл

Әлі есімде менің құрбымның қатты налығаны. Ол күйеуімен қосылғаннан кейін қатарынан үш қызды дүниеге әкелді. Көшеде жолығып қалып екеуміз ұзақ әңгімелестік. Жасы үлкен болса да қимас құрбымның біріне айналған оның әңгімесін соңына дейін табжылмай отырып тыңдадым. Ішіне шемен болып қалған шерін тарқатып, көзіне жас алған құрбымның шынында тағдыры аянышты көрінді маған. Іштей жездеме ренжісем де, оны білдірмеуге тырыстым. Себебі оның жеке басын ерекше құрметтеп, оған бір бүйрегім тартып тұратын. Сол сезімімнің бәрі күл талқаны шыққанына сене алар емеспін. Ол жыламсырап отырып әңгімесін бастады.

«Осы үшінші қызымды туғанда күйеуім маған бармақ түгілі жылы сөз айтуға да жарамады. «Туған қызыңды сол жерге қалдырып кете сал. Ұл болмаса оның маған керегі қанша? Алғашқымыз ұл болса деп армандап едім. Қыз тудың, үндемедім. Екінші перзентті де ұл бола ма деп үміттендім. Тағы алдандым» деп барынша ашуланып, менен теріс айналды. Жас босанған маған сондай ауыр сөзді арқа сүйер азаматымнан есту оңайға соқпады. Іші-бауырым езіліп кете жаздады. Тамақ батпай, омырауыма сүт те жиналмай қиналдым. Бейне баланы біреуден туып алған секілді жанымды қоярға жер таппай өзіме қамқор болар жылы сөз айтатын адам іздедім. Сөйтіп жанашырым ғой деп ұлының бұл қылығын енеме айттым. Ол естіген бойда күйеуімді шақырып алып «бұйырған сыбағасын» берген секілді. Енем де сөзді жүйесімен сөйлейтін өте парасатты, көзі ашық, көргенді, әділ кісі болатын. Баласының санасына сіңіріп, тамырын дөп басты ма кім білсін, күйеуім жібіп сала беріпті. Перзентханаға келіп, дым болмағандай құндақтағы қызын бауырына басып иіскеп жатты. Мен болсам көзімнің жасын тия алмадым. Бірақ ішімде жібімей қалған бір мұз бардай күрсіне бердім. Көп ұзамай басым ауыра бастады. Сөйтіп дәрігерге қаралсам, «іштен тынып, қатты уайымға салыныпсыз, стресс алғансыз» деп бірнеше дәрілерді ішіп, емделуге кеңес берді. Мен сияқты бір-бірімен түсінісе алмай ажырасып кеткендер қаншама. Сен шығармашылық адамысың ғой осыны жазшы. Адамдарға сабақ болсын. Қыз немесе ұл туу әйелге ғана байланысты дүние емес қой. Алланың берген сыйы емес пе? Сол қызым әкесінен айнымайды. Қазір әкесінің ең тәтті қызы» деп көңілсіз басталған әңгімесін күлімсіреп аяқтады.
Иә, шынында ойланатын нәрсе, қоғамда аяқ бассаң, болып жатқан келеңсіз құбылыс. Мамандар да ол тек әйелдің қолынан келетін шаруа емес, ерлі-зайыптының екеуіне де байланысты деп байлам жасап отыр. Қыз бала туылғанда ренжу, әсіресе анасын айыптау – үлкен қателік. Құран кәрімде «Аллаһ қалағанына қыз, қалағанына ұл бала береді. Біреулерге әрі ұл, әрі қыз бала береді, ал қалағанын тумайтын қылады. Барлық нәрсені хақымен білетін және бүкіл нәрсеге күші жететін тек қана Алла» делінген. Сүйікті пайғамбарымыз «Қыз балаларды қор қылмаңдар» деген. Қор қылу, дінді білмеуден туындайды. Қайырлы перзент сұрау керек. Қайырлы болмайтын болса, қыз немесе ұл болуының қандай айырмашылығы бар? Дінімізде әйелдің және қыз баланың қадірі жоғары. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Қыздарыңды алтын және күміспен әшекейлеңдер! Киімдері әсем болсын! Құрметке ие болуы үшін ең әдемі сыйлықтарды сыйлаңдар!» делінген. Құран Кәрімде бұл туралы нақты мағлұмат беріліп, сәбидің жынысы құрсаққа құйылған аталық ұрықтан жаратылатыны айтылмай ма? «Алла тағала ер мен әйел жұбын тамызылған бір тамшы шәуеттен жаратты» деп. Құранда баяндалған бұл деректің растығы генетика мен микробиология ғылымдарының дамуы нәтижесінде дәлелденіп отыр. Жыныс еркектен келетін аталық жасуша тарапынан айқындалады, ал әйел ағзасы бұл жерде ешқандай рөл ойнамайды.
Ендеше, ер азаматтардың өзі сүйіп қосылған жан-жарына жүрегіне зардап келтіретін артық күнә тағып, айыптауы ақылға сыймайды. Ұл болсын, қыз болсын, ол – өзегіңді жарып шыққан өз перзентің, өміріңнің жалғасы, өз қаның. Сондықтан ашуға бой алдырмай, жынысына қарамай, жүрек түкпіріндегі жылы сөзіңді айтып, бауыр еті балаңды ұл-қыз деп бөлмей, бұлқынған сәбиді жатырқамай бауырға басып, әкелік жылуыңды бергенге не жетсін?! Бәзбіреулер әулие, әмбие жағалап, қырық шырақты қыз балаға да қол жеткізе алмай баз кешіп жүргенін бір сәт есіңе түсір. Бәлкім сонда ойланарсың...

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА


17 қараша 2020 ж. 105 0