» » «ДӘРІГЕР ҮШІН ҚУАНЫШТЫ СӘТ – НАУҚАСЫҢНЫҢ КЕСЕЛІНЕН ҚҰЛАН ТАЗА АЙЫҚҚАНЫН КӨРУ»

«ДӘРІГЕР ҮШІН ҚУАНЫШТЫ СӘТ – НАУҚАСЫҢНЫҢ КЕСЕЛІНЕН ҚҰЛАН ТАЗА АЙЫҚҚАНЫН КӨРУ»

Аспан аз-маз түнеріп тұр, соған қарағанда бүгін түске дейін болмаса күн батқанша жаңбыр бір себелеп өтер деген оймен жұмыс орыныма да жетіп қалыппын. Өзім жедел жәрдем қызметінде жұмыс жасағандықтан, көбіне ғимаратта емес, көлік ішінде жолда боламыз. Әдеттегідей науқастан шақырту түсіп, тағы да жолға шықтық. Бұл күн мен үшін өте ауыр болды. Себебі, көлік апаты орын алған жердегі науқасымның да хәлі мүшкіл болатын. Жеткен бойда оны орынынан қозғамау керек екенін аңғарып, сол жерде ауруханаға дейін ем-дом жүргіздік. Кейін ауруханаға әкелген бойда оны жан сақтау бөліміне жатқызуға тура келді. Кешке дейін науқастың қасында болдым. Әріптестерім бар, әйтеуір әупірім деп жүріп оны аман алып қалдық. Бірақ, жағдайы өте ауыр болған соң, «ажалдан арашалап қаламыз-ау» деген үміт аз болды. Дегенмен, бойдағы ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибе мен мамандыққа деген адалдық екі жақтап, кеселмен күресте табандылық танытты. Одан кейін қанша уақыт өтті. Сол кісіні әлі күнге дейін көріп тұрам. Жолыққан жерде алғысын жаудырып, құрмет көрсетіп жатады. Алғысына да ризамын, бірақ, мен ол кісіні көрген сайын бір науқастың өмірін ажалдан арашалап, көз алдымда аман жүргенін көріп марқайып қалам.
Бұл медицина саласында 40 жылдан астам қызмет еткен қажырлы маман Светлана Түлкібаеваның бізбен бөліскен бір ғана естелігі болатын. Ұзақ жылдар еңбек ете жүріп, аталған салада өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақ халатты абзал жан талай науқастың дертіне шипа тауып, кеселінен құлантаза айығуына жұмыс жасады. Екеуара әңгіме барысында «Бүгін мен үшін күн ауыр болды, себебі, науқасымның да жағдай мүшкіл болатын» деген сөзі майталман маманның дертпен күресте науқаспен жанын бір санайтынын аңғартты.
Светлана Түлкібаева алғаш еңбек жолын Бұқарбай батыр ауылында учаскелік дәрігер болып бастады. Ол жылдары қазіргі серпін алған сала бүгінгідей заманауи құрал-жабдықтармен қанаттанбаған еді. Сонда да табанды еңбек ете жүріп, талай жанның дертіне шипа тапты. Бес жылға жуық ауылдық елді мекенде тәжірибе жинаған жас маманға кейін ауданнан сұраныс түседі. Осылайша, кент орталығындағы ауруханада балалар дәрігері болып ұзақ жыл еңбек етті.
– Ауданға алғаш ауысқан жылдары бүлдіршіндер денсаулығының жақсаруына жұмыс жасадым. Көбіне 4-5 жастағы балалар болмаса, одан кішілері қай жері ауырып тұрғанын да біле бермейді. Осындайда тәжірибең болмаса, нақты бүлдіршінді қандай кеселдің мазалап тұрғанын аңғара алмайсың. Сондықтан, әсіресе, балалар дәрігеріне артылар жүк ауыр. Аллаға шүкір, өзімнің қабілетімнің арқасында мұнда да талай дертпен күресте жетістікке жеттім. Дәрігер үшін ең қуанышты сәт – науқасыңның кеселінен құлан таза айыққанын көру. Ал, мен сан мәрте мұндай бақытқа кенелдім. Сондықтан, өзімнің ұзақ жылдар бойғы саналы ғұмырымды медицина саласына арнағаныма еш өкінбеймін, – дейді майталман маман.
Тәжірибелі дәрігердің жедел жәрдем қызметінде жұмыс жасап жатқанына да 15 жылдан астам уақыт болыпты. Осынша уақыт ішінде өзінің берген антына, алдына қойған мақсатына адал екенін сан мәрте дәлелдеді. Қажырлы маманның атқарған жұмысы мемлекет тарапынан еленіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының сан мәрте «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Көптеген алғыс хаттардың иегері жақында тағы да ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты. Бүгінде осы салада еңбек етіп жатқан дәрігердің әлі де талай науқастың жанын ажалдан арашалап қалатынына сенеміз.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ.
07 наурыз 2019 ж. 194 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№71 (9547)

10 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9546)

07 қыркүйек 2019 ж.

№69 (9545)

03 қыркүйек 2019 ж.

Сұхбат

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30