» » ӨТКЕН ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

ӨТКЕН ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ


Өңірлік коммуникациялар қызметінде Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мен 2017 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы жайлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев және еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстағы департаменті басшысы Төреахмет Жолымбетов баспасөз мәслихатын өткізді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев өткен жылдың қорытындысын жасады.
– Өткен жылы басталған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын» аймақта жүзеге асыруға 4,1 млрд теңге бөлініп, бағдарламаға қатысушы ретінде 30 мыңнан астам адам қамтылды. Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік даярлауға 1515 адам жолданды. Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 3486 адам жолданып, оның 759-ы жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 631 мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмысқа орналасты. Облыс бойынша 69 мыңнан астам тұрмысы төмен азаматтарға әлеуметтік көмек төленді. «Өрлеу» пилоттық жобасы аясында 5165 адамға 150,9 млн теңге көмек төленді. Жобаны іске асыру нәтижесінде пилоттық  жобаға  қатысқан аз қамтылған  отбасылардың жан басына шаққандағы табыстары пилоттық жобаға қатысуға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 2,1 есеге өсті. Биылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібіне көштік. Аталған жаңа форматтағы «Атаулы әлеуметтік көмек» түрін көрсетуге бюджеттен 2,8 млн теңге бөлінді, – деді Т.Дүйсебаев.
2017 жылы меншік нысанына қарамастан, барлық мекемелер, ұжымдар, қоғамдық қорлар, жеке тұлғалардың демеушілігімен 19 мыңнан астам адамға 168 млн теңге қайырымдылық көмек көрсетілген. Еліміздің жоғары оқу орындарында бакалавриат және резидентура мамандықтары бойынша аз қамтылған отбасылардан шыққан 533 студент облыс әкімінің грантымен білім алуда.
Ал, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша жұмыспен қамту шараларына 23 мыңнан астам адам тартылып, оның 14 мыңға жуығы тұрақты жұмысқа орналасты. Өткен жылы солтүстік өңірлерден келген жұмыс берушілер 2 мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынған болатын. Бүгінгі күнге аймағымыздан 32 отбасы Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарына қоныс аударды. Бұл жұмыс биылғы жылы да жалғасын таппақ.
Облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаевтың хабарлауынша, өткен жылы облыста әлеуметтік-еңбек дауы деректері орын алмаған. Бұл саладағы ахуал тұрақты.
– Басқарма жалақының уақытылы төленуін ерекше бақылауда. Облыс аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындарда жалақы төлемін кешіктіру фактілері анықталған жағдайда дереу әрекет ету шаралары жүргізілуде. Қолданылған шаралар нәтижесінде 88 кәсіпорын мен мекемелерінің 1815 жұмыскер алдындағы 226,1 млн теңге жалақы қарызы төленді. Қазіргі таңда облыс бойынша үш айдан астам жалақыдан қарызы бар мекеме тіркелмеген, – деді Е.Жалғасбаев.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті басшысы Төреахмет Жолымбетов өткен жылдың қорытындысымен алғашқы мүгедектікке шығудың төмендеуі байқалғанын мәлімдеді. 2017 жылдың 12 айында ересектер арасында алғашқы мүгедектікке шығудың аурулар құрылымы өзгермеген. Бірінші орында – қан айналым жүйесі, екінші орында – қатерлі ісіктер, үшінші орында – туберкулез, төртінші орында – жарақат салдарынан шыққандар тұр. Ал, балалар арасындағы алғашқы мүгедектікке шығу көрсеткіші 721-ден 702-ге төмендеген.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».

05 ақпан 2018 ж. 401 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9541)

20 тамыз 2019 ж.

№64 (9540)

17 тамыз 2019 ж.

№63 (9539)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031