» » Ат тергейтін жеңгем-ау...

Ат тергейтін жеңгем-ау...

Халқымызда үлкенді сыйлау, кішіні құрметттеу жолында тәрбиелік маңызға ие салт-дәстүр жетерлік. Соның бірі – ат тергеу. Ұлтымыздың ешкімге ұқсамайтыны да осыдан. Әйел-аналарымыздың келін боп түскен уақытынан бас­тап, бұ дүниеден көшкенше атасы мен енесінің, қайнаға мен қайны, кайынапа мен қайынсіңлісін өз атымен атамай, лайықты есім қоя білуі – адам сыйлай білетінінің, кішіпейілділік пен ізеттіліктің, көргенділіктің ең биік көрінісі деп айтсақ артық емес.
– Балам, атам аттастың үйін­дегі келін ауырып қапты. Ба­рып көріп келмесем болмас, – деді дәрігер болып іс­тей­тін менің шешем. Бірден түсіндім, ауылдағы Жал­ғас­тың келіншегінің айы-күні же­тіп отырған. Енді бірде менен бақандай бес жас кіші, көр­­ші Жалғас бала келсе де, «Жәкем, халің қалай, жо­ға­рыла», – деп дастарханға ша­қырар еді. Бұл жерде Жал­ғас деп отырғаным әулет үлкені, шешемнің қайнатасы.
– Келін аяқ-қолын бауырына ап, «бәлінсәдан» шығыпты, сол үйге кеттім, – деді бірде жеңгем босанып келген жақын келінінің жағдайын білуге аттанарда.
– Қай келін еді ол? – деді ағам түкке түсінбей.
– «Кәсемсот» қайынымның үйіндегі. Мұндайда қай қай­нысы екенін өзің де білесің. «К-700» тракторын айдайтын Айбекті айтып отыр...
...Қазір елде ат тергеу бар ма? Қаймағы бұзылмаған ауыл жұртында да заман құндылықтары қат-қабат ауысып, уақыт алға жылжыған сайын біраз тәрбие мен дәстүрді ұмыттырып жіберді. Қайнысы мен қайынсіңлісінен бөлек, қайнаға-абысынды сыртынан дүңк еткізіп, атын атап, көзбе-көз көргенде «аға-жеңге» деу­ден аспайтын келінің мен жас жеңгелерің толып-ақ жүр. Бәріне бірдей жала жа­буға болмас. Салт-сананы мең­гер­ген кей жеңгелер толық болмаса да, бұрынғының ізімен «Ерке бала», «Мырза жігіт», «Төрем», «Ақылдым», «Еркежан», «Мырзаға» т.б. те­ңеулер тауып, дәстүрді тү­ген­деп жүр. Әйткенмен, көп жеңгелер «әй, қыз» бен «әй, сен бала» деген қаратпа сөзбен-ақ діңкеңді құртып тұр. Әзілдеп немесе бұрмалап болса да ат қоюда кей ауылдық жерде болмаса, қалалық жеңгелерді бұл жағынан сөге де алмайсыз. Үлкеніне сіз деп сызылып, бастысы, атын атамаса болды, «ат тергеу» деген ата салттан алыстау жүргені көп.
Айтпақшы, алыстан мені көрсе жасы үлкен болса да, жолымды кеспей, күтіп тұ­ра­тын жеңгелерім жоқ емес. Иінағашпен су толы шелек иығына батса да тапжылмай тұрады. Қияңқылыққа басып, жай жүрсең де, сол орнынан қозғалмайтын. Балалықпен бұнысы несі дейтін едім, кейін ойласам, елдегі дәстүрге сай, келешек шаңырақ иесі, атпалдай азамат деп арқа тұтып, алдымнан кесе өтпеуінің өзінде мағыналы тәрбие тұнып тұр екен ғой.
Үлгі алуға болатын ұятты жеңгелер жоқ емес деп жо­ғарыда айттым. Бірақ аз. Дәс­түрі мен салтын өз шама-шарқынша ұстап, жан-жағына шуақ төгер жеңге де, жеңге болуға асығып жүрген кей бойжеткен де ата салтты ардақтаса, ұлт құндылығының ұлғайғаны, тәрбиенің тасада қалмағаны деп білеміз.

Е.Бекмырзаұлы.

02 ақпан 2019 ж. 147 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№45 (9521)

11 маусым 2019 ж.

№44 (9520)

07 маусым 2019 ж.

№43 (9519)

04 маусым 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

09 шілде 2019 ж. 123

ХАБАРЛАНДЫРУ

05 шілде 2019 ж. 80

Сессияға шақыру

02 шілде 2019 ж. 101

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031