» » ХАЛЫҚТЫҢ ҰСЫНЫСЫ МЕН ПІКІРІ БІРІНШІ ОРЫНДА ТҰРУЫ КЕРЕК

ХАЛЫҚТЫҢ ҰСЫНЫСЫ МЕН ПІКІРІ БІРІНШІ ОРЫНДА ТҰРУЫ КЕРЕК


Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Ш.Қалыбаев хабарлама жасады. Ол биылғы жылдың қаңтар айында халық алдында есепті кездесулер барысында тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлерді жүзеге асыру жұмыстарына тоқталды.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есепті кездесулер өткізген болатын. Жыл бойғы атқарған жұмысты саралаған тұста аудан тұрғындары тарапынан 108 ұсыныс-пікір айтылған еді.
Тұрғындардан түскен ұсыныстардың басым бөлігі көшелерді жөндеу, аяқ су келтіру, әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу, елді мекенді абаттандыру, ауызсу жүйелерін жаңғырту, электр желілерін жаңарту сынды мазмұнда болған.
Жоғарыда айтылған мәселе күн тәртібінен түскен емес. Халықтың пікірін үнемі назарда ұстайтын жергілікті басшылық тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жұмыс жасап келеді. Мамыр айында өткен аудан әкімінің аппараттық мәжілісінде бұл мәселе арнайы қаралған болатын. Сол кезде 108 ұсыныстың 56-ы орындалып, бақылаудан алынды. Аппараттық мәжіліс қорытындысымен 52 ұсыныс-пікір бойынша жауапты мекемелерге тиісті жұмыстарды жүргізу туралы тапсырма да берілді. Бұл жолғы жиында солардың орындалуы қаралды.
Аудан басшысы бұл бағыт бойынша әлі де жұмыс жасалу қажеттігін айтып, халықтың ұсынысы мен пікірі бірінші орында тұруы керектігін назарға салды.


Мұнан соң мінберге аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Байболов көтеріліп, өзі басқарып отырған құрылымның 8 айда атқарған жұмыстарын негізге алып, хабарлама жасады.
Жер қатынастарын реттеу бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын мекеме басшысы ауданда қай салаға қанша жер тиесілі екенін айтып өтті. Сонымен қатар, елді мекендердің шекараларын бекіту, жерді мақсаты бойынша пайдалану жұмыстарын қадағалау жүргізіліп отырғанын жеткізді.
Бүгінде аймақта кәсіпкерлікті қолдаудың айрықша жобалары жүзеге асуда. Жыл басында жаппай кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелерін шешу және жалпы ішкі өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін көбейту үшін облыс әкімдігі, мәслихат, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер палатасы биылғы жылды жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялаған болатын. Жартыжылдықтың қорытындысымен игі бастама үш жылға ұзартылды. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ж.Еспенбет жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Аудан бойынша қыркүйек айына дейін тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2335-ті құрап отыр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 81 бірлікке артқан. Бұл өз кезегінде бизнесін ашып, кәсібін бастауға ниеттілердің артып келе жатқанын көрсетеді. Кәсіпкерлік нысандарында 8747 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 474 адамға көбейіп отыр. Демек, кәсіпкерлік дамыса жұмыссыздық азаяды деген сөз.
Жыл басынан бері 266 кәсіпкерлік субъектісі аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, 293 жаңа жұмыс орны ашылды.
Осы мазмұнда хабарлама жасаған бөлім басшысы «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары бойынша атқарылған жұмыстарды саралап өтті.
Мәжілісті қорытқан аудан басшысы аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалып отырғанын айтып, аппарат мәжілісінде көтерілген мәселелер бойынша мекеме жетекшілері мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.


Әзиз БАТЫРБЕКОВ.


29 қыркүйек 2018 ж. 696 0