» » КЕЛЕЛІ ІСТЕР КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ БАСТАЙДЫ

КЕЛЕЛІ ІСТЕР КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ БАСТАЙДЫ

Тәуелсіздік алғаннан бергі отызжылдықта жеткен жетістіктеріміздің дені тұңғыш президенттің көреген саясатының нәтижесі деуге болады. Өйткені ол кісі бәрін басынан бастаған кезде де, жас мемлекеттің даму жолында кездескен барлық биік белестер мен асуларды бағындыруда өлшеусіз еңбек етті. Жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында да өте өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуына жол көрсетті. Өзгерістерден қорықпай, экономикасы дамыған елдермен иық тіресу, тереземізді теңестіру үшін де келелі істердің басы-қасынан табылды. Бірінші қыркүйек – білім күнінде Жолдауын арнаған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та саяси құжатта ұлт көшбасшысының елеулі еңбегіне ерекше тоқталды.

«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты дәстүрлі Жолдау жеті бөлімнен тұрады. «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму», «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру», «Сапалы білім беру», «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру», «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау», «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деп аталатын бөлімдерде елдегі басты салалардағы өзгерістер, Қазақстанның дамуы жолындағы нақты бас жоспарлар, алдағы міндеттер мен мақсаттар қамтылған. Әсіресе Ел Президентінің білім саласына ерекше тоқталуының да маңызы зор. Бұл – қазіргі замандағы ең басты сала. Себебі тек біліммен ғана барлық белесті бағындырып, көптеген асулардан тұратын мақсаттарды бағын­дыруға болады. Білікті әрі бәсекеге қабілетті тұлға ғана мемлекетті алға жылжыта алады.

«Биыл қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейім­деу міндеті тұр» деген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл кезек күттірмейтін мәселе екенін атап өткен болатын.

Әрине саланың дамуына, жастардың са­палы білім алуына қажетті қаражат бөлінуде, барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Жыл сайын білім гранттарының саны артып, шетелге оқуға кеткен студенттер қатары өсуде. Елдегі білім беретін орындар мен мектептердің заманауи кейіпке енуіне де күш салды. Цифрлық технологиялармен қамтылып, жаңашылдыққа ұмтылған жастарға жағдай жасалуда. Ең бастысы, елдегі педагог қызметкерлердің табысы артып, тіпті жыл сайын жалақысын өсіру қолға алынды. Ендігі жерде ұстаздар қауымына қойылатын талап – бәсекеге қабілетті, жан-жақты жастарды қалыптастыру, олардың әрбірінің келешекте білікті маманға айналуына жұмыс жасау, сапалы білім мен саналы тәрбие беру.

Саяси құжатта басымдық берілген тағы бір мәселе денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру болды. Бұл салаға басымдық берілуі түсінікті. Өйткені халық саулығы басты орындағы мәселе. Күн тәртібінен түспейді. Әсіресе қазіргі әлемдік пандемияның ке­зін­де саланың барлық тетіктерін іске қосып, мүм­кін­діктерді жаңарту керек. Медицина саласына көр­се­тілетін қолдау мен көмектің нәтижесінде салада біраз жаңалық бар. Цифрлық технологияға ауысқан саланың жұмысы біршама реттелді. Жүйеге түсіп, халықтың саулығына жасалатын қызметтердің тиімділігі артты. Дәрігерлер қауымы да назардан тыс қалмады. Олардың да айлық табыстары артып, жыл сайын өсім алуда.
Дәстүрлі Жолдауында салаға жасалған қолдауды тілге тиек еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Медицина сала­сына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат ин­фра­құрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс.

Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін Зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруы­мыз керек. Жаһандық фармацевтикалық кор­пора­ция­лармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Ин­весторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек» деген болатын.

Расымен заманның талабын ескерсек, осы секілді жаңалықтарға ұмтылу, сол арқылы елдегі денсаулық сақтау саласын дамыту ұтымды шешім. Пандемияның әсерінен жұмыстары қауырт күйге түскен ақ халаттыларды да назардан тыс қалдырмай, жұмыстарына дем беру де күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Салаға көп көңіл бөлінген сайын жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып, медициналық көмектің сапасы артты. Ел Президентінің саяси құжатында атап көрсетілген «Пандемиядан кейінгі ке­зеңдегі экономикалық даму» бөліміндегі өзекті мә­­се­лелерді дер кезінде қолға алып, іске асыру келесі кезекте тұрған жұмыс. Президент айтпақшы, экономика әлсіремес үшін, пандемия кезінде мем­лекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсеткеніндей, «Қарапайым заттар экономикасы» секілді тиімді бағдарламаларды іске қосқан жөн. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыстық жағдайының төмендеп, не болмаса елдегі жұмыс­сыз­дар санының көбейіп кетуінің алдын алады. Әркім өзінше жұмыс жасап, өз-өзін жұмыспен қам­ту­ды, табысын арттыратын мүмкіндіктерді тиімді пай­далануды үйренеді.

Жалпы Жолдауда мемлекетті өркендету жолын­дағы барлық жұмыстар, алдағы міндеттер толығымен талданған. Жоспарлар, мақсат-мүдделер нақ­ты аталып, осы бағыттағы жұмыстар көрсетілген. Ал­да Қазақстанның әлем елдерімен иық тіресіп, да­мыған мемлекеттердің қатарына қосылатынына тағы бір мәрте сенім арттық.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ


14 қыркүйек 2021 ж. 73 0

№75 (9755)

21 қыркүйек 2021 ж.

№74 (9754)

18 қыркүйек 2021 ж.

№73 (9753)

14 қыркүйек 2021 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2021    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930