» » Есту қабілетіңізге зиян келтіретін 4 әдет

Есту қабілетіңізге зиян келтіретін 4 әдет

Есту қабілетіңізге зиян келтіретін 4 әдет

Есту қабілетінің аздап төмендеуінің өзі ыңғайсыздық тудырып, сөйлесуге кедергі келтіреді. Оған қандай әдеттер зиян келтіретінін қарастырайық.

Дыбыс толқындарын ішкі құлақтағы Корти мүшесі деп аталатын сезімтал рецептор қабылдайды. Ол самай сүйекте терең орналасқан және дыбыс толқыны жайлы ақпаратты жүйке импульсіне айналдырады.

Дыбыс рецепторға дейін дыбыс өткізетін жолдардан өтеді — бұл сыртқы есту жолы. Ортаңғы құлақта есту сүйекшелерінің тізбегі мен дыбыс толқындарын күшейтетін құлақ жарғағы болады. Құлақтың (сыртқы және ортаңғы) дыбыс өткізгіш немесе дыбысты қабылдағыш жүйесінің (Корти мүшесі) зақымдануы есту қабілетінің төмендеуіне немесе жоғалуына әкелуі мүмкін. Олардың зақымдалуына адамның қандай әдеттері әсер етеді?


Бар дауысын шығарып, музыка тыңдау немесе фильм көру

Қатты дыбыстар ішкі құлақтағы Корти мүшесіне қауіпті: олардың әсерінен қан кету, ісіну және жалпы есту қабілеті үшін қайтымсыз процестер орын алуы мүмкін. Мұндай жоғары қарқынды шудың қысқа мерзімді түрі де, ұзақ фондық түрі де зиян.

120 дБ-ден асатын дыбыстардың қысқа мерзімді әсері естудің төмендеуіне немесе, кейде тіпті, толықтай жоғалуына әкелуі мүмкін. Мұндай әсерді акустикалық жарақат деп атайды. Мысалы, концертте колонканың жанында тұрып қалсаңыз, осы әсерді алуыңыз мүмкін.

Үздіксіз 70-80 дБ дыбыс қарқындылығы бар шулы бөлмеде ұзақ тұрсаңыз да, естудің төмендеуіне әкеледі.

Кеңес:
- Құлақты қатты дыбыстардан сақтаңыз. Музыка тыңдағанда және фильм көргенде бар дауысын шығарып қоймаңыз. Концерт немесе басқа да шараларға барғанда колонкалардың жанында тұрмаңыз;
- Құлаққаптың дыбыс қаттылығының деңгейін бақылаңыз және тек сапалы құлаққап алыңыз;
- Шулы бөлмеде жұмыс істесеңіз, арнайы дыбыс өткізбейтін құлаққап қолданыңыз.

Зиян заттармен құлақ тазарту

Кей адамдардың құлақты шұқи беретін әдеті бар екені өтірік емес. Оған қоса, кей адамдар құлағын оны тазалауға арналған таяқшалармен емес, қолына түскен қауіпті заттармен (мысалы, сіріңке, түйреуіш және т.б.) шұқи кетеді. Алайда бұл әдетіңізбен құлықты құлақ жарғағына итеріп, нығыздап тастауыңыз мүмкін. Соның нәтижесінде құлық бұлығы пайда болады немесе сыртқы есту жолы зақымдалуы мүмкін. Арнайы темірлермен бөлінетін құлық есту жолында терең орналаспаған, сондықтан қауіпті заттарды құлаққа терең кіргізіп шұқи берудің қажеттілігі жоқ.

Кеңес: Құлақты басқа заттармен тазаламаңыз. Тырнағыңыз қысқа етіп алынған болса, бас жуған кезде құлағыңыздың ішін шынашақ саусағыңызбен жуып жіберу жеткілікті.

Суық ауа райында бас киімсіз жүру

Тоңып қалу жиі құлақтың, мұрынның және мұрын жанындағы қойнаулардың қабынба ауруларына әкеледі. Ал ол өз кезегінде есту қабілетінің төмендеуіне әсер етеді.

Кеңес: Суық ауа райында құлақты жабатын бас киім киіп жүріңіз және жалпы қатты тоңып қалмауға тырысыңыз.

Өзін-өзі емдеу

Уақытында дәрігерге көрінсе, құлақ ауруларының көпшілігі емделеді. Адам ұзақ уақыт бойы өздігінен емделу арқылы ауруын асқындырып алады және естуді қалпына келтіру мүмкіндігін азайтады. Бұл тек құлақ ауруына қатысты емес. Мысалы, мұрынның және мұрын жанындағы қойнаулардың қабынуы құлақ ауруының дамуына әкелуі мүмкін. Соның нәтижесінде есту қабілеті төмендейді.

Кеңес: Құлақ маманына уақытында қаралыңыз. Тіпті, құлағыңыз ауырмаса да, мұрын проблемалары болса да, бірден дәрігердің кеңесін алыңыз.

massaget.kz
14 қаңтар 2022 ж. 120 0