» » Кәрі жіліктің киесі туралы білеміз бе?

Кәрі жіліктің киесі туралы білеміз бе?

ÐÓÑÑ Ð¶ÑлÑк

Қазақта төрт түлік мал сойғанда оны 12 жілікке бөлшектейді. Сол бөлшектердің бірі кәрі жілік аталады. Етті, өте мығым, оңайлықпен шағылмайтын қатты сүйек болғандықтан оны тұрмыстық дүниелерге пайдаланады және оған қатысты түрлі наным бар.

Ет асып, табақ тартқан кезде бас пен жамбастан кейін кәделі жілік саналатын кәрі жілік сыйлы қарияларға ұсынылады.

Қазақтың қарияларына кәрі жілік асып берсе, қатты қуанады. Егер табаққа  екі кәрі жілік қатар салынса, шалдар таласып-тармасып, кәрі жілікті тақырлап мұжып болған соң үйлеріне алып кетеді, оны тұмар орнына сандыққа салып сақтайды. “Үйіме ұры түспейді, малыма қасқыр шаппайды” деп нанады, ырым етеді, – дейді этнограф Болат Бопай өзінің “Қазақ кәдесі” кітабында.

Кәрі жілікті “қаржілік” деп атаудың себебі мұндай сүйектің адам қолының қар бөлігінде орналасуына байланысты. Ал танымал жіліктің кәрі аталуы оның сыртқы тұрпаты еңкейген қартқа ұқсайтындығынан болуы керек. Кәрі жілік – барлық мүше ішіндегі қатты, шағылуы қиын сүйек. Тарихи-археологиялық зерттеулерде ертедегі тайпалардың садақтың жебе ұшын ірі малдың тісінен және осы кәрі жіліктің сүйегінен жасағаны айтылады.
Ет асқан кезде “Жастарға кәрі жілікті ұстатпаңдар” деген сөз жиі айтылып жатады. Кәрі жілікті күйеуге шықпаған қызға ұсынбаудың мағынасы кәрі қыз болып, отырып қалады деген нанымнан туындаған. Ол – отау құрмаған ер жігіттерге де қатысты сенім.

Қазақта бас пен кәрі жілікті ерекше қастерлеп, үлкендерге ұсынған. “Кәрі жілік болмаса, бастың қадірі болмайды” деп, екеуін бір қазанға асатын болған. Егер бас пен кәрі жілікті бірге аспаған болса, 9 аю айдаған, 50-30 дүре соққан және үлкен ірі қарадан айып қоятын болған. “Әкесі тірі бала бас мүжімейді” деп, басты жастарға бермейді. Ал кәрі жілікті балаларға ерте қартайып кетеді деп бермейтін болған. “Кәрі” сөзі ұлы, үлкен, қастерлі деген ұғымды білдіріп тұрған соң оны балаларға бергенде құны қалмайды деп тек жасы үлкен кісілерге тартқан. Кәрі жілікте тұрған түк те жоқ. Тек үлкен мен кішінің арасындағы жарастық пен мәдениетті қалыптастыру мақсатында осындай ұғым қалыптасқан. Бұл – қазақтың ас мәзірін ұстана білгенінің, әр адамның қоғамдағы өз орнының болғанының көрінісі, – дейді этнограф Болат Бопай.

Бұған қоса,  босағада ілініп тұрған кәрі жілікті жауға, барымтаға аттанып бара жатқан батырлардың ер-тоқымына байлап кететін болған. Бұл бәле-жаладан сақтайды деген сенімнен туса керек.

Қазақта кәрі жілік ел басын сақтайды, күзетеді деп оған тіс тигізбей, мүжиді де, “кестетоқыр” деген біз сүйегінің қуысына ши, шырпы, шыбық сияқты жіңішке ағашты көлденең қыстырып, оны оң жақ босағаға, шаңыраққа, қорасының айналасына жіппен байлап іліп қояды. Сөйтіп кәрі жілік тіл тиюден, көз сұғынан, ит-құстан сақтайды деп нанады, – деп жазады этнограф Болат Бопай өзінің  еңбегінде.

Этнографтың айтуынша, ертеде босанатын әйелдің айналасына үйдің төбесінде ілініп тұрған кәрі жіліктерді әкеліп қоятын болған. Кәрі жіліктерді санаған аяғы ауыр әйелдің толғағы жиілейді деген сенім психологиялық амал ретінде қолданылған.
Қазақ даласында кәрі жілікке байланысты әфсаналар өте көп. Соның ішінде кәрі жілік үйді ұрылардан қорғайтын күшке ие деп сендірген аңызға тоқтала кетейік. Бірде мыңғырған малы бар бай көз жұмар алдында баласын шақырып, өсиет қылған. Ол қанша мал сойып, сүйегін тастасаң да, кәрі жілікті далаға лақтырма деген көрінеді. Бұл жіліктің тесігінен жіп өткізіп, киіз үйді айналдыра іле бер деп ақыл айтқан. Баласы әкесінің айтқанына құлақ асып, кәрі жіліктің барлығын киізүйдің қабырғасына іле беріпті. Ымырт түсіп, қас қарайғанда үй сыртына ілінген кәрі жіліктің көлеңкесі қолында құрық ұстаған кәрі кісінің бейнесіне қатты ұқсайтын болған. Байдың малын айдап әкетуді көздеп жүрген барымташылар әлгі көлеңкені көріп, малды ұрлай алмай, бірнеше рет беті қайтқан деседі. Аңызға сенетін адамдар кәрі жілікті қасиетті санап, ұрыдан сақтайтын күші бар деп қастерлеген.
Қазіргі уақытта қаржілікті кәде ретінде иемденген жасы үлкен қариялар сандыққа салынған кәрі жілікті көрсетіп, шаңырақты жоқшылықтан қорғайтын тұмар деп мақтанып жатады. Күні бүгінге дейін соғымға сойылған ірі қара малдың кәрі жілігін көктемге дейін сақтап, оны жас етпен бірге асып жейді. Көктемге аман-есен жеткізген кәрі жіліктің қасиеті деп сенеді. Наурызкөжеге салынатын кәрі жілікке данагөй қариялар бата беріп, жаңа жылды қарсы алады. Ұлтымыздың сыйлы қонағына кәрі жілік ұсынуы – лайым ата-баба әруағы қолдасын деген ниет. Ал “Қаржіліктің жасын берсін” деген тілек ол сүйектердің ішіндегі ең ұзақ сақталатын және лақтыруға келмейтін мүше болғандықтан пайда болса керек.


https://baribar.kz

17 қыркүйек 2018 ж. 410 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9565)

12 қараша 2019 ж.

№88 (9564)

09 қараша 2019 ж.

№87 (9563)

05 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

28 қазан 2019 ж. 222

Х А Б А Р Л А М А

15 қазан 2019 ж. 277

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930