» » Білімді ұрпақ – ел болашағы

Білімді ұрпақ – ел болашағы

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өңірдегі дарынды оқушылармен кездесті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзат Құрманбаева, жерлесіміз, "Тұран" университетінің профессоры, "Кино өнері" кафедрасының меңгерушісі, кинотанушы, өнертану PhD докторы Гүлзат Көбек, сондай-ақ, республикалық, облыстық пән олимпиадаларының жүлдегерлері, ғылыми жоба жарыстарының, өнер байқауларының, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен ұстаздар қатысты.
Шараны «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ерхан Бақбергенұлы жүргізіп отырды. Аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы ел келешегінің жарқын болуы бүгінгі жастардың қолында екенін айтып, туған жердің абыройын асқақтатар білімді, дарынды, өнерлі жастардың алдағы жоспарларын тыңдады.
– Қазір білімдінің заманы. Жастарға айтылатын ақылдың бәрі осы білімнің айналасында. Білімді жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Дарынды шәкірттеріміз арқылы келешегіміз кемелдене түспек. Біз солар арқылы мақтанамыз, болашақтың жарқын боларына кәміл сенеміз. Бүгінгі таңда Жалағаштан шыққан азаматтар республика көлемінде өздерінің білімін дәлелдеп, қажырлы еңбек етіп келеді. Үлкен өмір жолына қадам басқан егемен елдің жас өрендерінің мектеп қабырғасында жүріп жеткен жетістіктері аз емес. Ұстаз бен ата-ананың үкілеген үмітін ақтап, бірі спорт саңлағы болса, енді бірі өнер майталманына айналды. Облыс әкімінің қолдауымен аймақта әлеуметтік салаға бөлінген қаржы жан басына шаққанда республика бойынша бірінші орында тұр. Бұл жастардың жақсы білім алуына, халықтың денсаулығына, спорт саласына үлкен қолдау болды. Ал, аудан бойынша 3 инновациялық мектеп жұмыс жасайды. Жалпы, сапалы білім алуға барлық мүмкіндік бар. Біліммен қатар, еңбек ету керек. Ата-анаға көмектесіп, физикалық қозғалысты күшейтіп, денсаулыққа да көңіл бөлген жөн. Білім мен еңбек қатар жүретін болса, көп жетістікке жететініміз сөзсіз, – деді аудан басшысы. Сондай-ақ, өңір басшысы жастарға сұранысқа жоғары мамандықты таңдауға, адамгершілік қасиетті сақтауға, еңбек етуге кеңес берді.
Жастарды қолдау бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, нақты жұмыстар қолға алынды. Жаңа дәуір табалдырығында тұрған адамзат баласы өзінің даму сатысында интелектуалдық қабілетке барынша иек артуда. Интелектуалдық ақыл-ой иесі дегенде біз талантты адамдарды айтамыз. Мұндай дарын иелері – қоғамның үлкен байлығы және алға жылжытар күші. Бүгінгі жас дарынды ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстар парасат иесі. Өнегесі өміршең елдің тұғыры биік, келешегі – кемел, болашағы – жарқын. Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов, Мардан Байділдаевтай нар тұлғалар біздің өңірден шыққанын ескерсек, бүгінгі жастарымыздың да білім шыңында осал болмасы анық. Басқосуға қатысқан меймандардың пікірлері осыған саяды.
Мұнан соң, ауданға арнайы келген жерлесіміз, "Тұран" университетінің профессоры Гүлзат Көбек жастарға ақыл-кеңесін айтып, армандар орындалатынына сендірді. Сондай-ақ, кеш көркін қыздырған «Ер-Ай» дуетіндегі өнерпаз бүлдіршіндерге қаржылай сый-құрмет көрсетті.
Шара барысында республикалық пән олимпиадаларының жүлдегерлері, өнер байқауларының, спорттық жарыстардың жеңімпаздары өз арнауларын жеткізіп, өнерлерін ортаға салды. Әннен шашу шашып, жыр-шумақтар оқыды.
Кеш соңында өңір басшысы Қ.Сәрсенбаев оқушылардың ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, сауалдарына жауап берді.

Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).
11 мамыр 2018 ж. 776 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9566)

16 қараша 2019 ж.

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 251

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 298

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930