» » Туған жерін түлеткен

Туған жерін түлеткен

Кезінде жалынды ақын Мұқағали Мақатаев ауыл жайлы керемет өлең жазыпты. Бірақ жүрегі өксікке толған ақынның сөзінің жаны бар. Иә, ауыл, кіндік кескен жерден аяулы жерді қайдан табасың? Жердегі жұмақ – өзіңді құндағыңнан әлдилеген туған жерің. Жер шарын жеті айналсақ та басқа қасиет пен киеге толы құт мекенді кездестірмедік. Ал Мұқағалидің жүрегінің толғанысына құлақ түрейікші.

Ұят болды-ау!
Сен де кеттің,
Мен де кеттім,
Ол да кетті ауылдан.
Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау,қауымнан!
Ұят болды-ау,
Ұят болды-ау,
Ұят болды-ау, бауырлар!
Момын жұрттың, арқа сүйер,
Азаматы біз едік.
Жеке-жеке бақыт іздеп,
Жеке өмір түзедік,
Жетер енді!..
Туған жердің топырағына тізе бүк!
Тұңғиығында қандай керемет пәлсапа жатыр. «Ауыл­дан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген әнді де жүрегің езіліп, тебіренбей тыңдамау мүмкін емес. Сол ту­ған жердің қадірін біреу білсе, енді біреу сезбей жатады. Мұқа­ғали ақын айтқандай, туған жерге топырақтай төселіп, оған тәу етіп, тізе бүгіп елге болса деп жүрген азаматтар да бар. Сондай перзентімен елі мақтанады, олардың жасаған жұмысымен туған жер көркейеді, тұғыры биіктейді. Осындай елдің ақ батасын алып, өзінің маңдайынан самал желі ана алақанындай желпіген құт мекенді көркейтіп, ондағы елдің мұң-мұқтажына жанашыр болып жүрген алтын жүректі азамат – Темірбек Жүргенов ауылының төл перзенті, Жала­ғаш аудандық мәслихатының депутаты, «Ер-Әлі» ша­руа­шы­лығының төрағасы Әліби Бекжанов.

Тал бойына адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен табандылық дарытқан туған жер құт мекен екенін ол үнемі айналасындағыларға айтып жүреді. Ендеше сол өзін әлдилеген алтын бесікке қандай қызмет жасаса да жарасымды. Оны мақтанып, елге жарнамалауды ұнат­пай­­ды. Себебі туған жерің туған анаң секілді. Оған көзің жұ­мыл­­ғанша тік тұрып қызмет жасау – әр азаматтың парызы.

Әлі­бидің жан әлеміндегі, жүрек түкпіріндегі, ақылдың ал­тын сандығындағы маржан ойлары осындай. Туған жерге жа­­са­ған қызметі үшін ешкімнен ештеме сұрамайды. Ол өзінің өмір керуеніндегі жолы біткенше жалғаса береді.

Елдің ерніне тисін деген ниеттен туған Әлібидің игі бас­та­масымен ауылдың сыртына отырғызылған «Құрманбай ата» алма бағы бүгінде жұпар төгіп жайқалып тұр. Бұрын ауылда Әшен атаның алма бағы болатын. Оның дәмі тіл үйіреді. Әрі уылжып ауызда ериді. Сол алманың дәмін ба­ла­лық шағында татып өскендердің бірі Әліби еді.

Мақала жазу барысында Әлібидің әлеуметтік желідегі жазбасына да зер салдық. «Орын­далған арман мен ойлар десем қателеспейтін шы­ғар­­мын» деп оқырмандармен өз ойын бөліскен Әлібидің жаз­басы көзге оттай басылды. Ол осыдан 3 жыл бұрын Шымкент қа­­ласындағы кәсіпкер досы Сержан Тастанбектің отбасында қо­­нақта болып, екеуі кәсіп жөнінде қызу талқылағанын айтады.

«Өзім қалада тұрғаныммен кәсібім, ағайын-туысым, кіндік қаным тамған жерім Темірбек Жүргенов ауылы болған соң, осы елдің жағдайы жақсы болса екен деп, күндіз-түні ой үстінде жүремін. Сол ойдың бірі – елге барғанда ой тынықтырып, бой жазатын алма бақ еккім келетінін айтып, ауыз жиғанымша досым тақырыпты қолдап, қоштай кетті. Мен ол саланың қыр-сырын жақсы білемін, біз жақта алма бағы жақсы дамыған деді. Қыза-қыза ертесіне таң ата, яғни 31.03.2018 жылы Сарыағаш ауданындағы көшет сататын «Амангелді» ЖШС-ның бауынан бірақ шықтық. Сол кезде оқтай түп-түзу егілген алма ағаштарына қарап тұрып «Шіркін, менің де осындай алма бағым болса ғой» деп армандап едім. Қазір Аллаға шүкір, арман-ойларым жүзеге асты деп ойлаймын» депті біздің кейіпкеріміз.

Иә, расында елдің жайын ойлап, ауылдағы ағайынның кемшін тұстары жанына аяздай бататын азамат күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан безіп, өз жоспарларын қалайда жүзеге асыру үшін тыным таппай қажырлы еңбек жасады. Кәсіптің көзін табудың жолын қарастырды. «Талапты ерге нұр жауар» деген атам қазақтың нақылы Әліби секілді азаматтарға арналғанын кейіпкеріміз іс жүзінде дәлелдеді. Осылайша 2018 жылы жас көшеттерді Жер-Анаға отырғызды. Алланың ғажабына қараңыз, «Диқан мәрт болса, жер жомарт» дегендей, Әлібидің көшеттері бірі қалмай бой түзеп, көтеріле бастады.

Содан бері 3 жыл уақыт өтіпті. Былтырдан бері ал­масының дәмі елдің аузында жүрген Әлібидің алма бағына бардық. Жемісті ерте көктемнен баладай күтіп-баптаған Нұрбол Сисенбаев деген бағбан бауырымызбен жолығып, әңгімелестік, маржандай тізілген хош иісті жемістің биылғы өнімін сұрадық. Алақанынан даланың дарқан иісі шыққан Нұрбол бізге бейнеті қатты болғанмен, дәмі тәтті алманың сұрыптары, пісу мезгілі жайлы дерек ұсынды.

Бұл бақта ауылдың атпалдай 4 жігіті жұмыс жасайды екен. Оның айтуынша, бақтың көлемі 6 гектарды алып жатыр. Оған барлығы 12 600 түп алманың 4 сұрпы отырғызылған. «Гала», «Семерянка», «Голден», «Фуджи». «Гала» сұрпы тамызда пісіп, жинап алыныпты.
– Оны 1 гектарға еккен болатынбыз. 1 түптен 5-6 келі шығады. «Галадан» 3 жарым тонна жинадық. Биыл төртінші жыл беріп отыр. Енді келешекте өнім көбейеді деп отырмыз. 4 гектар жерге күздік түрін ектік. Баптаймыз, түбін шабамыз, отағын жұламыз, тамшылап суарамыз.Ауа райына қарай алмалар басқа жерде одан көп өнім береді. Десе де қанағат. Күздік алмалар Алла қаласа қазан айында піседі. Міне, жайнап тұрған алмалар ерте көктемде бапталып өнімін беруде. Елдің ризығы ғой, – дейді диқан.

Иә, елдің несібесінің биыл алғашқы өнімі жиналып үлгеріпті. Енді күздік алмалардың өнімі Құдай қаласа қазанда жиналады. Олар қыстай сақтауға тиімді, өте дәмді алмалар екен. «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген ғой бұрынғылар. Әліби қолға алған алма бақтың шырайына қарап, риза көңілмен тәубе жасадық. Ауылдың әлеуетін көтеріп жатқан алатаудай азаматтың барына қуандық.

Келесі бағытымыз ауылдың қақ ортасынан салынған ересектер мен балаларға арналған жаттығу мен ойын алаңы болды. 450 шаршы метр аумаққа орналасқан алаңда балалармен бірге ересектерге де бір сәт бойларын сергітіп, жаттығу жасау қарастырылған.

– Бұл менің көптен бергі арманым болатын. Қа­ла­да түр­лі бой сергітуге қолайлы орындар бар. Ал ауыл­дың ба­ла­лары неге сол бақыттан бос қалу керек деп ойла­дым. Олардың да жазғы демалысының көңілді өткенін қаладым. Қазір алаңда жүгіріп, асыр салып ойнап жүрген бүлдіршіндер мен балаларды көріп риза боламын. Біздің бала күнімізде бұндай кереметтің бірі де болмады. Ба­лаларға бақытты шақ сыйлау деген ғажап қой. Балалар күні бойы ойын алаңында орналасқан сырғанақ, әткеншек, таразы, айналмақ секілді шағын аттракциондарға кезекпен мініп, алаңсыз ойнайды. Ал ересектер болса, өздеріне арналған спорт алаңында дене жаттығуларын жасап, таза ауада ойын, бойын сергітеді. Әсіресе бойында бұла күші тасып тұрған жасөспірімдер жаман әрекетке бой алдырмай, осында келіп шынығып, шымыр болсын деп ойладым. Бұл жерде балалар ойын барысында жарақат алып қалмауы үшін барлық қауіпсіздік қарастырылған, – дейді халық қалаулысы.

Бұл балалар кешені мен тренажерді салуға белгілі кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Әліби Бекжанов өз иелігіндегі «Ер-Әлі» шаруашылығының есебінен 13 миллион теңге қаржы жұмсапты. Өзінің айтуынша, кәсіпкердің туған ауылына жасап жатқан қамқорлығы бұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта өз қаржысына ауылдың орталық көшесін жарық­тан­дырып және сол көшенің екі жағына латок қойып, толық аяқсу жеткізіп, тал егіп көркейтіп, абаттандыру жұмы­сын жүргізбекші екен. Ауылдағы М.Нұрылдаев көшесін жарықтандырыпты. «Бәрекелді» деп оған да сүйсіне қарадық. Айта берсе, Әлібидің жасаған жұмысы бірнеше мақалаға арқау болар­лық дүние. Ауылдағы өзі оқыған білім ұясы №117 орта мектепке де спорт жабдығынан бастап талай көмек берген.

Орайы келгенде айта кетейік, аймағымызға бел­гілі кә­сіп­кер, “Құрмет” орденінің иегері, «Ер-Әлі» шаруа­шылы­ғы­ның төрағасы Әліби Бекжанов жұқпалы індеттің алғашқы тол­қынында Аққыр, Жаңаталап ауылдарына көмек қолын созып, әрбір отбасына тонналап тегін азық-түлік таратты. Ауыл тұрғындарының ақжүрек азаматқа алғаусыз алғысы шексіз.

Әліби Бақытбекұлы биыл облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қолынан «Халық алғысы» төсбелгісін өңіріне тақты. Ал Әліби болса, қарапайым ғана жымиып, «азамат еліне жасаған жақсылығын пұлдамайды» дейді. Өз ризығын Жер-Ананың бауырындағы табанды еңбектен күтетін Әлібидің әлемі бауырмалдық пен жомарттыққа, даладай кеңдікке, парасат пен адамгершілікке толы ерекше бай да, байыпты әлем! Ол оның адами болмысын рух шыңына көтереді.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

14 қыркүйек 2021 ж. 217 0

№75 (9755)

21 қыркүйек 2021 ж.

№74 (9754)

18 қыркүйек 2021 ж.

№73 (9753)

14 қыркүйек 2021 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2021    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930