» » ҮЙІҢНЕН ҚАСИЕТ КЕТПЕСІН ДЕСЕҢ, КЕЛІНІҢЕ ӨСИЕТ АЙТ

ҮЙІҢНЕН ҚАСИЕТ КЕТПЕСІН ДЕСЕҢ, КЕЛІНІҢЕ ӨСИЕТ АЙТ

Кенен Әзірбаевты бұл қазақта білмейтін адам жоқ. Ақындығымен, әншілігімен, жыршылығымен ел есінде қалған дарабоз өнерпаздың “Көкшолақ”, “Ой, бұлбұл!”, “Базар – Назар” сынды басқа да көптеген әндері жұрт жадында жатталып қалды. Ел ішінде осы Кенен­ ақынның келінінің бетін өзі ашқандығы туралы әңгіме де бар.
Кенен ақынның Көркемжан атты ұлы Дина есімді қызды келін етіп түсіреді. Бет ашатын жігіттің иығына шапанын жауып: «Қарағым, мына шапанға ие бол. Өзіңе тағы да бір мал арнаймын. Жолыңды маған бер», – деп, келіннің бетін өзі ашқан екен. Жиылған жұрт оны басында түсінбей: – О заман да бұ заман келіннің бетін атасы ашушы ма еді? – дейді түкке түсінбей. Кенен ақын болса домбырасын шертіп отырып: – Әрі беташар болсын, әрі берген батам болсын, әрі келінге айтқан өсиетім болсын, – деп, сол жерде ұзақ жыр айтады. Сонда өзінің бүкіл өмірін шолып өткендей болыпты. Баланың зарын айтып, Базар-Назарын тілге тиек етіп, кешігіп көрген баласынан тұңғыш рет келін түсіріп отырғанын айтып, «Келінжан» деген ән шығарған. Қазір айтылып жүрген «Келінжан» әні сол кезде туған үлкен жырдың төрт-бес шумағы ғана. «Қайтсін енді? Қартайғанда көрген қызығы» деп, кемпір-шалдар қосылып кемсеңдеп жылапты. Бүгінде «Келінжан» әні бүкіл қазақ жеріне тарап кетті.
Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының да келініне ақыл айтып, кеңес беріп отырғаны белгілі. Батырдың келіні Зейнеп Ахметованың "Бабалар аманаты"­ кітабында "Атаның маған айтқан ақыл сөздері" атты тарау бар. Бұл тарауда Зейнеп апамыз Бауыржандай батырдың насихат сөздерін жариялаған. Біз бүгін ­Бауыржан Момышұлының келініне айтқан ақыл сөздерінен үзінді ұсынып отырмыз.
“Өзгеден артық боламын деп арындама, шамаңды сақта. Тең түскенге қанағат ет. "Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар" деген ата-бабаң. Бірақ, тепкіге төзбе, ешқашан аяққа басылмағын”.
“Адам өмірге, мынау жарық дүниеге жылап келеді. Ата-ана, туған-туыс айналасы шат-шадыман қуанады. Кетеріңде өзгелер жылап, өзің ризашылықпен қуанып кететіндей істе”.
“Ғылым-білім деген – түпсіз тұңғиық. Жұмыр жердің бетінде оның түбіне жеткен жан жоқ. Дегенмен, шетсіз-шексіз ілім-білім жолында әркім өзінің өресі, шама-шарқы жеткен жерге бір белгі – шыбық шаншып қалдырса, сол шыбық өсіп, өзінен кейінгіге сая болып, жол нұсқап жатса, есте қалған деген сол болады”.
Келініне өсиет айтқан екі аңыз адамды мысалға келтірдік. Кенен атамыздың келіні Дина апайымыз да, Бауыржан Момышұлының әрбір сөзінен тәлім алған Зейнеп Ахметова да жұрт үлгі алатын жанға айналды. Жалпы, үйімнен қасиет кетпесін деген адам, келініне өсиет айтуды әдетке айналдырғаны дұрыс. Есті жан одан нәтиже шығарар деген үмітпен біз сөзімізді аяқтаймыз.

К.СҰЛТАНОВА.

07 наурыз 2019 ж. 308 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30