» » ЖЕЛІГЕ ЖЕЛІМДЕЙ ЖАБЫСҚАН ЖӨН БЕ?

ЖЕЛІГЕ ЖЕЛІМДЕЙ ЖАБЫСҚАН ЖӨН БЕ?



Жаһандану дәуірі. Сағат сайын әлемнің түкпір-түкпірінде жаңалық ашылып, адамзаттың ойына да келмеген дүниелер өмірге келуде. Осы күні қайда барсақ та қолымыздан түспейтін қалта  телефонымыз тіршілігіміздің ажырамас бөлігіне айналған. Баяғы айлап-жылдап пошташыны күтетін заманның орнын, алыстағы ағайыннан лезде хат-хабар алғызатын сиқырлы «құрылғы» басты. Әйткенмен, айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған бұл құрылғының пайдасы да, зияны да бар екен. Денсаулыққа тигізер зардабын айтпағанның өзінде, алтындай уақытымызды сағаттап ұрлаған әлеуметтік желінің әлегі шаш етектен.

Бүгінгінің адамдарын сымсыз телефонға телмірткен әлеуметтік желілерде не айтылады? Миллиондаған қолданушының арасында секунд сайын тарап жатқан ақпараттардың сапасы қандай? Тіптен, олардың ішіндегі шындыққа жанаспайтын жаңсақ пікірлерді таратушының мақсаты не? Әлеуметтік желі дерт пе, әлде қажеттілік пе? Ал, ендеше бұл қаптаған сұрақтардың дөп басып жауабын таппасақ та шамалап көрелік... 
Бәріміз әлеуметтік желі дегеннің не екенін жақсы білеміз. Ол – мыңдаған адамдардың бір-бірімен күнделікті хат-хабар алысып, жаңалықтарын бөлісетін сайттар бірлестігі. Қысқасы, қоғамды елең еткізетін, лезде оқырманын жинап үлгеретін посттардың негізгі «тақырыбы» шоу бизнес жұлдыздары. Кейбір сайттар жұлдыздардың қайда барғанын, кіммен жүргенін, не киіп, не ішкенін жарыса таратып, «түймедейді түйедей» етеді. Біреудің жеке өмірін рұқсатсыз жария етуден қымсынбайтындар өнер иелерінің көңілін осылай қалдырып жатады. Осындай жағымсыз посттарды көрген желі қолданушылары бірі жақтайды, бірі даттайды, әйтеуір қолдан келген ақылдарын айтысып бағады. Ол шындыққа жанаса ма, жоқ па оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Шындығында, неғұрлым оңай қол жеткен нәрсенің сапасы сын көтермейтіні бесенеден белгілі емес пе?! Неге естіген, көрген нәрсемізді ой елегінен өткізіп барып, тұжырым жасамасқа?! Мұнан да сорақысы, әлеуметтік желілерде ел ішін дүрліктіріп, түрлі мәліметтердің таралып кетуі, қоғамды саяси негізсіз ақпараттармен алаңдатып қою сынды жағдайлар да орын алады. Желіде белсенді болғыңыз келсе, өз пікіріңізді топшылап, былайша айтқанда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жеткізуге болады ғой. Әй, бірақ, ел алдында жүргендер шоубизнесше айтқанда «қара пиар» жасаудан алдарына жан салмайтындарды да жоққа шығара алмаймыз.
Жалпы, әлеуметтік желінің зиянды жағы мыналар. Ең алдымен көп уақытыңыз шығындалады, бұл өз кезегінде онсызда қарбалас заманда адамды көп нәрседен шет қалдыруға себеп болады. Екіншіден, шынайы өмірден алыстап кетуіңіз әбден мүмкін. Себебі, күнделікті өмірдегі сіздің мінез-құлқыңыз желінің ар жағында отырғанда өзгеріп сала береді. Нәтижесінде, өз болмысыңызды жоғалтып, виртуалды әлемнің нағыз кейіпкері болып шығуыңыз ғажап емес. Сондай-ақ, қалта телефоныңыздағы осы бір күрделі құбылысты абайлап қолданбасаңыз, ол кейде жалған ақпарат тарататын алаяқтар мен теріс пиғылды адамдардың алаңына ұқсап кетеді. Осы тұста жоғарыда айтылған жалған ақпарат таратушыларды тағы да еске салып кетсек артықтық етпес. Ал, пайдасына келетін болсақ, сөйлесу, ақпарат алмасудың жылдамдығын ескерсек, заманның көшіне ілесуге, жаһандық жаңалықтардан дер кезінде хабардар болуға үлкен көмегін тигізеді. Әрине, шегін біліп қолдансаңыз бұл әлемнің тиімді жақтары өте көп. Тек сізге керегі – кез келген тосын ақпаратты, жылдам жаңалықтарды талғам таразысынан өткізіп, қорыта білу болмақ.

Айтпақшы, құрметті оқырман! Біздің газетіміздің электронды нұсқасын пайдаланғыңыз келсе, басқа да пайдалы ақпараттардан хабардар болғыңыз келсе zhalagash-zharshysy.kz сайты арқылы қажетті мағлұматыңызды ала аласыз. Ендеше, ағайын аудан көлемінде өтіп жатқан маңызды шаралардан, жарқын бастамалардан шет қалмаңыз. Біздің сайттың тұрақты оқырманы болыңыз демекпіз.

Түйін. Біз әңгіме қылған виртуалды әлем адамды өзіне тәуелді етіп қана қоймай, оның өзгелермен сұқбаттасу, кейде тіптен рухани жетілу жағынан шектеп жатады. Өздеріңізге белгілі, осыдан бірнеше уақыт бұрын осы әлеуметтік желідегі құпия «көшбасшылардың» жетектеуімен қаншама жасөспірім суйцидке барды. Осыған қарап-ақ біз күнделікті тұтынатын желілердің қаншалықты қауіпті екенін байқаймыз. Біреулердің жағымсыз постына, таратқан негізсіз ақпаратына жәй ғана «лайк» белгісін бассаңыз немесе бөліссеңіз ешкім білмей қалады деп ойламаңыз. Ғылыми технологияның виртуалды әлемді шексіз қолданатындарды бақылап отыратын тетігі жұмыс жасайды.
Қысқасы, ақпараттық сайттардағы мәліметтердің барлығын бірдей тұтына бермеңіз. Ой елегінен өткізіңіз, зерттеп зерделеп алыңыз, содан соң барып өзіңізге қажеттісін ғана алыңыз. Сізге қатысы жоқ, пайдасы жоқ дүниелерді бөлісуден, оңды-солды пікір білдіруден аулақ болғаныңыз жөн. Әлеуметтік желі қажеттілігіңізге емес, дертіңізге айналмасын!

Н.АЛМАСҚЫЗЫ.
30 қыркүйек 2018 ж. 419 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031