» » Әсел БЕРІКҚЫЗЫ, кәсіпкер: «Сән әлемінің құпиясы мол»

Әсел БЕРІКҚЫЗЫ, кәсіпкер: «Сән әлемінің құпиясы мол»

Қазіргідей өркениетке өрлеген заманда кәсіпкерлікте де бәсекелестік орта қалып­тасып үлгерді. Әсіресе бұл жөнінен нәзік­жандылардың сұранысына ие болған сән салондарының жұлдызы оңынан туып, қала ғана емес, аудандарда да олардың саны артты. Қазір салтанатты басқосуларға барғанда, тіпті күнделікті жұмыс уақытында да өздерінің бет әлпетін әрілеуге ынта білдіретін аруларға қарап шындығында көз тояды. Әдемілік қашанда әйел затына ажарына ажар қосып, нұрландырып жібереді. Ал бәсекелестік тұтынушылар үшін де, кәсіп иесі үшін де өте тиімді. Себебі кәсіпкер өз ісінің шебері болу үшін сән үлгісінің жаңа түрлерін игеруге талпынып, өз тұтынушысының көңілінен шығуды қалайды. Ал тұтынушы өзінің көңілі қалағандай сапалы қызметке қол жеткізуге мүмкіндік алады. Әдемілік әлемінің падишасы сана­латын нәзікжандылардың көңілінен шығу білімін шыңдаған, іскерлігін дәлелдеген шеберлердің қолынан келетін кәсіби жұмыс.
Міне, ашылғанына бір жарым жыл болса да көпшіліктің ықыласына бөленіп, талғамы мен талабына сай қызмет көрсетіп жүрген «Әсел Берікқызы» сән салоны әйелдер қауымының құрметіне ие болып үлгерді. Сән орталығын ашқан Әсел Берікқызының айтуынша, ол бұған дейін көптеген тәжірибелі мамандардан дәріс алып, алған тәлімін өзі баулыған сәнгерлерге үйретіп келеді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы үстемақысы жеңілдетілген несие алған Әсел кәсіп көзін кеңейтіп, бүгінде 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.
–Менің ойымша кез келген адам өз мақсатына жету үшін қажымай-талмай еңбектену керек. Жыл сайын сән әлемінде таңғажайып жаңалықтар болып жатыр. Соларды ғаламтордан үнемі бақылап отырамын. Сосын біртіндеп тәжірибемізге енгіземіз. Сән әлемінің құпиясы мол. Сол құпияны ашып, нәзікжандылардың бет әлпетін әрілеп, бүкіл сұлулығын ашуға тырысамыз. Санитарлық талаптарға қатты мән беремін. Әр тұтынушымен жұмыс жасағанда оның денсаулығына кінарат келмеуі тиіс. Менің қарамағымдағы қыздар бұл жөнінен бесаспап. Бетті әрілеу, қастың пішімін өзгерту, шаштың түрлі үлгісін жасау, тырнақты сан түрлі нақышпен әдемілеу біздің шебер қыздардың күнделікті кәсібіне айналған. Оларды түрлі курстарға оқуға жіберіп, жаңа қырынан танылуына жағдай жасаймын. Бірінші ашылғанда 4 қызбен бастаған болатынмын. Қатарымызға 3 қыз қосылды. Бұл біздің жұмысымыздың алға басып келе жатқаны деп ойлаймын. Тұтынушылардың талғамы өсіп келеді. Соған лайық мінсіз қызмет жасауға дайынбыз, – дейді салон иесі.
«Әдемілік әлемді құтқарады» деген керемет сөз бар. Табиғаттың шебер туындысы гүлге теңескен әйелдердің ажарына нәр берген сұлулық салонының жұмысы сәтті болсын деп тілейік. Ал ажарына ақылы сай аруларымыздың нұр жүзінен әркез күміс күлкі төгіліп тұрсын.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
13 қаңтар 2021 ж. 643 0