» » Жолдау – ел әлеуетін көтеруге жаңа бағыт береді

Жолдау – ел әлеуетін көтеруге жаңа бағыт береді

2021 жылы 1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында Қазақстан халқының басты мәселелерін айтып, жаңа бастамаларға жол ашты. Сонымен қатар Президент пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму жолдарын, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру туралы, сапалы білім беру мен өңірлік саясатты жетілдіру мәселелерін қозғады. Осы мәселелермен қоса жаңа бастамаларды таныстырды.

Жолдауда бізді қуантқан маңызды мәселе – мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары болды.

Мемлекет басшысы елдегі қуаңшылық пен ауыл шаруашылығы саласына да ерекше назар қойып, мал жайылымдары мен азық-түлік бағасын белгілеуге орай нақты тапсырмаларын берді. Партия алаңында осы маңызды мәселелерді бірнеше рет талқылаған біз үшін бұл жақсы жаңалық. Мемлекет тарапынан қарапайым шаруаларға қолдау танытылса, азық-түлік бағасын бақылауға алып, жалақы мөлшері ұлғайса ел тұрғындарының әлеуеті көтерілмек.

Тұрғындардың баспанамен қамтылу мәселесі де баса назарға алынып, алдағы уақытта зейнетақы қорындағы қаражатымызды «Отбасы банк» арқылы аударым жасап, баспаналы болуға жаңа мүмкіндіктер ашылатын болды.

Жолдауда айтылған 2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауы - еліміздегі саяси реформалардың жемісі деп білеміз. Бүгінгі күні елімізде өткізіліп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауы - ауқымды саяси науқанның бастамасы ғана. Партиялықтар өз тәжірибесінде өткізген праймериз бен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы – демократиялық үрдістің бастауы.

Елімізде 2025 жылдың соңына дейін 1000 жаңа мектептің салынатыны да ел әлеуетінің көтерілуіне үлкен сеп болмақ. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында бес маңызды бастама көтерді. Мемлекет басшысы алдыға қойған 2025 жылға дейінгі барлық мақсат-міндеттер «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасының бағыт-бағдарымен үндес. Алдағы уақытта Президент бастамаларын негізге ала отырып жаңа серпінмен жұмыс атқармақ.

Кенжебаев Ахан Алтынбекұлы ,
Жалағаш аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары
15 қазан 2021 ж. 249 0