» » АНА – ҚОҒАМНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

АНА – ҚОҒАМНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

«Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» дейді дана халық. «Ана – әлемнің шырағы, тіршіліктің алтын арқауы. Жәннат – ананың табанының астында» деген. Осы сөздердің астарында теңіздей терең мән-мағына жатқаны аян. Ел қорғаған батыр да, сөз маржанын терген ақын да анадан туады. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы жандарға қай уақытта құрмет көрсетсең де артықтық етпес.

Сәрсенбіде аудандық мәдениет үйінде «Ана – қоғамның ұйытқысы» атты ІІІ аудандық әйелдер форумы өтті. Жиынды «Аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсия Мәдиева жүргізіп, даналық пен ізгіліктің, әдемілік пен мейірімділіктің үлгісі саналатын, аяулы жар, ардақты ана, ақжаулықты әжелер мен қырмызы қыздардың басын қосқан форумның маңыздылығына тоқталып, әлемдегі кез келген халықтың өз алдына ұлт болып ұйысуына, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуына әйел-аналардың сіңіретін еңбегі зор екенін атап өтті. Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов­ әйелдер форумына қатысушы қонақтарды салтанатты жиынмен құттықтап, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың ыстық ықыласын жеткізді.
– Алтын құрсақ ана мен баланың жарқын күлкісі – біздің басты байлығымыз. Дәстүрлі қазақ қоғамында әйел мәртебесінің биіктігі әйелдерге, аналарға жасалған қамқорлығынан, сый-құрметінен байқалатыны белгілі. Дана халқымыз нәзікжандыларын қастерлеп, шаңырақтың ұйытқысына балап, ынтымақ пен ырыстың алтын діңгегі деп білген. Оған дәлел кешегі тәуелсіздік алған жылдары ел ішінде қиындық туғанда сіздер әйелдер қауымы қоғам жүгін қайыспай көтере білдіңіздер. Өркениетті даму жолына түскен мемлекетіміздің барша тыныс-тіршілігінің басы-қасында болып, бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына, ел әлеуетін көтеруге сүбелі үлес қостыңыздар. Тәңірдің бізге берген үлкен сыйы тәуелсіздік болса, басымызға қонған осы бақыттың баянды болуына әйел-аналардың қосар үлесі де қомақты. Отбасындағы ана, мектептегі ұстаз, еңбектегі әріптес қыз-келіншектер өздеріне тән нәзік, сезімталдықпен, асқан мейірімділікпен, таңғажайып төзімділікпен қоғамның гүлденуіне, сол арқылы еліміздің іргесі бекіп, ілгерілеуіне қызмет етіп келеді.
Біздің ауданымызда да түрлі салада аянбай еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына зор үлес қосып жүрген әйелдер қауымы көптеп саналады. Жалағаш ауданында жалпы халық саны 35 мыңның үстінде болса, соның ішінде әйелдердің үлесі 17 мыңнан астам. Олардың қатарында 1000-нан астам алтын құрсақты ана есепте тұрады. 2018 жылы 330 ана алтыннан алқа тақса, 620 анаға күміс алқа берілді. Ал, 68 батыр ана мен 68 ана І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталды. Әйелдер қауымына көрсетілетін құрмет аудан көлемінде мұнымен тоқтамақ емес. Әр мереке сайын, тіпті, әр күн сайын сіздерге құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді деп ойлаймын.
2016 жылы ауданымызда «Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі құрылып, аудандық ішкі сая­сат бөлімі арқылы аудан көлемінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында жұмыс жасап келеді. Жалағаш аудандық әйелдер кеңесі қазіргі таңда мәнді-мағыналы шаралар өткізіп жатқандығына куәміз. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде, игілікті бастаманың ұйытқысы болуда белсенді әрі тынымсыз еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан соң ауданымыздағы алтын құрсағынан адамзаттың алыбын да, данасын да, батырын да дарытқан аналар және ауданның әлеуметтік-эко­номикалық дамуына үлес қосқан, көп жыл түрлі салада абыройлы қызмет атқарып, қоғамның тыныс-тіршілігіне белсене араласып жүрген қыз-келін­шектерге аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Бұдан бөлек, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева, белгілі кәсіпкер, «Қанатбаева» шаруа қожалығының төрайымы Күлпаш Қанатбаева, Аққұм ауылындағы №7 «Шұғыла» бөбекжайының меңгерушісі Гаухар Нұрсейітова, Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны Бақыткүл Болысбекқызы және аудандық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Нарбота Серәлі сөз алып, өмір бесігінде сәби тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің әрқашанда құрметке лайық екеніне тоқталып, форумның маңыздылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, шарада аудандық аналар кеңесінің төрайымы Роза Ералы «Ана – қоғамның ұйыт­қысы» атты аудандық әйелдер фору­мының үндеуін жариялады.
Расында, әйел-аналарымыз бар күш-жігерлерін жұмсап, ерлермен бір­ге әр салада еңбек етіп, ел бола­ша­ғының жарқын болуы жолында тер төгіп жүр. Мұнымен қоса әйелдер қауымы ауданымызда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, әлеуметтік-экономикалық жағдайының көтерілуіне де айтарлықтай үлес қосуда. Қазіргі таңда әр ауылдық округте ауылдық әйелдер кеңесі, ауылдық аналар кеңесі құрылып, әрқайсысы өз дәрежесінде жүйелі жұмыс атқарып, еліміздің ертеңі білімді, саналы, мәдениетті ұрпақ қалыптастыруда жоспарлы түрде түр­лі шаралар мен жиындар өткізуде. Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Әсия Мәдиеваның бастамасымен қолға алынған әрбір шараның маңызы зор.
Салтанатты жиын мұнан әрі аудан өнерпаздарының концерттік бағдар­ламасымен жалғасын тапты.

Нұр НАУАН,
М.АХМЕТОВ (сурет).
15 желтоқсан 2018 ж. 248 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№83 (9559)

22 қазан 2019 ж.

№82 (9558)

19 қазан 2019 ж.

№81 (9557)

15 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031